Ұлыстың ұлы күнін атыраулықтар да айрықша салтанатпен қарсылады. Көктемнің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесін тойлау 14 наурыздан бері жалғасып жатыр.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев атыраулық сәбилердің тұсауын кесті. Тұсау кесу рәсімі облыс орталығында өткен Наурыз мерекесін тойлау кезінде өтті.
Сәбилердің бірінің тұсауын ала жіппен, енді бірінікін тоқ ішекпен кескен аймақ басшысы бұл ырымдардардың мағынасын түсіндіріп берді:
“Ала жіппен кескеніміз – ешкімнің ала жібін аттамасын, еліне адал қызмет қылсын деген ниетіміз, ал тоқ ішекпен кескеніміз – елі, халқы тоқ болсын, отанынан ырыс кетпесін дегеніміз”, – деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, елге бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі, экономикалық-әлеуметтік өрлеудің жалғаса түсуі үшін атыраулықтарды бір болып еңбек етуге шақырды.
Орталық алаңда өткен театрландырылған концертте сахна төрінен Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедовтер, Қазтуған жырау, Исатай мен Махамбет батырлар, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар, ел үшін қызмет еткен басқа тарихи тұлғалар тұрғындарды жаңа жылмен құттықтады.
Мұнайлы аймақтағы мекемелер мен кәсіпорындар арасында ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс қою сайысы да жоғары деңгейде өтті. Ал бүгін Исатай-Махамбет алаңында «Кош келдің, Әз-Наурыз!» атты театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық ойындар, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама мерекелік көңіл-күй сыйлады.
- Биыл Наурыз тойы айрықша өтіп жатыр, - дейді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ардақ Жуасов. - «Үздік киіз үй», «Дәмді наурыз көже» байқауларына аймақтағы отандық және шетелдік мекемелер, қоғамдық бірлестіктер ұйымшылдықпен қатысты. Оған Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларына еңбек сіңірген қайраткер, композитор Илья Жақанов бастаған қазылар алқасы төрелік жасады.
Орталық алаңның өзінде 25 киіз үй құрылды. Ықшам аудандар мен қала маңындағы елдімекендерді қосқанда елуге жуық киіз үй салтанаттың сәнін келтірді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».