• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2011

Ізашар басылымдарға деген ілтипат

679 рет
көрсетілді

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Айқап» журналы мен «Қазақ­стан» газетінің 100 жылдығына орай үлкен мәдени шара болып өтті. Оны осындағы журналистика және саясаттану факультетінің баспасөз бен баспа ісі кафедрасы ұйымдастырды. Ғылыми-теория­лық бұл конференция «Мерзімді баспасөз эволюциясы: адамзат­тық құндылықтар мен елдік мүдде мәселелері» деп аталады. «Айқап» – қазақ баспасөзі тарихындағы жалпыұлттық тұңғыш басылым. Сол кезеңде үкімет кө­мегінсіз жарық көріп, менеджмент пен маркетингті дамытқан алғашқы журнал. Ол отарлық елге ой салып, ұйықтап жатқан халықты оята білуімен де ерекше сипатқа ие. Оның «Айқап» деп аталу себебі де бекер емес. Бұл ХХ ғасырдың басындағы қалың қазақтың талай нәрседен қапы қалып, сан соғып, «Әй, қап» деп өкінген өмірін өз атымен бейнелеген басылым. Осы және басқа мәселелерге кешегі конференцияда айқын көз жеткізгендей болдық. Мәселен, факультеттегі баспасөз және баспа ісі кафедрасының мең­ге­рушісі, алаш­та­нушы ғалым Қай­рат Сақ: «Журнал басшылығы ұлт баспасөзі та­ри­хында тұңғыш рет қазақ қыздарын тілшілік қызметке тартқан. Басы­лымдағы тырнақалды туындылары жарық көрген Са­қып­жамал Ті­леу­байқызы, Мәриям Сейдалинова, Күләйім Өтегенқызы – қазақ қыз­дары арасынан шыққан алғашқы журналистер», – деген жақ­сы деректі айтып өтті. Жарық көріп тұр­ған бес жыл ішінде оның 88 нөмірі шығып, журнал ре­дак­торы, алаш азаматы Мұхамеджан Сералин ба­с­таған бір топ қоғам қайраткерлері сол кезеңнің мәсе­лелерін сыни ма­қа­лалары арқылы түзетуге тырысқан. «Қазақстан» газетіне келер бол­сақ, ол 1911 жылдың 6 наурызынан бастап шыққан болатын. Алғашқы нөмірі Ордада, кейін Оралда жа­рық көрген. Көлемі шағын, алты беттік газеттің 5 саны 1911 жылы шы­ғып­ты. Газеттің редакторы Елеу­сін Бұй­­рин еді. Газеттің ұста­ны­мы – қазақтар кәсіп қылып, ғылым үй­ренсін деген ойды айту болатын. Осы мақсатта ол талай қандас­та­ры­мыздың көзін ашып, сол ке­зеңдегі қоғамға жақсы жағынан әсер ете білді. Алайда, газетің ғұ­мыры не­бәрі 14-15 нөмірімен ғана шектелді. «Айқап» журналы мен «Қазақ­стан» газетіне көптеген алаш аза­маттары қалам тартты. Атап айт­қан­да, Мұхамеджан Сералин, Мір­жақып Дулатов, Әлихан Бөкей­ха­нов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Дос­мұхамедұлы, Халел Ғаббасов, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Қош­ке Кемеңгеров, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкә­рім Құдайбердіұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Дө­нентаев, Спандияр Көбеев сынды ағаларымыз ой айтып, пікір өрбітті. Елді жақсылыққа үндеп, бой­күйез­діктен арылуға шақырды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтіп отырған «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің 100 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференцияның басты мақсаты – халқымыздың осы тұң­ғыш басылымдарын қалың бұқара арасында насихаттап, ел үмітін ақ­таған газет-журналды бүгінгі қоғам өкілдеріне таныстыру. Жиын бары­сында университет ректоры Бақыт­жан Әбдірайымның құттықтау сө­зін аталмыш бастамаға сәттілік тілеп, проректор Дихан Қамза­бекұлы жеткізді. Конференция жұмысына факультет деканы, профессор На­ма­залы Омашев, «Егемен Қазақ­стан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, Мемлекет тарихы институты директорының орын­ба­сары Хангелді Әбжанов, «Отырар» кітапханасы ғылыми-зерттеу орта­лы­ғының директоры Тұрсын Жұрт­бай, «Астана» журналы» ЖШС ди­ректоры Мақсат Тәж-Мұрат сынды ғалымдар мен тарихшы профессорлар қатысты. Пікір алысу бары­сын­да мерзімді баспасөздің қалып­та­суы мен даму бағыттарының зерттелуі, БАҚ-тағы адамзаттық құн­дылықтар және елдік мүдде мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де кеңінен сөз болды. Жұлдыз БАЙДІЛДА.