• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Үлгілі үйден үйренейік!

174 рет
көрсетілді

Орал қаласы Дінмұхамед Қонаев атындағы шағын ауданда орналасқан осынау көп қабатты №67 үйдің өзге ғимараттардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ бұл сырттай қарағанда ғана. Ал есіктен ішке енсеңіз, тап-таза жинақылыққа, әр қа­батта қазақ тілінде жазылған ғибратты сөздерге тап боласыз. Әр қабатқа көтерілген сайын сізді «Та­залық табалдырықтан басталады», «Тазалықты сақтау – баршаның ісі!», «Әдепті бала – арлы бала», «Таза­лық – саулық негізі, Саулық – байлық негізі», «Ұлы жол үйіңнің табал­дырығынан басталады» де­ген­дей нақыл сөздер жазылған тақтайша қарсы алады. Бұл жазбаларды өз қаржысына жасап, орна­ластырған – Жаһанша Дос­мұхамедұлы атындағы Орал педагогикалық колледжінің оқыту­шы­сы Нұрлан Хамзин болып шықты. Ол тех­нология бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі. – Біздің үйіміз 2009 жылы қаңтар айында пай­далануға берілді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы ипотекаға алдық. Бұған дейін отбасымызбен әр жерде пәтер жалдап келгенбіз. Өз үйіміздің, өз баспанамыздың тазалығы, тәртібі үшін қолым­нан келіп тұрған өнерімді неге аяйын?! Бұл жазбалар көрші­лерімізге де әсер ететін сияқты. Кіре­берісіміз, бас­палдағымыз әрқа­шан тап-таза, – дейді Нұрлан Амангелдіұлы. – Осындай әдемі, таза үйде тұр­ға­ныма Құдайға шүкір айтамын. Балаларым өскенше, 25 жыл бойы жатақханада тұрдық. Енді, міне, ұл-қызым қатарға қосылып, жұмыс жасап, осы үйден пәтер алдық. Көп қабатты үйімізді өз тілімізде безендіріп, атадан қалған асыл сөзді насихаттап жүрген Нұр­лан көршіме алғыс айтамын, – дей­ді осы үйдің тұрғыны Айгүл Ораз­бекова. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