• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Бұрымдылар байқауы

304 рет
көрсетілді

Шетпе селосындағы Жастар орталығында Маңғыстау ауданы әкімдігінің «Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ ұйытқы болуымен қыз-келіншектер арасында аудандық байқау өткізілді. Шараға аудандағы барлық ауылдардан 13 қыз-келіншек қатысып, бақтарын сынады. Аталмыш байқау қызықты да тартысты өтті деуге болады. Талап та күшті болды. Әр қатысушының шашы ұзын болуы, қатысушы жасы 14-30 жас аралығында болуы керек деген шарттар қойылды. Аталмыш байқау төрт бөлімнен тұрды: «Шаш – адам көркі» шаш үлгісін жасау, «Өнерліге өріс кең» – өнерін бағалау, «Ақыл – ойдың өрісі» – зияткерлік сұрақтар,«Ұлт болам десең бесігіңді түзе» салт-дәстүрге арналған сұрақтар болды. Әділқазылар алқасының құрамында өлкеге танымал әйел азаматтар төре­лік етті. Шарада ауылдардан келген оқушы жастар мен мекеме-ұжымдардың қыз-келіншектері белсенді қатысуы ауылдағы гендерлік саясаттың қар­қын­ды түрде құлшынысы алабөтен екендігін дәлелдеді. Байқау соңында жүлделі бірінші орынды Тұшыбек ауылының Ақжан Нұрболатқызы, екінші орынды Жар­мыш ауылдық мәдениет үйі­нің әдіскері Ардақ Рзабекова, ал үшін­ші орынды Шетпе лицейінің 10-сынып оқушысы Назерке Бисен­ғалиева иеленді. Жүлдегерлерге ұйым­дастырушылар атынан бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды. «Бүгінгі байқау өте тартысты өтті. Әсіресе, салт-дәстүр мен зияткерлікке арналған сұрақтары қиындау болды. Ұлттық салт-дәстүрді өзімнің то­лық білмейтінім анық көрініп тұр­ды. Сондай-ақ, Ақшымырау, Шайыр ауылдарының қыздарының белсенділігі жоғары болды. Мені әр ауылдан келген қыздардың ұлттық нақыштағы киімдері қатты сүйсінтті», дейді аталмыш байқауға қатысушы, Шетпе гимназиясының мұғалімі Қали Әсел. Аллаберген ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы