Дегенмен де, қалашық жанында орналасқан елді мекеннің мәселесі қазір өзекті болып тұр.
Мұнда 110 үй бар болса, сол 110 үйдің 10 гектар жерге орналасқан 30 үйінің жері Алматы облысы Жамбыл ауданына қарайды екен. Халқы да Жамбыл облысынікі болып саналады. Енді неліктен облысаралық шекара әу баста дұрыс белгіленбеген деген ой көпке түсініксіз болғанымен, тұрғындар үшін ширек ғасыр бойы шешімін таппай келе жатқан қазіргі мәселе осы.
Ал Отар ауылдық округінің әкімі Жайлыбек Шадиев енді бұл жағдай тұрғындардың тіркеуге тұруына, үй құжаттарын ресімдеуіне және өзге де шаруаларына кедергі келтіріп отырғанын айтады. Бұл мәселе ілгеріде көтерілсе де, шешімін таппаған. Сондай-ақ, облысаралық шекаралық мәселеге байланысты Гвардейск қалашығында орналасқан 4 қабатты 70 пәтерлі 1 үйдің құжаттары да ресімделмей отырған көрінеді. Ал аталған қалашықта осыдан 5 жыл бұрын ел игілігіне беріліп, бүгінде халыққа қызмет көрсетіп тұрған 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, 900 орындық орта мектеп және 350 орындық балабақшаның құжат мәселесі де шешілмей отыр. Жамбыл облысындағы ірі аудандардың бірі − Қордайдағы бір мәселе осындай.
Талай жыл бойы әскери қызметте болып, бүгінде зейнет демалысына шыққан жергілікті тұрғын Таласбек Терлікбаевтың айтуынша, ең маңызды мәселе халыққа тиесілі. «Қай ауылда тұратынымызды өзіміз де білмейміз. Ауылда тұрғын үйді сату да қиын. Себебі, мұндағы мәселені елдің бәрі біледі. Сондықтан да алмайды. Одан кейін жайылым, жер алу да қиындық тудырып отыр. Мысалы, менің 4 балам бар. Ал енді мемлекеттен тиесілі жерімізді алайық десек, алдымыздан кедергі тағы шығады», деген тұрғын мұнда жарық мәселесінің де өзекті екенін жеткізді. Мәселе болғанда, ауылда жарық бар, әрине.
Бірақ енді әр айдың соңында халық тұтынған жарықтың ақысын төлейін десе, банк қабылдамайды екен. Содан тұрғындар тұтынушылардың ақшасын жинап, оны Отарға апарып төлеу үшін бір адамды сайлап қойғанын, оған да ендігі жерде халық қосымша шығынданатынын айтты. Мұның барлығы да айналып келгенде халыққа түсіп отырған салмақ екені белгілі. Жергілікті халық енді бұл мәселе бойынша Елбасынан көмек күтеді. Еліміз тәуелсіздік алып, тұғырға көтерілгелі де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл мәселе халық үшін әлі де өзекті.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы