Мәдениет министрлігі 2009 жылы «Үздік драмалық шығармаларға» бәйге жариялап, онда оза шауып жүлде алған Д.Исабековтің «Шың басындағы шындық» атты екі актілі драмасын көптен бері күтіп жүрген болатынбыз. Қазақ кеңес әдебиетінің классигі С.Мұқановтың кезінде қалың оқырманға кеңінен танымал болған «Балуан Шолақ» повесі негізінде жазылған бұл пьесаны енді, міне, М.Әуезов атындағы театр өз сахнасына қойып отыр.
Оқиғасы тартымды көркем тілмен жазылған көлемді прозалық шығарманы сахна заңдылықтарына сай өңдеп, екі жарым сағаттық ықшам пьесаға айналдыру драматургтен жоғары шеберлікті талап етері белгілі десек, жаңа сахналық туынды мен түпнұсқа арасындағы айырмашылықтар мен алшақтықтар да спектакльді көргеннен кейін айқындала түседі.
«Нұрмағамбет Баймырзаұлы, менің атым,
Бар елге мағлұм болған асыл затым»
Немесе:
«Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ,
Оң қолым отқа күйіп болдым молақ», деп өзі әнге қосқан, тарихи тұлғаның келбетін сахнадан көрумен бірге, жүлде алған шығарманың сахналық нұсқасы қай деңгейде шыққанына назар аудару болатын.
Драматург пьеса желісіне С.Мұқанов повесінің шұрайлы беттері «Балуан Шолақ», «Адам барымтасы», «Көкшенің кеудесінде», «Сынасу» секілді т.б. тарауларды таңдап алған екен. Оқиға да Қызылжар жәрмеңкесіне келген барша жұрттың ауыздарының суы құрып айтатын түйе балуан Қордабайдың жауырынын жер иіскеткен жас бағлан Нұрмағамбеттің жұлдызды шағы, өзі аттас паң Нұрмағамбеттен бата алуы, озбыр Долгоносовтың қызы Татьянаны алып қашып барып, шың басында өткізген үш күндік ғұмыры суреттеледі.
Пьесадағы оқиға желісін сахна заңдылығына ыңғайлап ширата түскен драматург өз тарапынан сахнаға толықтырулар енгізген. Жарияланған бәйге тақырыбына («Тәуелсіздік толғауы») сай, халқымыздың асқақ арман-тілектері, еркіндік сүйгіш дала перзентінің ерлігі сахналық шығармада бір арнаға түсіріліп, күрескер, һәм көзі ашық, көкірегі ояу тұлға етіп көрсетілген. Пьесадағы оқиға Балуан мен ол іңкәр болған әйелдер (жары Балқаш, ғашығы Ғалия, тұтқын қыз Татьяна), Балуанның азаттық үшін күрес жолы (жер үшін, халқының тыныштығы, ар-намыс тазалығы) секілді бірнеше желілер бойынша өріліп, жиынтықтала келіп, сахнаға арналған шығарманың негізгі бағыты мен ой-идеясын айқындаған.
Спектакльді сахналаған – театрдың бас режиссері және көркемдік жетекшісі Е.Обаев. Қызу оқиға желісіне құрылған шығарманы сахналау барысында режиссер автордың негізгі ой-идеясын ашуға, басты кейіпкер өмірінің жауапты бір кезеңін, халқының болашағын өз тағдырымен тығыз байланыстырған кездегі жауапты сәтін ашып беруге күш салған. Сахна алаңын ұйымдастыруда режиссердің қоюшы-суретші Е.Тұяқовпен бірлесіп, жемісті жұмыс істегені байқалады. Ортадағы айналмалы дөңгелектің орнымен іске қосылуы соның бір жарқын айғағы іспетті. Оқиға өтетін Қызылжар жәрмеңкесін, ояз үйінің ішкі және сыртқы жасауы, шың басындағы алаңқай мен табиғаттың көрікті келбетін суретші нанымды бере білген. Кейіпкерлердің киім үлгісінде ХІХ ғасыр аяғындағы Қазақстандағы қазақ, орыс, татар, т.б. секілді ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан қоғамның этнографиялық келбетін ашатын ізденіс іздері аңғарылады. Осы ортадан паң Нұрмағанбет, цирк директоры, ояздар мен олардың әйелдері, қарапайым халықтың әлеуметтік қай топқа жататын белгілері анық көрініс берген. Жазушы С.Мұқановтың сипаттамасы бойынша тігілген киім үлгісі Балуан Шолақтың сырт келбетіне жарасып-ақ тұр. Бірақ, екінші бөлімде Балуанның ояз үйіне келгендегі киген киімі мұндай әсер бере қоймайды.
