• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2017

Қостанай жұрты Наурызды мерекелеп жатыр

592 рет
көрсетілді

Қаланың қақ ортасында ақбоз үйлер ауылы орын тепкен. Онда Қостанай қаласындағы кәсіпорындар мен мекемелер тіккен 22 киіз үй халқымыздың түрлі салт-дәстүрлерін паш етті.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының киіз үйіне бас сұққандар қазақтың ұлттық бұйымдарымен бірге тағамдарының түр-түрін қызықтады, дәмауыз тиді. Әрине, оның ішінде наурыз көже мен бауырсақты алдымен ұсынды. «Қазақ халқы дастарханды аса құрметтеген, қасиет тұтқан. Ұлттық тағамдардың көпшілігі малдың сүтінен жасалғаны белгілі. Олардың ұмытылмауы үшін ірімшік, құрт, балқаймақ секілді барлық ұлттық тағамдардың жасалуын жастар білуі тиіс» дейді ұстаз Салтанат Жақаева.

Мерекеде тігілген ақ боз үйлерде тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды отаным деп санайтын барлық ұлыстардың да салт-дәстүрлерін көруге болады. Мысалы, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының «Қоғамдық келісім» үйі тіккен ақ боз үйде Қостанайдағы барлық ұлттық этно-мәдени орталықтар бас қосыпты. Киіз үйдің сыртында өзбек, тәжік және тау халықтары диаспораларының өкілдері биді қыздырды.

Қостанай қаласының орталығына Наурызды мерекелеуге жиналған қалалықтар мен қала қонақтарында есеп жоқ деуге болады. Әр киіз үйге кіріп, ұлттық нақыштарды қызықтаудың өзі бір ғанибет. «Ахмет ауылы» деп атаған он екі қанат ақ орданың алдында қонақжайлылық танытып тұрған Ахаң ауылының «ел ағасы» кейпіне кіріп, оқалы шапан жамылған А.Байтұрсынов атындағы Қостана й мемлекеттік университетінің проректоры Алмас Әбсадықов Наурыздың қадамы құтты болсын деген тілек айтты. «Наурыз— халқымыздың жаңа жылы. Өткен жылы еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені тарихи оқиға болып табылады. Бұл еліміздің экономикалық, саяси дамуының айғағы. Алдағы уақытта да Наурыз елге құт сыйлай берсін» дейді Алмас Әбсадықов.

Наурыз – күн мен түннің теңелуі, жаратылыстың оянуы, береке бастауы болумен бірге ақындардың шабыт қайнары екен. Ақын Ақылбек Шаяхметов амандасқан жұртқа аяқ астынан: «Қалың жұрт әдемі киінген, Мына бір киіз үй деседі күтеді әкімді, Наурызым,халқым бар өзіңе сүйінген. Наурызға келген жұрт, әрине, ақылды, Сондықтан мен-дағы далада тұрамын қысқандай тақымды. Халқымның қонақжай пейілінен айналдым, Бейтаныс 

біреулер «дәм тат» деп шақырды» деп суырып салып, өлең жолдарын төгіп жіберді.

Ақ боз үйлердің салтанаты бірінен бірі өтеді. Дегенмен Қостанай қалалық әкімдігі олардың арасындай байқау ұйымдастырып, үздіктің үздігін анықтады. Бейтарап қазылар алқасы қарай келе, бірінші орынды А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ақ ордасына үйіне лайық деп тапты. Екінші орында «ЕвразКаспианСталь» ЖШС –нің ақ боз үйіне берді. Үшінші орынды «Тазалық-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіккен ақ боз үй алды. Сонымен қатар, Іскер әйелдер қауымдастығының Қостанай облыстық фидлиалы мен Халық банкі ақ боз үйлерге екі аталым бойынша сыйлық дайындапты. Отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында берілген «Ақ отау» бәйгесіне

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы тіккен үй лайық деп танылды. Ал халқымыздың қонақжайлылығын көрсеткен Облыстық кәсіподақтар орталығының үйі Халық банкінің сыйлығына ие болды.

Мереке байланысты Қостанай қаласының орталығында өткізілген Наурыз мерекесінде облыстық филармония мен көркемөнерпаздар ұжымдары ән мен биден шашу шашты. Театрландырылған көрініспен халқымыздың рухани құндылықтарының барлығы қамтылып көрсетілді.

Асық ату, күрес, қол күрестіру, жілік сындыру, қой көтеру секілді ұлттық ойындар мереке қызығын арттыра түсті. Мерекеде 18 қол өнер шебері өздерінің жасаған көрпе, көрпеше, нан тақтай, ағаш ыдыстар, сабын секілді бұйымдарынан көрме ұйымдастырды. Оларға сұраныс та көп болды.

Облыс, қала басшылары да ақбоз үйлер ауылын аралап, наурыз қызығын көпшілікпен бірге тамашалады. 

Мереке бесін ауғанда да қызып жатты. 

Нәзира Жәрімбетова

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар