• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2011

Биотехнология – болашақтың ғылымы

69212 рет
көрсетілді

Соңғы 10 жыл ішінде еліміз экономиканы индустрияландыруды ғана емес, ақыл-ойға жүгінетін инновациялық дамуды да қолға алды. Содан бері көп­теген жұмыстар атқарылып, алғашқы нәтижелер көп күттірмей қолға да тие бастады. Ал олар қандай түрде, қайда, қалай жүзеге асып жатыр деген сұраққа келсек, ойға оралатындардың бірі – Ұлттық биотехнологиялар орта­лығы. Oрталықты айт­қан сөздері шет елдердің ғылыми баспасөзінде жиі қолданылатын, еліміздің ғана емес, әлемнің ғылым сахнасында беделі мен білімі жоғары биолог ғалым Ерлан РАМАНҚҰЛОВ басқарады. Біз орталықтың тыныс-тіршілігін білу мақсатымен ғалымды әңгімеге тарттық. – Ерлан Мірхайдарұлы, сіз бас­қаратын осы орталыққа оқыр­ман­дар тара­пынан қызығушылық жо­ғары. Оқырманға ба­рын­ша қа­зақ­ы жалпақ тілмен “биотехнология” терминінің мағынасын түсіндіріп берсеңіз. – Бұл терминді шартты түрде, ба­рынша қысқартылған түсінікпен ал­сақ, онда биотехнология кез келген өнім­ді жасап шығаруда немесе кез кел­ген технологиялық өндірісте сапа­лы әрі таза өнім алу үшін тірі ағзаны қолдану үдерісі дегенді білдіреді. Мы­салы, оған күнделікті тәжірибе­міз­де бұрыннан бар үдерістерге сүттің ашуын, қышқыл сүтті өнімдердің алы­нуын, яғни айран, шұбат, қымыздың алынуын жатқызуға болады. Немесе ірімшік, шарап, сыраны дайындау барысы. Бұл үдерістерді адамзат бағзы заманнан қолданып келе жатқаны аян. Міне, бұл ең қарапайым биотехнология. Адамдар осыған дейін бұл үде­рістердің принципін түсінбестен қол­данып келген. Шарап және сыра өн­дірісінде қантты ашыту барысында спирт­ке, сүтті қышқыл өнімдерге ай­нал­дыратын бактериялар бар екендігінен бейхабар болған. Қазіргі таңда биотехнология мағынасы, әрине, оларға қарағанда әлдеқайда күрделірек. Жо­ға­рыда келтіріп өткен мысалдардан бөлек те түрліше бағыттарда дамыған. Әрі олар өміріміздің сан-алуан ба­ғыттарында көрініс табуда. Заманауи әлем мен дамыған экономикада бұл ұғым таза экологияның, өнімді өнді­руде табиғатты, соңғы өнімді түрлі химиялық заттармен ластамайтын жол­дармен алу әдістері, ауыл ша­руа­шылығы және түрлі өндірістік үде­ріс­те өнімді алу барысында оған химия­ны емес, табиғатта кездесетін табиғи өнімдерді қолданудың синонимі десек те болады. Биотехнология – болашақ­тың технологиясы. Оған жарқын мы­сал ретінде қалпына келтірілетін энер­гияны жатқызуға болады. Қазіргі күні жер-жаһан 95-ші бензинді қолдануға көшті. Аталмыш бензиннің 10%-ын мұнайдан алынбайтын биоэтанол құ­рай­ды. Ол ауаны ластайтын зиянды зат­тардан барынша таза әрі мұнай өнім­деріне тәуелділікті азайтады. Био­э­та­нол дегеніміз, жалпақ тілмен айт­қан­да, өсімдік тектес шикізаттан алы­на­тын спирт. Өкінішке орай, бүгінгі таң­да осынау спирттің басым көп­шілігін құрамында қанты (мысалы, қызылша) және крахмалы жоғары өнім­дер мен бидайдан алады. Бірақ қазір әлем ғалымдары бұдан бас тартуда. Өйткені тағамды отынға, жанар-жағармайға қол­дану дұрыс емес. Сондық­тан тез арада биоэтанолды құрамында цел­люлозасы көп өнім­дер­ден алуға ауысуда. Мысалы, оған әдетте қажетке жарамайтын, лақтыры­латын сабан, ағаштардың діңі секілді материалдар жатады. Егіс далаларын­да бос жата­тын әрі өнімнің өнімділігін азайтатын сабанды немесе тағамға пайдаланыл­майтын, күтімді қажет етпейтін өсім­дік тектестерді, шөптерді Қазақстан­ның ұлан-байтақ даласында есепсіз көлемде өсіруге болады. Бола­шақта оларды жинап алып, бұлардан алы­натын целлюлоза арқылы еліміздің жанар-жағармайға деген қажеттілігін толық жабуға болады деп ойлаймын. Таяу болашақта осылай болады да. Сондай-ақ биотехнология үдерістері діңгекті жасу­ша­лар жасап шығару үшін, ауыл ша­руа­шы­лығында мал басының өнімді­лігін көбейту үшін қолданылады. – Соңғы кезде жиі айтылып жүр­ген діңгекті жасушалар туралы кеңі­рек тоқталып өтсеңіз... – Еліміздің медицина саласында діңгекті жасушалардың қолданысқа енуі соңғы жылдардағы ең үлкен жетістік болып отыр. Ұлттық биотехнологиялар ор­талы­ғының ғалымдары медицина сала­сында қолдануға діңгекті жасушалар алу әдісін ойлап тапты. Тұңғыш рет күйіктер мен жараларды емдеу үшін адам терісінен алынған жа­сушалардың жаңа түрлерін әзірледі. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының талаптарына сәйкес қауіп­сіз екендігіне тексеруден өткізілді, сондай-ақ Ұлттық ғылыми медицина орталы­ғында клиникаға дейінгі сынақ­тардан өтті. Әзірлеп шығарылған әдіс негізінде зақымдалған тері қабатын қалпына келтіруге арналған жасуша трансплан­тат­тары алынады. Жақында тұңғыш рет Республикалық жедел медици­налық жәр­дем ғылыми орталығында жасанды теріні қолдануды жүзеге асырдық. Бұрын аса ауыр күйіктен адам өліп кетуі мүмкін болатын. Ал қазір теріні жамаймыз, соның нәтижесінде жараның жазылып кетуі екі есеге жылдамдайды. Бұл өте үлкен жетістік, жоғары ғылым. ҰБО мұны істей алатын тұңғыш әрі жалғыз орталық. Осы жобаны Елбасыға көрсеткенімізде, ме­нің қолымды қысып тұрып: “Біз сіздерден нәтиже күтеміз”, деді. Яғни өзек­тілік бар жерде қолдау бар. Қар­таюға қарсы күрес, биотехнология, өмір сапасы – біздің келешектегі іс-қи­мылымыз осыларға тікелей байла­ныс­ты. Орталықта алғаш рет гепатиттің В және С вирусы секілді қауіпті ви­рус­тардың бірқатарын аурудың алғаш­қы күндерінде-ақ анықтауға мүмкіндік беретін отандық тест-жүйелер әзірлеп шығарылды, бұл әсіресе мүшелерді ауыс­тырып салу мен қан ауыстырып құйған кездерде, сондай-ақ жүрек ауру­лары кезінде тромболикалық дәрілердің мөлшерін есептеу үшін аса маңызды. – Ауыл шаруашылығында қолда­нылатын биотехнология туралы не айтар едіңіз? – Қолдан ұрықтандыру, арнайы жемдеу арқылы малдың тез қоң жинауы биотехнологияға байланысты. Яғни ол ауыл шаруашылығында кең қолданыста. Бүкіл әлем өнімділік пен сапаны арт­тыру мақсатында паразиттер мен түрлі зиянды құрт-құмырсқалармен күресті химиялық әдістермен емес, табиғи әдіс­термен жүргізуге бетбұрыс жасауда. Қазір таза биологиялық асқа жүгіне­тіндер саны артып келе жатыр. Бүкіл әлем соған бағыт ұстануда. Қазақстан да бұдан тыс қала алмайды. Ал орга­никалық таза өнім қалай жасалады? Кез келген кәсіпорын иесі менің өнімім ор­ганикалық таза деп сенімді айтуы үшін қандай кезеңдерден өтуі керек? Осы