Елімізде ұлы оқиғалар болып жатыр. Солардың бірқатарын ғана айтсақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Астана Саммиті, 7-ші Қысқы Азия ойындары көз алдымыздан сүйінішпен тізіліп өтері хақ. Осы әлемдік ауқымдағы асқар белестердің бәрінен еліміз үлкен абыроймен өте білді. Бар әлемге таңдай қаққызған асулы аламандардағы жеңіске, мерей мен мәртебеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап отырды. Ал, күні кеше өткен президент сайлауында жасалған бүкілхалықтық ұлы таңдау еліміздің де, елі сенген Еріміздің де жеңісі болғандығы және күмәнсіз.
Осыған, менің білуімше, ең алдымен, аға ұрпақ, ардагерлер қуанады. «Қариясы кімнің бар болса, жазулы тұрған хатпен тең» – деген екен данагөй Бұқар жырау бабамыз. Сол айтқандай, Қазақстанның «жазулы тұрған хаттарындай» қарияларының, ардагерлер ұйымы біріктіріп отырған мына біз сияқты аға ұрпақ өкілдерінің саны бір миллион 700 мыңның үстінде екен. Бұл – от пен судан өткен, өмірдің ыстық-суығында шыңдалған үлкен күш, тәжірибенің, даналықтың сарқылмайтын қайнар бұлағы. Сол кеніштің асылын, сол бұлақтың кәусарын қоғамның кәдесіне жарата білмек керек. Кеніш таусылмас үшін, бұлақ сарқылмас үшін осыларды аялап, қорғап, қамқорлыққа алу да әрі парыз, әрі міндет.
Бүгінгі ардагерлер дегеніміз, елімізге жау шауып, қатердің қара түнегі қаптағанда Отанымызды қаһармандықпен қорғап, сол сұрапыл соғыста фашистің мұздай құрсанған әскерін қирата жеңгендер, бүліншілікті, қираған қалалар мен селоларды, фабрика-зауыттарды, өзіміздің тылда сіңірі созылып қаусап қалған ауылдарды да аяғынан тік тұрғызып, кеуделеріне жан бітіріп, суалған тамырларына қан жүгіртіп, қайтадан тірілткендер, қалпына келтіргендер. Қазақстанның тыңын да солар көтерді, қоғамның рухани, мәдени өрісін де солар кеңейтті. 20 жылдан бері ақжолтай ардагер қауым тәуелсіз мемлекет орнату орайындағы ұлы міндеттің де қиындығын қыңқ етпей бірге бөлісіп, ауырлығын бірге көтерісіп келе жатыр. Себебі, адалдық пен азаматтықтан әркез мүлт кетпейтін аға ұрпақ тәуелсіздігіміздің ең бірінші шырақшылары. Олар өзінен кейінгі буынның, балалары мен немерелерінің, шөберелері мен шөпшектерінің қамқоршысы, қыдыр пейілді қариялар туған елі мен жеріндегі бүгінгі бақыттың сақшысы, қорғаушысы мен қолдаушысы, жарқын болашағымыздың жақтаушысы болмай тұра алмайды. Табаны күректей 20 жыл еліміздің ардагерлер ұйымын басқарғанда түйген ой-тұжырымым осындай.
Нұрсұлтан Әбішұлының да аға ұрпаққа, ардагерлерге деген ілтипаты мен сергектігі ерекше. Бұл – қарттарға үзбей жасалып келе жатқан қамқорлық-жеңілдіктерден, зейнетақылардың орташа мөлшерінің бірнеше еселеп өскендігінен де көрініс тапты. Біздің елімізде ардагерлер ерекше мәртебеге ие болды. Ұлы Жеңістің 50, 55, 60, 65 жылдық мерекелері кезінде қарт майдангерлерге қаншама құрмет көрсетілгенін білеміз.
Бір ғана жайды еске алайыншы. Республика ардагерлерінің Астанада Президенттік мәдени орталықта өткен IV съезіне Мемлекет басшысы қатысып, сол форумда бір сағатқа жуық, нақтылап айтқанда, 55 минөт сөз сөйлеуі бәрімізді, барша ардагерлерді қанаттандырып, мерейге бөлеген ерекше жағдай болғандығы қалай ұмытылар. Сол жолы қарияларға жасалып жатқан, алда жасалуға тиісті қамқорлықтар жайында баяндай келе, ардагерлердің елге сіңірген ерен еңбектері ұрпақ санасынан ешқашан өшпейді, уақыт өткен сайын ол асқақтай түседі деп аға ұрпақты құрметтеген Президент толғамдарына жиылған жұрттың бәрі разы болысып, алғыстарын білдіріп еді. Елбасы ардагерлерге деген сол ақ пейіл, ақ ниетінен айнымай келеді.
Мұның бір дәлелі, Президенттің бір де бір Жолдауында қарияларға қамқорлық жайы назардан тыс қалып көрген емес. Әрдайым балалармен, олардың аналарымен бірге аға ұрпақтың да өмірін лайықты қамтамасыз ету стратегиялық маңызды мәселе ретінде қарастырылады. Айталық, 2005 жылғы Елбасы Жолдауында азаматтарымыздың қарттығын лайықты қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесін қалыптастыру міндеті алға қойылды. Мұның өзінен де Президентіміздің аға ұрпаққа қатысты мейлінше адамгершілік саясаты айқын көрініс тапты. Ал енді «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Президент Жолдауына зер салсақ, мүлдем жаңа әлеуметтік саясаттың суретін танимыз. 2020 жылға қарай қазақстандықтардың өмір жасы 72 жасқа дейін ұлғаяды деп күтілуі қарттар игілігіне қызмет етіп тұрған жоқ па. Сондай-ақ, 2012 жылға қарай зейнетақылардың орташа көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 2 есе өседі деп жоспарлануы қарияларға қамқорлықтың айқын айғағы болып табылады.
