• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2011

Қазақстанның теңіз қақпасы

904 рет
көрсетілді

Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бас директоры Берік Уандықовпен әңгіме – Берік Құсыманұлы, Ақтау теңіз порты туралы әңгімені Қазақстанның теңіз қақпасының тарихынан сыр тартатын деректерден бастасаңыз қалай болады? – Шындығында да Ақтау теңіз сауда порты еліміздегі бірден-бір іргелі кәсіпорын. Теңіз порты атала бастағанына 48 жыл болды. Алғаш­қы жылдарғы жұмыс Ресей теңіз порттарының жылжымалы құрал-жабдықтарын пайдалану ар­қы­лы жүзеге асыпты. Ол Маңғыстау жарты аралы­ның мол қазынасын игеру басталған 70-ші жылдарға тұспа-тұс келеді. Заман талабына сай Каспий маңы аймағындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың  қарқын алуына орай теңіз айлағының қуатын өсіру қажет болды. Соған байланысты жарты ғасырға жуық уақыт біздің ұжым үшін өсу, өркендеу жыл­дарына айналды. Бұл үрдіс еліміз тәуелсіздік алған 1991  жылдан соң ерекше қарқын алды. Бұл ретте Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың қамқорлығы мен көмегі тікелей тапсырмалары арқылы портымыздың мән-маңызы бірнеше мәрте өсе түсті. Елбасы Маңғыс­тауға келген жұмыс сапарының бәрінде де теңіз портына арнайы келіпті. 2002 жылы Елбасы Ақтауда, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікс­тан президенттерінің бейресми кездесуі кезінде уақыт тауып порттың жұмысымен таны­сып, одан кейін аталмыш елдер тарапынан біраз игі істер жалғасын тапты. – Тоғыз жолдың торабындағы Ақтау теңіз сауда портының  жалпы халықаралық жүк тасымалындағы орны қандай? – Ақтау халықаралық теңіз сауда порты – Кас­пий теңізінің шығыс жағасындағы халықаралық жүк тасымалы жүйесінде аса маңызды орын ала­тын республикалық мемлекеттік кәсіпорын. Ол  Азия мен Еуропаның көптеген елдерінің су мен құрлық және әуе жолдарының тоғысар тұсында орналасқан теңіз қақпасы. Ақтау теңіз портынан жүк тиелген кемелер Каспий теңізі арқылы Астраханьға, Бакуге, Түркіменстанға, Иран Ислам Республикасының солтүстік теңіз айлақта­рына жеткізіледі. Сол жақтардан келген жүктер автомобиль және темір жолдар арқылы Сібірге, Таяу Шығыс елдеріне жол тартады. Ақтаудан жүк тиелген кемелер Астраханьнан Еділ-Дон каналы арқылы Қара теңізге, одан әрі Жерорта теңізіне, мұхиттарға шыға алады. Бұл бүгінгі күнгі жұмысымыздың ауқымы. Ал республикамыздағы қолға алынып жатқан темір жол құрылыстары аяқталғанда жұмысымыз ұлғая түсетіндігі  белгілі. – Елбасы қолдауымен өмірге келген «Жер-Теңіз-Аспан» ұзақ мерзімді мегажобасының құрамына кіретін «Ақтау теңіз сауда порты» еркін экономикалық аймағындағы нысандар құрылысы қалай жүруде? – Аталмыш  еркін экономикалық аймақ Елба­сы Жарлығына орай 2003 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істейді. Аймақ аумағы 227,1 га жерге орналасқан. Сол жерде жоғары технологиялы экспортқа бейімделген өндірістерді дамыту, өнімнің жаңа түрлерін шығару жүзеге аспақ­шы. Сол кезде облыстың бірқатар әлеуметтік түйінді мәселелері оң шешілмекші. Яғни, басты міндет еліміздің сыртқы сауда айналымын ұлғайту болып отыр. – Өткен жылы республика Үкіметі Ақтау теңіз сауда портын солтүстік бағытқа кеңейту жолымен «Кәсіпорынның өндірістік қуатын ұлғайту туралы» шешім қабылдады. Сол жобаны жүзеге асыру барысы қалай? – Иә, бұл үлкен жобаның кәсіпорнымызды биік белестерге көтере түсетіндігі белгілі. Осыған дейін де кәсіпорын өз қаражатымен кемелерді теңіз толқындарынан қорғау ғимараты мен жүк терминалдарын салды. Үкімет шешіміне орай теңіз түбін тереңдету, құрғақ жүк терминалдары мен бір астық  терминалын салу концессиялық негізде қолға алынуда. Жобадағы Каспий теңізін­дегі ірі гидротехникалық құрылыс саналатын «Толқын тойтарғыш» нысаны осы жылдың шілде айына дейін салынып бітеді. Жалпы, жобаны «Қазақстан Даму банкі» акционерлік қоғамы қаржыландырғалы отыр. – Ақтау халықаралық теңіз сауда портында жоғарыда айтылған құрылыс жұмыстарымен қатар жүк тасымалдау көлемінің де өсе түскендігін естіп жатырмыз. Сөз соңында ұжымыңыздың қол жеткізген табыстарына тоқталып өтсеңіз? – Өткен жыл біздер үшін жемісті болды. 2001 жылы іске қосылған темір жол паромы арқылы жүк тасымалдауда бұрын-соңды болмаған жоғары жетістікке жеттік. Бір жылда пароммен 607 мың тонна жүк тасымалдап, жоспар үш есе артық орындалды. Ал жүк тасымалдау көрсеткіші жөнінен портымыз Каспий бассейні бойынша бірінші орынға шықты. Жалпы, өткен жылы 12 млн. тоннаға жуық жүк тасымалданды. Мерекелі жылы да биік табыстарға жетуге ниеттіміз. Ол үшін Ресей мен Қытайдан жүк транзитін одан әрі дамыта түсуге бағытталған жұмыстарды қолға алудамыз. Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ. Ақтау.