Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ХVІІ сессиясы 18 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында алдағы желтоқсан айында бүкіл еліміз болып кеңінен атап өтілетін республика Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына байланыстырылып ұйымдастырылғаны белгілі. Осыған сәйкес форум тақырыбы да «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісім мен жасампаздықтың 20 жылы» деп аталды. Сессиядағы әңгіме ауаны да негізінен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы төңірегінде өріліп жатты.
Сессия барысында, сонымен қатар, Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі сақтаудың аса маңызды қырлары әңгіме арқауына айналды. Оның ішінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, бұл істе инновациялық бастамалар қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы Ассамблея Хатшылығы мен Президент аппаратына ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын мұқият дайындап бекітуге ұсынуды тапсырды. Және өркендеудің жалғыз дұрыс жолы халықтың топтасуы болып табылатынына екпін түсірді.
Ал бүгінгі арнаулы бетте сессияға қатысқан қазақстандықтардың форумнан алған әсерлері жарияланып отыр.
* * *
Юрий КОГАЙ, құрылыс колледжінің директоры, Қостанай облысы:
– Елімізде тұрақтылық пен татулық орнап, өзара келісім жарасым тапқан. Президенттің ұстанған саясаты дұрыс екеніне баршамыз да куә болып отырмыз. Осы ретте Елбасының алға қойған міндеттерін орындауға белсенді түрде атсалысу қажет дегім келеді.
Енжарлыққа салынбай, қоғам өміріне белсенді араласқанымыз орынды болмақ. Өзім білім беру саласында жұмыс істейтіндіктен, балаларға бір-біріне деген достық пейіл танытып, үнемі құрметпен қарауды үйретіп келемін. Корей ұлтының өкілі болсам да, мен өзімді қазақстандықпын деп санаймын. Кореяға баруды алдыма мақсат етіп қойған емеспін. Менің Отаным – осы жер. Қазақстан – менің үйім және менің балаларымның туып-өскен мекені. Олар да Қазақстанды өздерінің туған шаңырағы санайды. Тек осы ортада, осы қоғамда ғана біз өзімізді жақсы сезінеміз. Мұнда жақсы жұмыс істеп, адал теріңді төксең, ешқандай да құқың аяқасты етілмейді. Менің көзім соған әлдеқашан анық жетті. Еңбек қана бізді ұшпаққа алып шығады, осыны ешқашан ұмытпауымыз керек. Еңбек еткен адам әрқашанда татулық пен тұрақтылыққа бейім келеді. Біздің басты байлығымыз да осы тұрақтылық болып табылады.
Артур КАРАПЕТЯН, Армян этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Жақында өткен президенттік сайлауда Елбасына сайлаушылардың 95,55 пайызының өз дауыстарын беруі халқымыздың ауызбірлігін көрсетті. Оның үстіне Нұрсұлтан Әбішұлының беделі елімізде ғана емес, әлемде де мойындалған. Қазақстандағы толайым жетістіктер Президент есімімен тікелей байланысты. Үстіміздегі жылы ерекше аталып өткелі жатқан Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына бірлікпен және татулықпен келуіміз де соның жарқын көрінісі. Ассамблея көптеген ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің басын қосып қана қоймай, өзара татулық пен түсіністікке жетелейді. Өз өкілдерін жоғары заң шығарушы органға сайлауы арқылы түйткілді деген мәселелердің біразын шешуге қол жеткізілді әлі де алда көптеген міндеттер тұр.
Мұндай қазақстандық озық үлгі әлемнің ешбір елінде жоқ. Әрине, мұның барлығы Елбасының әріден ойлай білетін даналығында жатыр. Қазақстанда әрбір азаматқа теңдей мүмкіндік жасалған. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Президент өз сөзінде мемлекеттік тілді білуге ерекше екпін берді. Өзім басшылық ететін кәсіпорын балабақшасында мемлекеттік тілмен қатар орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйретуге барлық жағдай жасалғандығын ерекше айтқым келеді. Егер біз балаларымызды балабақшадан бастап тілді білуге үйретер болсақ, онда баяғыда мемлекеттік тілмен қатар өзге тілдерді де еркін меңгерер едік. Мен немерелеріме де егер осы елде тұрғыларың келсе, оның тілі мен мәдениетін терең білулерің керек деп үнемі айтып отырамын.
Жақия қажы ИСМАИЛОВ, Астана қаласындағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы:
– Біз Ассамблеяның әрбір сессиясын қуана қарсы аламыз. Себебі, бұл жерде көптеген мәселелер өз шешімін тауып жатады. Қазіргі ХVII сессияның ең басты ерекшелігі сол, оның Елбасымызды сайлағаннан кейін өтуі. Менің ойымша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі бастамашы болған көптеген міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясын шақыртып отыр.
Діндар адамдардың Ассамблеяға да қатысы барлығын осы ретте айта кеткен жөн. Мәселен, дінаралық және ұлтаралық түсіністік – бұл Ислам дінінің негізгі жолының бірі. Алла тағала Құран Кәрімде «Сіздерді біз бір атадан, бір анадан жараттық, бір-біріңмен танысып, білісу үшін түрлі ұлттарға, руларға бөлдік», дейді. Олай болса, Ассамблеяның рөлін осы аятпен байланыстыруға болады. Барша мұсылман бір-біріне туыс, бауыр. Сонымен қатар, көршімен және басқа да діндегілермен өзара қарым-қатынас сияқты мәселелердің жол-жобасы бізге белгіленіп берілген. Сондықтан мен Ассамблеяның жұмысын қолдаймын. Алла тағала Елбасына қуат, денсаулық беріп, халқымызды және елімізді алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуға нәсіп етсін.
Николай ЛИТОШКО, Астана қаласындағы «Оберег» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің тағы да басқосуы біз үшін үлкен қуанышты сәт. Аталған татулық институты халық пен билік арасындағы ұнқатысу алаңына айнала білді. Өз тарапымыздан Нұрсұлтан Әбішұлының жеңісіне қуана отырып, Президенттің ұстанған саясатын қолдайтынымызды айта кеткім келеді. Алда балаларымыздың озық мектептерде оқып, ал зейнеткерлеріміздің жақсы зейнетақы алатынына қазірден көз жеткізіп отырмыз. Өзім Қазақстан азаматымын, оны ерекше мақтан тұтатынымды да айта кеткім келеді.
Қазақстан мен Украина халықтарының тағдыры ұқсас, қарап отырсақ, бұл екі халықта да жеңістер де, қайғылы кезеңдер де жетіп-артылады екен. Дей тұрғанмен, әр елдің басында өзінің тағдыры болады. Қазақстан менің тағдырым болғандықтан да оны сүймеу мүмкін емес. Осы ретте айта кетерлігі, Президент 1 Мамыр мерекесін ерекше тойлау керектігін тілге тиек етті. Менің ойымша, бұл мереке барлығымызға жылылық сыйлап, бір-біріміздің арамызды одан да жақындата түсеріне іштей қуанып отырмын. Мерекені тағылымды етіп, әрбіріміздің отбасымызға шуақ сыйлайтындай рәуіште өткізуіміз баршамызға парыз. Міне, сонда ғана татулық ұзағынан болады.
Валентина КУЛИКОВА, «Отырар» телекомпаниясы, «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттерінің басшысы (Оңтүстік Қазақстан облысы):
– Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған кезден бергі мүшесімін. Жыл сайын осы институттың сессияларына, басқа да шараларына қатысып келемін. Ассамблеяның биылғы сессиясы кезектен тыс президенттік сайлаудан кейін өткенімен ерекшеленеді.
Сессияда жасаған Елбасының баяндамасы ұнады. Әр тақырып, әр мәселе бойынша нақты сөйледі. Сосын Президенттің, мінберге шығып сөз сөйлеген этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен өкілдерінің ынтымақта, достықта өмір сүріп жатқандықтан, елімізді дамытуда бірігіп жұмыс істеуіміз керек деген пікірлері адамға жақсы әсер қалдырады екен. Шынында да біз қазір бәріміз бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтынымызды жақсы түсінеміз. Мен осы жерде өзге ұлт өкілдері елдің иесі, киесі ретінде Қазақ елі мен жеріне көп қарыздар деп ойлаймын. Осындай ашық аспан астында, оқтың дыбысы емес, мереке сайын отшашулар шашуды дәстүрге айналдырған елде тұру әрқайсымыз үшін бақыт дегім келеді.
Тағы айтайын дегенім, өзіміз ақпарат құралдары саласында жұмыс істеп жатқандықтан, елімізде тұратын этностар БАҚ-тар арқылы Президенттің саясатына жиі-жиі қолдау білдіріп отырса деген тілегім бар.
Зураб БОБОХИДЗЕ, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Өзім Қазақстанда қырық жылдан бері тұрып жатырмын. Осы орайда айта кетейін, еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірліктің үлгісі әлемдегі бірде-бір елде кездеспейді. Елбасының бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдер тарапынан қызығушылық тудырып, сондай-ақ үлкен мәртебеге ие. Мен айтып отырған қазақстандық үлгі адамдардың осы қоғамда өздерін бақытты сезінуіне ерекше ықпал етеді. Қай ұлт пен ұлыс өкілі болмасын, өзін қазақ жерінде еркін сезінеді.
Баршамызға дұрыс бағыт сілтеп, басымызды біріктіріп отырған Елбасына алғысымыз шексіз. Нұрсұлтан Назарбаев сияқты дана да көреген Көшбасшымыздың болғаны үшін де мақтана аламыз. Кейбір Еуропа елдері татулық пен бірлікке құрылған қазақстандық үлгіні зерттеп, өздеріне ендіру мәселесін қарастыруда. Осының өзінен-ақ біздегі жағдайдың қаншалықты жақсы екенін бағамдауға болады. Көптеген елдерге барып жүрмін, бірақ еліміздегі сияқты ауанды сезіне алмаймын. Қазақстандықтардың, әсіресе, қазақтардың арасында тұрып үйренгенмін, менің қорғаным да, қолдауым да, тіпті достарым да осында. Сол үшін де мен өзімді бақытты санаймын.
Раиса МАДЕНОВА, Қазақстан корейлері қауымдастығының мүшесі:
– Сессиядан жақсы әсермен шығып тұрмын. Президенттің сөзі, басқа да сөз сөйлеушілердің ынтымақ, бірлік, достық туралы айтқандары ұнады. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, бізге қазір әлемде ұлтаралық қақтығыстар, дінаралық жанжалдар болып жатқан тұста тек бірлік, бір-біріміздің пікірлерімізді есту, тыңдау сияқты ұғынысулар, түсінісулер керек.
Биыл – еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Осы уақыт ішінде елімізде бір оқтың атылмағаны, кеше ғана Еуропаның төріне шығып, төрелік жасағаны өзге елдерге үлгі боларлықтай. Мен осындай елде туып-өскеніме, тұрып жатқаныма және Нұрсұлтан Әбішұлындай Елбасының бар екеніне қуанамын. Оны жастарға жиі-жиі айтып жүремін.
Біздің ұрпақ қиын-қыстау кезді көп көрді. Ал қазір Қазақстанның тәуелсіздігін алған кезден бері біз бейбіт елде, әр адам өзінің пікірін айта алатын, балаларын оқытып, олардың бақытты өмір сүруіне жағдай жасайтын елде тұрып жатырмыз. Біздің мемлекеттік ту қандай керемет. Мұндай байрақ ешбір елде жоқ. Біле-білген адамға көгілдір ашық аспанымыз, бостандықты сүйетін қыран мен ортақ шаңырағымыз суреттелген тудың өзі көп мағынаны білдіреді. Мен 35 жылдан бері қазақтың келінімін. Осыншама уақыт отағасымен бірге тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырмыз. Қазақтың табиғатын, ішкі дүниесін бір кісідей білемін. Осындай халқы бар ел әрқашан бақытты болады.
Фатима БИРКЛЕ, «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің төрайымы (Маңғыстау облысы):
– Ассамблеяның әр сессиясынан жақсы көңіл-күйде, жақсы әсерде шығамын. Президенттің айтқан әрбір жылы сөздерін ұйып тұрып тыңдауға әбден үйреніп қалған екенбіз. Ол кісінің әкелік, ағалық сөзі, ақыл-кеңесі бәріміз үшін қымбат. Биылғы сессияда Елбасының айтқан сөзі біздің жігерімізге жігер қосты дей аламын. Нұрсұлтан Әбішұлы «бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, біздің болашағымыз тек халықтар арасындағы достықта, ынтымақта екенін, алдағы кезде бәріміздің қазақтың киелі, қасиетті жерінде өмір сүріп жатқандықтан, мемлекеттік тілді білу парыз екенін ұқтырып айтты.
Маңғыстау облысында мен 35 жылдан бері тұрып келемін. Ана тіліммен бірге қазақ, орыс тілдерін жақсы білемін. Қазақтың ортасында жүргендіктен, өзімді қазақпын, адаймын деп санаймын. Біздің бірлестік Осетия Республикасымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сол жаққа барған сайын олар біздің ұйымның ешқандай қиындықсыз, кедергісіз жұмыс істеп жатқанына қуанады, сол үшін қазақ халқына мың да бір алғыс айтады.
Александр ГИБМЕР, Жамбыл облыстық немістер қоғамының президенті:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясы елдегі үлкен саяси науқан – кезектен тыс президенттік сайлаудан кейін өткізіліп отыр. Сондықтан, ең басты мәселе сайлаудың нәтижесін қорытындылауға арналды. Екіншіден, барлық қазақстандықтардың ғана емес, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының, әрбір этномәдени бірлестіктердің алдында тұрған мәселелерді жан-жақты талқылау міндеті қарастырылды. Сессия барысында Нұрсұлтан Назарбаев жақын болашақта оңтайландыруға, жүзеге асыруға тиісті мәселелер жолын айқындап берді. Яғни, бірлік, жасампаздық, толеранттылық – бұл біздің халықтың қадірлеуге тиісті басты құндылықтары болуы қажет. Болашақта осы құндылықтарды одан әрі жандандыруымыз керек.
Қазіргі таңда ҚХА алдында бір ғана басты міндет бар. Ол – қазақ жеріндегі бейбіт өмірді, тұрақтылықты, тыныштықты, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға барынша күш жұмсау. Бұлардың барлығы, әрине, Қазақстанда тұратын кез келген этнос өкілдерінің әрқайсысына қатысты міндеттер.
Президент өзінің сөзінде Қазақстандағы этностарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын баса айтты. Бұл сөздің дәлелі ретінде өзімізден мысал келтірсем деймін. Мәселен, Жамбыл облысындағы немістер қоғамы 6 мыңға тарта немістің басын біріктіреді. Біз бүгінде неміс халқының мәдениетін жандандыруды, өз тілімізді үйретіп, мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымыздан сусындатуды мақсат тұтамыз. Бұл бағытты одан әрі де жалғастыра бермекпіз.
Ергашбой ХОЛМЕДОВ, Тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің президенті (Оңтүстік Қазақстан облысы):
– Біз Қазақстанға келгелі бері жергілікті халықпен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біздің аралас-құраластығымыздың жақын болып кеткені сонша, қазір қазақ пен тәжік арасында құда түсіп жатқан тұстар жылдан-жылға көбейіп келеді. Кішкентай кезімде қазақ мектебінде оқыдым. Қазақ балаларынан көп достар таптым. Менің туған әпкем қазаққа тұрмысқа шықты. Ал жақында немерем қазақ қызына үйленді. Осындай екі халықтың арасын жақындастыратын мысалдар өте көп.
Жыл сайын Тәжікстан мен Өзбекстанға барып тұрамын. Сол кезде ондағы ағайындар «Қазақстанда қалай тұрып жатырсыз?» – деп сұрастырып қояды. Мен: «Маған қазақ тілі ана тілім болып кетті. Оны өз тілімдей көремін. Біз қазақ елінде тұрып жатқандықтан, өзімізді қазақстандықпыз деп санаймыз», деймін. Қазақ тілін менің балаларым да жақсы біледі. Ал немерелерімнің соларға ұқсап бағатынына сенемін. Үйдегі апаларыңмен бірге бәрін қазақ мектебіне апарамыз, мемлекеттік тілді құрметтеу бәрімізге парыз деп санаймын.
АЛЕКСАНДР Астана және Қазақстан митрополиті, Орыс православие шіркеуінің Қазақстан Республикасындағы митрополит округінің басшысы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізді бірлікке шақырып, мемлекеттік саясатты іске асыру үшін құрылған тиімді институт екенін білеміз. Бұл ұйымды дүние жүзінде кіші БҰҰ деп те атайды. Өйткені, өзге елдерде мұндай барлық этнос өкілдеріне тең құқық беріп, діни наным-сенімдерін, ұлт ретінде өздерінің дамуына жағдай жасай алатын институт жоқтың қасы. Тіпті, болған күннің өзінде қызметімен дәл Қазақстандағыдай мақтана алмайды. Сондықтан біз осындай керемет институтты құрған Елбасына әрқашан алғыс білдіріп жүруге міндеттіміз.
Біз Қазақстанда бұрыннан бері тұрып келеміз. Орыс православие шіркеуі үшін Қазақстан өз Отаны болып кеткенін ашық айтуға тиістімін. Қазір біздің айналамызда қандай оқиғалардың болып жатқанын көріп отырмыз. Осындай қантөгістер, халықтар арасында дау-жанжал мен соғыстарға жол бермей, саясат жүргізіп келе жатқан Елбасына мың да бір рахмет! Президенттің саясаты – қазақ халқының туа біткен мінезіндегі қонақжайлылығы, басқа ұлт өкілдеріне тек жанашырлықпен қарап, жақсылық тілейтін жылы жүрегі деп білемін.
Ашур ХАМИДОВ, Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясы алғашқы сессиямен салыстырғанда жер мен көктей. Себебі, Ассамблеяның қоғамда қандайлық рөлге ие екендігі айқындалды. Оны еліміздің кез келген мүшесі түсінеді деп ойлаймын. Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстандағы этносаралық, конфессияаралық татулық пен бірлікті сақтау. Бұл елдің әлем алдындағы беделін нығайтуға сеп болатынын ұмытпауға тиіспіз. «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында өткен сессия барысында Президент тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына барлық этностардың белсенді атсалысқанын, егемендік алған жылдан бүгінгі күнге дейін ел ішінде ешқандай этностық, я болмаса діни дау-жанжалдың орын алмағанын атап өтті. Сол себепті де біз өз тарапымыздан Ассамблеяның азаматтық қоғамның жұмылдырушы күш ретіндегі ауқымды рөлін одан әрі нығайта түсуіміз керек. Бұған елдегі әрбір этнос өкілдері үлес қосуы тиіс.
Мәселен, Сыр бойы өңірінде 17-ге жуық этномәдени бірлестік бар. Олар Елбасының сенімін ақтап, болашақта да Қазақстанның дамуына үлес қосады ғой деп ойлаймын. Мен Қызылорда облысындағы өзбек этномәдени бірлестігінің, барлық өзбек этносының атынан Қазақстанға тұрақтылық, келісім, достық, татулық, бірлік тілеймін.
Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Биылғы жылдың жөні бөлек, орны дара. Өйткені, биыл бейбітшілік тұғырындағы тәуелсіз Қазақ елінің 20 жылдығы. 20 жылдағы қол жеткізген табыстарымыз, Аллаға шүкір, 20 ғасырға татитындай-ақ. Бірақ, сонда да біз болдық, толдық деп жатқан жоқпыз. Кемшілігіміз де бар. Ол кемшіліктерімізді жетілдірейік. Осы 20 жылдағы жеткен табыстарымызды жемісті етіп, әрі қарай жалғастырайық.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясы да сол тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік, келісім, жасампаздық жолындағы 20 жылдығына арналып отыр. Сондықтан да оның орны айрықша дер едім. Ендігі кезекте біз Қазақстан халқы Ассамблеясының атына сай қызмет етуіміз қажет.
Менің мемлекетімнің тілінде біршама ілгерілеу бар. Бірақ әлі де өзінің тұғырына қона алмай отыр. Бұл менің жүрегімді тырнайды. Ал менің жүрегімді шымырлату үшін барлық қазақстандық мемлекеттік тілді еркін білуі тиіс деп санаймын. Себебі, мемлекеттік тіл – барлығымызға ортақ құндылық.
Юрий БУНАКОВ, Қазақстандағы орыс қауымдастығының төрағасы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – ауқымды қоғамдық-саяси орган. Оның негізгі өзегі – қазақ жерінде тұратын барлық этностардың өзара достық, татулық ауанын қалыптастыруға негізделген. Яғни, мемлекетімізде тіршілік кешіп жатқан түрлі этностардың біртұтастығын нығайту, ұлтаралық түсініспеушіліктердің алдын алуға мұрындық болу – Қазақстан саясатының басты бағыттарының бірегейі. Бұл ұстанымдар сөзсіз, қазақ жеріндегі кез келген қиындықтарды бірлесе жеңуге, ел ішіндегі келісімді жандандыруға сеп болады.
Сессия барысындағы өзінің сөзінде Президент ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық белесі халықтың өзара бірлігі мен достығын айқындап бергенін, қазақ жерінде түрлі этностардың тілдері мен мәдениетін сақтауға жан-жақты жағдай жасалғанын айрықша атап өтті. Бұл – барлығымыз мойындайтын шындық. Ендігі кезекте осы бір ізгілікті үрдістен жаңылмай, оны одан әрі жалғастыра беруіміз қажет. Бұл – ең алдымен, Қазақстанның біртұтастығы, мызғымас бірлігі, жалпы алғанда, болашақ ұрпағымыз үшін қажет.
Фандаль САХИБГАРЕЕВ, Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы татар этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Біз елорда төрінде ұйымдастырылған ауқымды шараға Маңғыстау өңірінен арнайы келдік. Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы екені белгілі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясы барысында да осы бір маңызды мерейтойға айрықша маңыз берілді. Қазақстан 20 жыл ішінде түрлі қиын-қыстаулы кезеңді басынан өткерді. Ал еліміздің сол бір қалыптасу жолында мұндағы халықтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз деп санаймын. Себебі, халықтың ауызбірлігі кез келген қиындықты еңсеруге үлес қосқаны анық.
Біз Қазақстанның этносаралық, конфессияаралық татулық пен келісімді дамыту мен жандандыру бағытында атқарып жатқан бастамалары мен жұмыстарын дұрыс деп бағалаймыз. Сырт көз – сыншы дейді. Бүгінде әлем біздің мемлекетімізді, яғни Қазақстанды ынтымағы, бірлігі жарасқан ел деп бағалайды, таниды. Бұл – үлкен жетістік. Болашақта да елімізде тұратын әр ұлт өкілдерінің өзара достығы осылайша өз жарасымын тауып, үлкен-үлкен биіктерді бағындырады деген сенімдемін.