Осы арада сәл шегініс жасасам, 1999 жылдың 10 қаңтарында көп ұлтты Қазақстан халқы тарихи таңдау сәтін бастан өткерді. Ол тарихи таңдау ел Президентін сайлауға байланысты болғандығы баршамызға мәлім. Осы орайда айтайын дегенім, еліміз үшін мән-маңызы зор сол бір жауапты шақта, халық тағдырының, болашағының талқыға түскен талайлы шағында аға ұрпақ өкілдері өз парасаты мен даналығын танытқан болатын.
Иә, қай кезде де ардагерлердің Нұрсұлтан Әбішұлына деген ілтипат-құрметі ерекше болғандығына мен кепілмін. Себебі, жүрегі кең, саясаты сарабдал Президент Назарбаев тұрғанда, ардагер қауым өздерінің ертеңіне сенімді. Осы жылғы қаңтардың ортасында Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдап 5 миллионнан астам адам қол қойғаны жария етілді. Нұрекең десе ішкен асын жерге қойған сол 5 миллионның бестен бірі ардагерлер екендігіне күмәнім жоқ. Мұның өзі де біздің ардагерлер мен Елбасы арасында алтын көпірдей тартылған дәнекер тіннің беріктігін білдірсе керек. Алда «Ардагерлер туралы» заң қабылданса, қарттардың көңілі тіптен қалтқысыз болар еді.
Елбасыға айтар өзімнің алғыс-рахметім де аз емес. 30 жыл үзеңгілес әрі сенімді серігі болып қызмет еткен өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының адами һәм азаматтық сергектігіне тәнтімін. Соған бір ғана мысал келтірсем, депутаттық өкілеттілігім аяқталған кезде Нұрсұлтан Әбішұлының әзіл-шынын араластыра: «Мақа, енді жағыңыз саудырап түсіп қалғанша осы отырған орныңыздан тапжылмай, ардагерлерімізді басқарып, ел-жұртымыздың бас ақсақалы болып отыра беріңіз» дегені де есте. Мұндай риясыз көңілге қалай елжіремессің. Олай дейтінім, Мемлекет басшысының әр сөзінде айрықша қасиет, асыл дуа бар. Соның алдындағы 75 жылдығымның тұсында да, бұрынғы «Парасат» орденімнің үстіне Президенттің Алғыс хаты мен омырау белгісі тапсырылды. Сонымен қатар, еліміздің әлеуметтік және экономикалық өркендеуіне қосқан зор үлесі үшін, республика ардагерлер ұйымына басшылық жасаумен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде төл заңнамамызды жетілдіру жолындағы лайықты еңбегі үшін деп атап көрсетіп, жемісті қызметіме үлкен ризашылық білдірген еді. Әлбетте, Президент алғысының, Елбасы ризашылығының жөні бөлек, сүйініші алабөтен. Ол кісі тарапынан еңбектің бағалануы мерейіңді мың есе өсіреді.
Дегенмен, денсаулық жағдайыма байланысты Елбасының алдынан өтіп, республика ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін сенімді ізбасар азаматтарға тапсырып бердім. 82-ге келген жасымда Нұрсұлтанның тілегін тілеп отырамын. Нұрсұлтан халқын сыйласа, Нұрсұлтанды құдай сыйлап, көкке көтерсін. Бір Алланың рахметіне бөленсін, халқының алғыс, махаббатына кенелсін. Бұрын да айтқанмын, әлі де айтамын: осы жолы да Қазақстан Президенттігіне бірден бір даусыз лайықты, елдің тыныштығы мен ынтымақ-бірлігіне, халқының бақытты өміріне кепіл бола алатын, жарға жықпайтын, тұрақтылықты сақтайтын, сыннан өткен сенімді адам Нұрсұлтан Назарбаев екендігі айдай ақиқат. Дәл кешегі тарихи таңдау сәтінде де айналайын халқым қателеспеді, Нұрсұлтан сияқты кемеңгерді дұрыс таңдай білді.
Бір жағдай еске түседі. 70 жылдығымда Елбасының достарының бірі, халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов мені құттықтаған арнау өлеңінде былай дегені бар еді:
Тұрғанда өн бойыңда өмір-күшің,
101-ге жет, армансыз өлу үшін.
Ініңмен бірге отырып жоспарлаған
Отызыншы жылды да көру үшін!
Сәкеннің ишаралап меңзеп отырғаны – 2030 жылы менің жасым 101-ге толады, Елбасының «Қазақстан–2030» стратегиясының қалай жүзеге асқанын көру үшін маған 101-ге жет дейді. Несі бар, әдемі де астарлы әзіл әрі мағыналы сөз. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Құдайым берсе, 101-ге жетуді де, 2030 жылды көруді де ішіміз жек көрмейді. Дегенмен де, бірінші қызық-қуанышты, келешектің ғажайыбын, шаттығын халық көрсін, ұрпағымыз көрсін. Сол үшін де Нұрсұлтан Әбішұлына, адастырмас серкемізге, аймаңдайлы көсемімізге әрқашан да ақ жүректен амандық тілеймін, өзінің маған айтқанындай, 2030-ға, одан арғыға өзі де жетіп, халықтың қолдауымен Президент тағында елін даналықпен билеп отыра берсін деп тілеймін.
Мақтай САҒДИЕВ, Қазақстанның құрметті зейнеткері.