Режиссер жекелеген сахналық суреттер арасындағы оқиға өтетін орындардың алмасуын оңды үйлестіріп, драматугиялық әрекет арасын үзбей жалғастырып бере алған. Бірінші суреттегі жәрмеңке өтетін алаңқайдағы сахналық жалпы көңіл-күйдің кілті, Балуанның әйелі Балқаш пен бір көргеннен ғашық болған Ғалиясымен ара-қатынасын, үшінші суретте ояз бастығы Долгоносовтың үйіндегі, жоғары мәртебелі қонақтар арасындағы әңгіме-дүкен, демалыс сәттерін, Татьянаны алып қашу мен шың төбесіне шығып кеткен кездерін орнықты түрде байланыстырған.
Пьесада шұбалаңқы тұстар да баршылық еді. Мұндай жерлерді режиссер сахнада мизансценалық құрылымдармен орынды ауыстыра білген. Ал режиссерлік тұрғыда толық иі қанбаған тұстар қайталауларға немесе сахналық мағынасыздыққа алып келген. Спектакль басында жаршының Нұрмағамбет Баймырзаұлы жеңіске жетті деп хабарлап болғаннан кейін паң Нұрмағамбеттің қайталап сұрап жатуы ма деп қаласың. Режиссер пьесаның кейбір тұстарын қысқартып, кей тұстарына бүгінгі күннің заманауи үнін берерлік (конъюктура) қосымшалар енгізген. Бұл қысқартулар кей тұста сахналық әрекетке ширақтық әкелсе, кей тұста «буынсыз жерге пышақ ұрғандай» сахналық оқиғаның жүйелі дамуына кедергі келтірген. Ол шығармада да, пьесада да басынан аяғына дейін айтылатын Татьяна атының «Тәнейжан» болып өзгертілуіне байланысты диалогтардың спектакльде болмауы. Осыдан келіп көрермен қойылымның басындағы Татьянаның атын екінші актіде Балуанның «Тәнейжан» деп еркелете атауының себебін түсінбей қалады. Пьесаға мұндай қысқартулар жасаған режиссер сол кесілген жерлердін қиюын келістіріп жіберіп отыруға тиіс. Немесе бірінші актінің аяғында қашқындар тауда жүргенде Ақылбай атып түсірген қырғауылдың етін отқа қақтап жейтін жері бар. Міне, осы көріністен кейін Татьяна Балуанға «...Мен сені Мерген деп атағым келеді. Кеше төбемізден ұшып бара жатқан қырғауылды қарамай-ақ атып түсірдің ғой», дейді де спектакльдің соңына дейін бас қаһарманды Мерген деп атайды. Спектакльдің бірінші бөлімінің аяғында Балуанның емес, Ақылбайдың мергендігін сахнадан анық бақылаған көрермен Татьянаның бұл сөзінің жалғандығына мүлдем сенімсіздікпен қарап, жан-тәнімен қарсылық білдіреді. Мұндай автор мәтініне батыл редакциялық қысқарту-қайшылаулар сахнадағы қойылым режиссурасынан тыңғылықты жұмыс жасауды, әрбір фактіні салмақтап, саралап барып көрерменге ұсынуды талап етеді.
Спектакльді музыкамен көркемдеудегі кәсіби біліктілік қойылымның сәтті шығуын қамтамасыз ететін себептің бірі. Бұл міндетті орындауға жас талантты композитор Е.Елгезеков тартылған. Сазгер қойылымның музыкалық партитурасында жоғары бюджетті Голливуд кинофильмдерінің саунд тректеріне тән ауқымды дыбыстардан тұратын музыканы молынан қолдана отырып, спектакльдің үнін барынша қатты шығаруға тырысқандығын көрдік. Оқиғаның дыбыстық сүйемелдеулері сәтті десек те, театр залы дыбыстық долби құрылғылар жүйесі бар кино залы емес қой...
