• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2017

Сыр еліндегі Наурыз

192 рет
көрсетілді

Қызылордада Наурыз мерекесінде түркітілдес 11 елден келген әртістер өнер көрсетті.

22 наурыз күні барлық елмен бірге қызылордалықтар да Наурыз мерекесін тойлады. Қаладағы орталық алаңда 30 киіз үй мен 6 шатыр тігіліп, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне билет сатып алуға болатын көрме павильоны ұйымдастырылды деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі. Орталық алаңда әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Наурыз көже дайындау сайысы өткізіліп, аспаздар басты мерекелік тағамды әзірлеу бойынша шеберліктерін сынға салды. Олардың өнеріне көрермендер мен жалпыхалықтық серуенге келгендер қазылық етті. 

Барлық қала тұрғындары мен қонақтарына облыс әкімдігінің шақыруымен «ТҮРКСОЙ»  түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының өкілдері өнер көрсетіп, бауырлас 11 халықтың әндері мен билері орындалды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев орталық алаңға жиналғандардың барлығын Наурыз мерекесімен құттықтап,  бақыт, бірлік пен береке тіледі. 

- Былтыр біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық  мерейтойын ауызбірлікпен атап өттік. Жылды жемісті қорытындыладық. Мерейлі жылы Сыр елі орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту және тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша облыс республика аймақтарының арасында көшбасшылар қатарында. Төртінші жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинап, күрішшілерімізді Елбасы арнайы құттықтады,- деді Қырымбек Көшербаев. 

Сондай-ақ, қызылордалықтарды  мерекелерімен «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы, ҚР бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов құттықтады. Мерекелеу барысында  Қырымбек Көшербаев пен Дүйсен Қасейінов екі сәбидің  тұсауын кесті. 

Мерекеде қызылордалықтарды қуантқан тағы жаңалық, 12 көпқабатты үйден тұратын тағы бір жаңа мөлтек ауданның пайдалануға берілуі. Жаңа мөлтек ауданда 580 отбасы тұратын болады.

Бұдан бөлек «Титов» шағын ауданында апатты жағдайдағы үйлердің орнына 100 пәтерлік көпқабатты 2 тұрғын үй салынып, тұрғындарға табыс етілді.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаңа қоныс иелерін Наурыз мерекесімен құттықтап, құрылысшыларға жемісті еңбектері үшін ризашылығын жеткізді.

- Елбасы тапсырмасымен биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылады, оның аясында елімізде алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделуде. Бұл мақсатты жүзеге асыру ісінде де Сыр елі көшбасшылар қатарында болатындығына кәміл сенеміз,- деді ол. Айта кетейік, соңғы 4 жылда Қызылорда қаласында жаңадан 11 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам отбасы баспанаға қол жеткізді. Құрылыс жұмыстары барысында 20 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. - Жыл өткен сайын тұрғындар санының, оның ішінде жас отбасылардың қатары артып келе жатқандығы қуантады. Соңғы 2 жылда бес мыңнан аса жұп некеге тұрған болса, жаңа жылдан бері 500-дей жас шаңырақ иелері отау құрды. Бұл – қызылордалықтардың өз еліне, болашаққа және Елбасы саясатына сеніммен қарайтындығының айқын белгісі,- деді облыс әкімі.

Ержан Байтілес

"Егемен Қазақстан"

Қызылорда

Соңғы жаңалықтар