сөзді айтпас бұрын ол кемінде үш жыл бойы өз жерінде құрт-құмырсқалар мен түрлі паразиттерге қарсы пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштарды қол­дан­бауы тиіс. Алайда ол бұл жерді өң­деу үшін бірдеңе қолдануы керек қой? Ал ол бұл арада өнімге зиян әкелетін паразиттермен күресте биологиялық құрал­дар мен тыңайтқыш­тарды қолданады. Биология­лық тыңайт­қыш­тар арнайы био­логиялық зауыт­тарда жасалады. Ауыл шаруа­шылы­­ғындағы биотехнология дегеніңіз, міне, осы. – Сонда қалай болғаны? Сапасы мен санын арттыруда қолданылатын химиялық тыңайтқыштардан айыр­ма­шылығы неде? Бұл оның екінші бір түрі, яғни аналогы болып шықпай ма? Мұны қалай түсін­ді­ре­сіз? – Сіз тыңайтқыштарды айтып отыр­сыз ба?! Немесе өнімдерге ұқсас әсер етеді дегенді меңзеп отырсыз ба? – Иә, егер саны мен сапасын бәрі­бір қолдан жасайтын болса... – Жоқ. Әрине, қолданыстан кейінгі нәтиже бірдей. Біз жерге фосфатты ты­ңайтқышты да, биологиялық тыңайт­қыш­ты да алатын өніміміздің өнімділі­гін арттыру үшін қосамыз. Осы тұрғыда олар аналог. Биологиялық тыңайтқыш­тың атқаратын қызметі осындай. Бірақ олардың жұмыс істеу механизмі екі басқа, мүлдем бөлек десек те болады. Биологиялық тыңайтқыш химиялық секілді жер құрамындағы фосфат көлемін көбейтпейді, кейін осы фосфат өзенге құйылып, ондағы барлық балық қыры­лып, балдыр басып кетпейді. Ол бас­қаша жүзеге асырылады. Біздің тыңайт­қыштарымызда арнайы симбионтты бак­териялар өмір сүреді. Олар өскінге азотты химиялық қосылулар арқылы берудің орнына оны ауадан сіңіруге көмектеседі. Қорыта айтсақ, атқаратын функциялары бойынша аналог, ал жұ­мыс істеу механизмі бойынша аналог емес. Биотехнология сөзі таза ас, эко­логиялық таза өнім ұғымын білдіреді. Ол ереже бойынша түрлі салалардағы таза өнімдердің, ол мейлі өндіріс бол­сын немесе ауыл шаруашылығы бол­сын, медицинада табиғи таза өнім­нің, табиғи заттың кепілі. – Осы орайда ҰБО-да қызмет ететін мамандар жөнінде айта кетсеңіз. – Мұнда 380-нен астам жоғары білікті мамандар қызмет атқарады, олар­дың ішінде 12 доктор және 64 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, 12 профессор және 1 ҰҒА академигі бар. Тағы бір ерекшелік – біздегі қызмет­керлердің орта жасы 30-дан аспайды. Мұнда Лондон университеті колледжі, Джон Хопкинс университеті, Ноттингем университеті, Колорадо мемлекеттік университеті сияқ­ты басқа да шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істейді. Орталық жанынан “Биотехнология. Теория және тәжірибе” ғылыми журналы шығады, онда қазіргі за­ман­ғы биотехнологияның проблема­лары бойынша отандық және шетелдік ға­лым­дардың еңбектері жа­рия­ланады. Қызметімізде ғылыми меди­циналық биотехнологияға үлкен үміт артуда­мыз. Осы сала бойынша жетістіктеріміз қазірдің өзінде аз емес. Ауыл шаруашылығына төл өсімі жоғары асыл тұқымды малдар әкелінді, міне, солар­ды тексеру керек. Екінші жа­ғынан бізге өсімдік өсіру мониторингін жүйелі қа­дағалап отыру керек. Бұл біздің негізгі міндетіміз. Былайша айтқанда, сапасы мен санын арттыруда жүйелі еңбек ету үстіндеміз. – Ұлттық биотехнологиялар орта­лығының ашылуынан бастап қызмет істеп келесіз бе? – Жоғарыда орталық 1993 жылы ұйымдастырылған дедік қой. Мен бұл ұжымда 2005 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Яғни, биотехнология орталы­ғын басқарғаныма алты жыл­дан асты. Мен басқарған жылдар ішінде орталық аяғына нық тұрып, адам танымастай өзгерді деп сеніммен айта аламын. Оған осы жылдар ішінде “құс тұмауына”, “доңыз тұмауына” қарсы вакциналар жасап шығарғанымыз ай­қын дәлел. Олар қазір медицина және ветеринария салаларында қолданысқа енгізілген. “Құс тұмауына” қарсы шы­ғарған вак­цинаның еліміздің қажет­тілігін толық қамтамасыз етіп келе жатқанына, міне, үш жыл болды. Тұңғыш рет медици­налық вакцина жасап шығардық. Бұ­рын-соңды елімізде осы вакциналар мүлдем шығарыл­маған-тұғын. Нәтиже­сінде Қазақстан әлемде “доңыз тұма­уына” қарсы өз вакцинасын жасап шы­ғар­ған 6-шы ел болып отыр. Бұның барлығы еліміздің инновациялық өнді­рісті жолға қойған­дығының нәтижесі. – Ауыл шаруашылығында, сондай-ақ тағы басқа қандай салаларда жарқын жобалар бар? – Жарқын жобалар қатарында атап көрсетер жобалардан кенде емеспіз. Қо­лайсыз климат жағдайларына және түр­лі ауруларға төзімді келетін би­дайдың түсімі жоғары жаңа 5 сорты жасап шығарылды. Бірнеше күріш сортын енгіздік. Қы­зыл­орда облысында жиі өсірі­летін күріштің Бақанас және Мәдина сорт­тары биотехнология орталығында жасап шығарылды. Олар өндіріске 2008 жылы енгізілді. Ма­мандарымыз диагностика жасаудың жаңа әдістерін жасап, оны енгізу үстінде. Қа­зақстанда қатерлі ісік ауруларына, мысалы, тұқым қуалайтын ауруларға бейімділік ерте анықтал­майтыны үлкен мәселе болып тұр. Кейде тіпті анық­тал­майды, болмаса кеш анық­талады. Орталық осы олқы­лықтың орнын толтыру мақ­сатында ерте диагностика жасау әдіс­терін енгізуде. Батыста ерте диагностика жасау нәти­жесінде әйелдердің қатерлі кеуде ісігінен емделуі 95 %-ды құрайды. Ал бұл көрсеткіш елімізде 40%-ақ! Келісіңіз, айырмашылық жер мен көктей ғой. Айтқым келгені, ерте диагностика бұл кез келген аурудың алдын алады, емнің нәтижелі болуына үлкен септігін тигізеді. Осы орайда діңгекті жасушалар – біздің үлкен жетістігіміз. Қазір біршама жаңа ғылыми жұ­мыстар жүргізілуде, осылар­ды жү­зеге асырсақ жақын арада жоғары нәти­желерге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Жуырда Рес­публикалық ме­дициналық жедел жәр­дем ғылыми ор­та­лы­ғында бірінші рет елімізде ба­уырды ауыстыру опе­рациясы жасал­ды. Ба­уыр­­ды алмас­тырып салу бары­сында донор мен оны қабылдаушы, яғни рецепиент­тің сәй­кес келуі өте ма­ңыз­ды. Бұрын алдын-ала жасалатын осы талдаманы елімізде жасамайтын. Ең жақсы деген­нің өзінде Ресейде жасай­тын. Қазір біз жүргізген жұмыс­тардың нәтижесінде осы талда­маны жасай алатын болдық. – Талдама бұқара халыққа қол­жетімді ме? – Біз осыған дейін мұндай анализді тегін жасап келдік. Неге дейсіз бе? Өйткені бізде медициналық қызмет жүргізуге арнайы лицензия болмады. Біз қазір лицензия алуға талпынып жатырмыз, оны қалай аламыз, солай ақылы болады. Дегенмен бағалық ауқымда жаппай қолжетімді болады деп айта аламын. Ал соңғы кезде орталық мұнаймен ластанған топырақты жарты жыл ішінде тазартып, оны толық қалпына келтіруді қамтамасыз ететін биопрепараттар арқылы таза экологиялық жолмен та­залауды жүзеге асырып жатыр. Бұл әдіс биоремедиация деп аталады. Өте тиімді әдіс. Мұнаймен ластанған үш ірі ау­мақты жерлерді тазалап үлгердік. Қа­рағанды облысы, Маңғыстау облы­сы және Атырау об­лысында 200 мың тоннадан астам топырақ тазартылды. Тазалау деңгейі 97%-ға дейін жетеді. Әйт­песе, ол жүздеген жылдар жатушы еді. – Ұлттық биотехнологиялар орталығы үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасын (ҮИИДБ) қатысып жатыр ма? Сіздер тарапынан жаңашыл жобалар ұсынылды ма? – Ел өмірінің дамуында ерекше орын алатын жоба болғандықтан, бағ­дарламадан орталықтың тыс қала ал­майтыны анық. Оның үстіне инно­вациялық жаңалықтар ашып, оны енгізу – біздің негізгі мақсатымыз болып табылады. ҰБО-да бірқатар жобалар ҮИИДБ шеңберінде жүзеге асуда. Біз бағдарламаға жаңа жобалар енгіздік. Бірақ қазір олар бойынша қаржы алмаймыз. Алайда сол жобалар бо­йынша есептеріміз кірістіріледі. – Шетелдік ғылыми журналдарда сөзі жиі негізге алынатын, елі­міздің биотехнологиясын өрге сүй­реп жүрген биолог ғалым өзі туралы не айтады екен? – Целиноградта орта мектепті алтын медальға бітірдім. Жоғары білімді Мәскеу мемлекеттік университеті, биология факультетінің молекул­а­лық биология кафедрасында алдым. Аспирантураны КСРО Ғылым акаде­миясында молекулалы генетика бо­йынша оқып, кейін PhD доктор­лығын АҚШ-тың Техас штатындағы Техас агротехника университетінде қорғадым. АҚШ-та 11 жыл бойы болдым. АҚШ-тың денсаулық сақтау саласында, жеке компанияда жетекші ғылыми қыз­меткер болып жұмыс істедім. Мен ғалыммын және бұл менің өмірдегі атағым. Өзімді басқа салаларда елестете алмаймын. Биологияда мен “судағы балықтаймын” десем, өті­рік айтқандық емес. Ұлттық биотехнология орталығының тарихын екіге бө­ліп қарастыра аламын. Мен басшы­лыққа келгенге дейінгі және одан кейінгі орталық мүлдем екі басқа. Өзімнің келуіммен көптеген жа­ңалық­тар ашқанымды, отаныма пайда әкел­генімді білемін. Міне, осындай қана­ғат­танарлық сезім ме­нің алға жыл­жуыма моральды түрде көмек­теседі. Өйткені мен Қазақ­станымның көте­рілуіне қызмет етіп жатырмын. Біздің ұжым елдегі жетекші ғылымды дамытуда. – Ерлан Мірхайдарұлы, соңғы сұрағым. Қоғамның белсенді мүшесі ретінде, ғалым-биолог ретінде сізді не толғандырады? Осыны есте ұстасақ, назарда болсыншы деген пікіріңіз бар ма? – Еліміздің бас газеті арқылы туып отырған мүмкіндікті пайдалана оты­рып, жастарға үндеу жолдасам деймін. Оларды өз саласында мықты кәсіби маман болып шығуға ша­қы­рамын. Дипломды өз білімімен алуы тиіс. Жүзеге асырылып жатқан ин­нова­циялық бағдарламалар негізінде Қа­зақстанға жуық арада кәсіби мамандар қажеттігі туындайтын сәт пен олардың еңбекақысы жоғары төлемді болатын кез жақындап келеді. Бізге мамандар өте қажет. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет жоғары білім беру жүйесін реформалау және Назарбаев Университеті арқылы үлкен еңбек етуде. Бұл жаңа жүйеге түбегейлі бет­бұрыс екені сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.