Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес аталған сапардан кейін Қазақстан елордасына Орталық Азия елдерінің кейбір мемлекет басшылары да сапармен келеді. Астанаға жоспарланған сапарлар аймақ елдерінің «трансұлттық сипаты бар мәселелер алдындағы бірлігін» анықтауы мүмкін.
Өзбекстанмен ынтымақтастыққа үлкен мән беретін Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстанмен байланыстарды күшейтуге ниет танытқан бауырлас елдің жаңа басшысы Ш.Мирзиёев арасында өтетін кездесу екіжақты саяси-экономикалық қатынастарды нығайтып, стратегиялық ықпалдастықтың мүмкіндіктерін арттырады деп күтілуде. Мемлекет басшыларының кездесуі барысында алдағы 4-5 жылға арналған ортақ екіжақты жоспарлар турасында келісіліп, экономиканың маңызды салаларын қамтитын құжаттарға қол қойылып, жоғары деңгейдегі пікір алмасулар кезінде Орталық Азияның ынтымақтастық мәселелері мен салалалары қамтылады деген ойдамыз.
Өзбекстан басшысының Астанаға сапары турасында сарапшылар арасында әртүрлі пікірлер айтылды. Бірінші көзқарас бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа қарым-қатынастар форматының қалыптасып, Орталық Азияның түйіні шешілмей келген ортақ мәселелеріне мән беріле бастауы – дер кезінде жасалған құптарлық қадам. Екінші көзқарас аталған бетбұрыстың маңызын әсірелеп, Ташкент – Астана одағы туралы әңгіме қозғау әлі ерте болғандықтан, екіжақты ықпалдастықтың мазмұнын толықтыру қажет дегенге саяды. Үшінші көзқарас бойынша, бұған дейін жабық жағдайда дамып келген Өзбекстанның бұдан былай либералдану реформаларын жүргізуі нәтижесінде ашық экономикаға көшіп, көршілес нарықтарға ықпал ету мүмкіндігі жоғарылайды.
Біздіңше, жоғарыда келтірілген үш көзқарасты ескеріп, екіжақты және аймақтық ықпалдастықтың тұжырымдамалық және бағдарламалық негіздерін ойластыру Қазақстанның стратегиялық мүдделері тұрғысынан аса қажет. Өйткені, еліміз Орталық Азия аймағы үшін жабық өмір сүре алмайды. Сондықтан, Қазақстан мен Өзбекстан қолда бар ортақ мүмкіндіктерді пайдаланып, Орталық Азия интеграциясының ұзақ мерзімді жоспарын қазірден бастап жетілдіруі қажет.
Қазіргі таңда аймақ елдері маңызды мемлекеттік және қоғамдық даму кезеңінде тұр. Аймақта мемлекет пен қоғамның арақатынасына негізделген түбегейлі саяси бетбұрыстың негізі қаланып, ұқсас экономикалық міндеттер күн тәртібіне қойылуда. Өзбекстанда өткен жылы билік ауысып, жаңа президент сайланғалы бері ел билігі реформаларға мән беріп, саяси-экономикалық жүйе белгілі деңгейде либералдана бастады. Қазақстанда билік өкілеттіктеріне байланысты конституциялық реформалар жасалды. Түрікменстанда президенттік сайлау өткізіліп, саяси тұрақтылық сақталды. Демократиялық тәжірибелерге бой ұсынған Қырғызстанда саяси науқан енді қыза түсуде.
Әсіресе, Өзбекстан мен Қазақстан қарым-қатынастарында болуы ықтимал өзгерістер Орталық Азияның даму келешегі мен бағытына әсер етеді деп ойлаймыз. Қос мемлекет – әлемдегі және аймақтағы жағдайлар бойынша, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер турасында сындарлы пікір қалыптастырған, өз даму тәжірибесінен сабақ алған, бір-бірін әртүрлі қырынан таныған, ұлттық мақсаттарына қарай бағыт-бағдарын айқындаған салмақты елдер. Қазақстан мен Өзбекстан қазіргі жағдайда аймақтағы жағдай үшін тарихи және саяси жауапкершілігін сезіне бастады.
Осы тұрғыдан алғанда, екі ел қол жеткізген халықаралық, экономикалық және мемлекеттік жетістіктерін екіжақты және аймақтық ынтымақтастықты дамыту мүддесіне пайдалана алады.