Ояз үйіне барғанда домбырасын апарып ән салмай-ақ қойсын, бірақ таудағы өтетін сахналарда Балуанның шынайы шығармашылық келбетін көрсетуге әбден болар еді деген ойдамыз. Б.Ерзакович, З.Қоспақов секілді музыка зерттеушілері Кененнен, т.б. жазып алып атын атап, түсін түстеп кеткен Балуан Шолақтың 25 төл әні бар. Өмірін сыршыл әнімен әрлеген жанның туындылары жайына қалып, Балуан Шолаққа арналған спектакльде Біржан мен Ақанның әндері жиі қолданылуын түсіне алмадық. Спектакль басында Біржан салдың «Айтбай» әні шынтуайтына келгенде, мәтіндік мазмұны жағынан жәрмеңкені ашып-жабатындай немесе ояздың үйіне барып рояльге қосылып айтатындай нендей сыры бар? Композитор М.Төлебаев кезінде бұл әнді өзінің «Біржан-Сара» операсында Қоянды жәрмеңкесінде Біржанның өзін сахнаға шыққандағы таныстыру ариясы ретінде қолданған болатын. Режиссер бұл спектакльде де Балуанды аталмыш операдағы әнді (арияны), сол операдағы мәтінімен дайын күйінде шығара салған. Калай болғанда да біз Балуанды талантты композитор әрі тамаша дауысы бар әнші ретінде көргіміз келгені анық.
Спектакльдегі басты кейіпкер – Балуан орындаған әндердің басым бөлігі фонограммаға жазылған әндер. Тау бөктерінде кең тыныспен жаңғырып ән айту шынында да көңіл сарайын айқара ашатын тамаша сәт емес пе?! Театрда «сен тұр, мен атайын» дейтіндей тамаша актерлер құрамы бола тұрып, олардың қолынан ән айту өнері келетініне ешқандай күмән жоқ кезде режиссердің мұндай шешімге баруын, әрине, біз түсіне алмадық.
Спектакльдің есте қалар тұсының біріне Балуан Шолақтың ояздың үйіне барған көрінісін жатқызамыз. Режиссердің бұл көріністе де біздің ойымызша «өте батыл» шешімге баруы көңілге онша қона бермейді. Айтайын дегеніміз, тарихи шындықтың көркемдік шындықпен аражігіндегі Балуанның шынайы келбетіне басы артық дүниені жапсыра берудің де реті жоқ секілді. Біріншіден, өздерін асқан мәдениетті, ал қазақтарды жабайы санап отырған ояздар үстіне смокинг киіп, олардың өздерін оқытарлықтай сауатты, мәдениетті, жоғары білімді, еуропаша музыкалық сауаты бар, ешбір міні жоқ Балуан Шолақтың келгені баршаға ерекше әсер етті. Біз Балуан Шолақпен емес, С.Мұқановтың «Аққан жұлдызынан» университетті алтын медальмен тәмамдап келген құдды Шоқан Уәлихановтың өзімен жүздескендей боламыз. Иә, сахнада бар бітім-болмысы, іс-әрекеті Шоқан дерсің. Режиссер «әңгімемді бастаған екенмін, аяғына дейін жеткізейін» деген сияқты. Осы сахнада Балуан қақпағы ашық тұрған рояльге келіп отыра қалып, құдды опера әншілері секілді күшті баритон дауысымен (фонограмма) өзін-өзі сүйемелдеп әндете жөнелгенде таңданысымызда тағы да шек болмады.