Өзбекстан сияқты Орталық Азияның барлық елдерімен шекаралас және аймақтың ортасында орналасқан ірі мемлекеттің өзіндік орнын Қазақстан тиімді пайдалана алады. Өзбекстан – демографиялық және сауда-экономикалық әлеуеті, мемлекеттілік және мәдени дәстүрлерінің сабақтастығы тұрғысынан мүмкіндіктері зор, Ауғанстанмен тарихи байланыстары терең және әлемдегі әртүрлі орталықтармен өзіндік сипаттағы тепе-теңдікті сақтап келген мемлекет. Сондықтан болар, Елбасы Н.Назарбаев кезінде Орталық Азия елдерінің одағын құру туралы бастама көтерген еді. Белгілі субъективті кедергілерге байланысты жүзеге асырылмай қалған аталған идея қазір де өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Өзбекстанның кейінгі даму тұжырымдамаларында ұлттық-мемлекеттік құрылыс стратегиясынан біртұтас аймақ құру идеясына өту XXI ғасырдағы ең басты міндеттердің бірі ретінде белгіленгені рас. Ш.Мирзиёев билікке келгелі бері Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Түрікменстанмен де байланыстарын жаңа деңгейге шығаруға деген ниет танытып, қажетті шаралар қабылданды. Өзбекстан Президенті 6-7 наурыз күндері Түрікменстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарында Гурбангулы Бердымұхамедовпен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жоспары туралы келісті, сонымен қатар, екі ел халықаралық алаңда бірлесіп жұмыс істейтін болды. Кездесуде аймақ үшін өте өзекті Арал, Каспий, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мәселелері жөнінде де пікір алмасылды.
Өзбекстан – Каспий теңізіне тікелей шыға алмайтын және Қытаймен шекараласпайтын мемлекет. Сондықтан, географиялық тұрғыдан жабық Өзбекстан өз көршілерінің, әсіресе, Ресей, Қытай мен Батысқа шығу мүмкіндіктері бар Қазақстанның тасымал және транзиттік әлеуетін пайдалану мәселесіне мән беріп отыр. Өзбекстан тарапы Қазақстанның ірі халықаралық көлікті жобаларын орындау саласындағы жан-жақты мүмкіндіктерін жоғары бағалайтынын білдірді. Қазақстан – Ташкент үшін жақын әрі тиімді нарық болумен қатар, қаржы-инвестициялық әлеуеті, сыртқы нарықтармен тікелей байланысы анағұрлым дамыған мемлекет.
Екіжақты қарым-қатынасты дамытудың инфрақұрылымдық негізі ретінде стратегиялық мәнге ие көлік, тасымал және логистика салаларын дамыту көзделіп отыр. Соңғы айларда Қазақстан мен Өзбекстанның тиісті министрліктері, ұлттық темір жол компаниялары арасында тығыз жұмыс жасалды. Ташкент өз тауарларын Еуропа нарықтарына Каспий теңізі арқылы шығару жөнінде Ашғабадпен қатар, Астанамен де келіссөздер жүргізіп отыр.
Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, Өзбекстан аумағына қазақстандық бидай мен ұн өнімдерін тасымалдау бойынша екіжақты жеңілдіктер мен шегерімдер жасау туралы келісілді. Өзбек тарапы Алматымен көліктік байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөліп, Ташкент пен Астана арасында аптасына бірнеше мәрте жедел пойыз қатынайтын болды. Сондай-ақ, ірі қалалар арасында автобус және әуе қатынасын кеңейту жоспарлануда. Жылдар бойы жартылай жабық болып келген мемлекетаралық шекаралардан өту тәртібі жеңілдетіліп, Мақтааралдан Самарқанға қатынайтын жолдар ашылды. Демаркация жұмыстары аяқталып, шекаралық аймақтардың байланыстары күшейетін болды.
Осылайша Қазақстан-Өзбекстан қатынастары жүйелі сипат ала бастады деуге негіз бар. Екі ел арасында алдағы ондаған жылды қамтитын ынтымақтастықтың жол картасы әзірленуде. Көптеген сала бойынша жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер ашылып, екіжақты тауарлар номенклатурасы кеңеюде. Ташкент пен Оңтүстік Қазақстан арасындағы аймақаралық байланыстарды дамыту мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Мысалы, бірлескен экономикалық аймақтар құру, аймақтық ынтымақтастық форумдарын өткізу сияқты жобалар талқылануда.
Астанада өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында осы жоспарлармен қатар, аймақтық қауіпсіздік туралы пікір алмасылып, бірқатар салаларда келісімдерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Бірінше кезекте, сауда-экономикалық, көлік-байланыс салаларына артықшылық беріледі.
Өзбекстан тарапы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіне байланысты туындаған жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерлермен бірлесіп қарсы тұруға дайын екенін білдірді. Ташкент Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігін Орталық Азияның мәселелерін (Арал, Ауғанстан, терроризм) ілгерілету алаңы ретінде пайдалану жөніндегі бастамасын қолдайды.
Осы ретте, аймақтың бес мемлекетінің ортақ форумын құру туралы Астананың ұсынысы үлкен маңызға ие. Аталған бес мемлекеттің ынтымақтастығы Орталық Азияның тұрақты дамуының кепілі бола алады.
Қорытындысында қандай да ірі жобалардан қаймықпай, білек сыбана кірісетін бастамашыл қазақ азаматтары мен қолынан барлық іс келетін, еңбекқор өзбек халқы ынтымақтасса, алынбайтын қамал, бітпейтін іс қалмайды дегіміз келеді.
Жанат Момынқұлов, саясаттанушы