Ал пьесадағы Балуанның бейнесі, оның оязбен арадағы әңгімесінен Балуан Шолақтың қарапайымдылығын, әлі де болса үлкен саясаттың ойыншысы болмаған сәтіндегі сөз саптауларын көреміз. Ашу-ызамен ашына айтқан әрбір сөзінен халқына, еліне көмектессем деген шынайы ниетін көреміз. Режиссер бұл сахналарда Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсың...» деп Баймағамбет сұлтанға айтқанындай, Балуанға да шындықты ояздың бетіне ашу-ызамен осқылап тұрып айтқызады. Балуанның пьесадағы: «...Мына бір ойма таз кім өзі, сөзді қайта-қайта бөле береді ғой» немесе (Долгоносовқа) «Қайтамын десе жібере салыңызшы, сізбен оңаша сөйлесіп алайын», болмаса «...Ә-ә, солай ма? Ақмола уезінің оязы ма? Онда кешіріңіз! Құда қаласа, ауылыңызға қонақ болып барып қалармыз», деген сөздерінен біз аңғалдығы басым, «батыр аңқау, ер көдек» тұлғаның іс-әрекетін анық көреміз. Ал қойылымда Балуан бұл сахнада ояз үйінің алдына мың сан қолымен өзі бас болып келіп, әскерін иіріп қойып, жауын жерге тығып жіберердей батырып тұрып батыл сөйлейтін қолбасы болып көрінеді. Бас кейіпкердің бейнесін идеализациялау, болмаған ерліктерін қоса көрсету бар екендігін мойындауымыз керек. Спектакль жас ұрпақ санасына зор мақтаныш сезімін оятумен бірге, тарихи тұлғаның келбетін танып-білуде, өзге де пікір қалыптастыруы мүмкін екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Балуан Шолақ рөліне Е.Біләлов, Б.Айтжанов және Е.Дайыров тағайындалған екен. Алғашқы екі кеште осы кезекпен өнер көрсеткен орындаушылар құрамында Е.Біләловтің Балуаны өзіндік қырларымен ерекшеленіп көріне алды. Актердің орындаушылық шеберлігіне сахнада алынбас қамал жоқтай. Ол «атаңның емес, адамның баласы бол» деген қағидатты ұстанған, елі мен жерінің шынайы жанашыры, күрескер, махаббат үшін жанын пида ететін дала ұлының толымды бейнесін сомдады. Халқының «нағыз қазақ жігіті осындай!» деп мақтана аларлықтай сегіз қырлы ұлының келбеті Татьянамен өтетін таудағы сахналарда әр қырынан көрінді. Ол қуана да, мұңая да біледі және осы көңіл-күй сезіміне психологиялық тұрғыда тез ауысады. Актердің Балуанын Ғалияға деген асыл да асқақ сезімін жоғары ұстап өткен жан ретінде таныдық. Рас, Балуанның батырлық, күрескерлік келбетін көрсетер, тіпті кейбір өзді-өзді болып оңаша қалатын сахналарында да орындаушының дауысы ылғи қатты динамикалық күшпен естілуі адамды жалықтырып жіберетіндей. Бұл кемшілік спектакльдегі басқа актерлердің де сөйлеу мәнеріне тән. Сондықтан, табиғатында жәй, өте жәй, тіпті сыбырлап сөйлеу де актердің сахнадағы бейнелеу құралының өте маңызды компоненттері екендігін естен шығармаған жөн. Осы рөлді екінші кеште сомдаған Б.Айтжанов бойынан да даланың білекті де жүректі нар жігітіне тән батырлық, биіктік, сөзіне берік мәрттікті көре алдық. Салмақтылықпен, сабырлы да қызуқандылықпен орындалар бейнеден елінің амандығын, шаңырағының бақытын армандаған ел еркесін көрдік. Актердің сырт келбеті, дауыс диапазонының мол мүмкіндігі бар, әлі де болса толық ашылатын қырлары көп екендігіне сендік. Дегенмен, біз тамашалаған актерлердің орындаушылық мүмкіндіктерін әлі де толық пайдалануға болар еді деген ойдамыз.
Татьянаның рөлін екі кеште де орындаған жас актриса С.Бакаева сахнада пәк сезімді, мейірімді жанның бейнесін жасады. Жас актриса өзі құралпы жас қыздың әке-шешелері «жабайы» деп таныған Балуанмен әр түрлі ситуациялар арқылы тіл табысып, қимас досқа айналуын нанымды бере білді.
Ақ патшаның қазақ жеріндегі көзі мен құлағы болған ояздар: Долгоносовты – актерлер А.Боранбай мен А.Сұрапбаев, Троицкийді Д.Ақмолда сомдады.
А.Боранбайдың орындауында Көкшетау оязы еңселі, тік мінезіне қоса оқиғаға ойлана қарайтын, бір саусағын ішіне бүккен, өз есебі бар жан болып шыққан. Алайда актердің тенор дауысы мен ойын жаңылтпаштай тез айтуы көрерменнің қабылдауына кедергі келтірді. Сырт келбеті келісті, дауысының да салмағы бар актер А.Сұрапбаевтың осы рөлдегі Долгоносовы да нанымды орындалған.
Актер Д.Ақмолданың ояз Троицкийі әрбір қадамын аңдап басатын, өте әккі саясаткер және қазақ халқына отаршыл пиғылмен қарайтын жан болып шыққан. Бас көтерер тұлға көрінсе, бірден бас салып көзін құртуға бейім, итжеккенге айдауды кеңінен қолданатын қатал, сонымен бірге өзінің дәрежесінің өсуін қадағалайтын карьерист жан.
Орыс халқының өкілдері негізінен өктем, бұйыра сөйлеп қалған жандар. Қазақ атына айтылатын намысқа тиер сөздер олардың аузынан шығып жатқанымен, оған қарсы берілетін Балуан Шолақ тарапынан жауаптың өз деңгейінде болуы көрермендердің ризашылығын туғызса, сол ортадан да Татьяна, Михаил секілді Балуанның жақтастары мен жанашырларының табылуы халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымаққа жетелер ойларымен есте қалады.
Елизаветаны Д.Жүсіп пен Екатеринаны Н.Қарабалина ойнады. Екі түрлі қарама-қайшы мінез-құлықтарымен сахнадан көрінген бұл бейнелер арқылы біз көрікті, заманына сай әрекет еткен, қазақ даласындағы күйеулері ұстанған саясаттың желісін өзіндік ерекшеліктерімен толықтыра түскен отаршыл елдің өкілдерін көрдік.
Н.Қарабалина ойнаған Екатерина өз күйеуінің дәрежесін, салмағын жақсы сезінген, оның жасаған қадамдарына сын көзбен қарайтын, жөні келгенде ақыл қосып отыратын, қажет болса мемлекеттік істерге де араласып кететін, күйеуіне сөзі өтетін әйелдердің бірі ретінде көрінген. Яғни, актриса ақ патшаның декабристерге, олардың туған-туыстары мен балаларына жасаған қуғын-сүргінінен тәлім алып өскен, көп тыңдап, аз сөйлейтін, тереңнен ойлап, салмақпен байыптайтын ақылдылығымен бірге жүйелі есепке жүгінген жанды сомдайды.
Қойылымда Балуанның серігі Ақылбайды (А.Сейтметов), Балхашты – (К.Шаяхметова), ояз шабарманы Сүтемгенді (Т.Сағынтаев), паң Нұрмағамбетті (А.Бектемір), Михаилді (Қ.Мамытқалиев), цирк директоры, т.б. рөлдерді орындаушылар құрамы сахнада өзіндік ерекшеліктерімен дараланып көріне алды.
Сөз соңында айтарымыз, бұл қызықты шығарма республикадағы басқа да режиссерлер трактовкаларында сан қырынан әлі де талай рет сахнаға қойылары анық. Оған шығармамен танысу барысында анық көзіміз жетті. Өйткені, Тәуелсіздіктің жиырма жылдығымен үндесетін бұл қойылымның тақырыбы, айтпақ ой-идеясы кезінде ұлт тағдырына, ел мен жеріне байланысты айта алмай тұншыққан небір қымбат ойларымызды еркін жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл қойылым сол бір кезеңде кеткен есемізді қайтаруға, әлі де болса белгісіз себептермен толық ашыла қоймаған өткен тарихымыз бен өр кеуделі тұлғаларымыз келбетін танудағы кезекті қадамның бірі. Бүгінгі заман жастарының санасын бір серпілтіп өтетін, осынау жаңа қойылым көрерменнің көзайымына айналатынына сенгіміз келеді.
Амангелді МҰҚАН, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты.