Шуақты көктем мерекесі – Наурыз мейрамы түркі халықтарының көпшілігі үшін тіршіліктің бастауы, табиғаттың жаңаруы, мейірімнің, махаббаттың, молшылықтың және бауырмалдықтың нышаны.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдігі Наурыз мейрамына орай «Наурыз нақыштары» атты фестиваль өткізді. Қазақ және парсы халықтарының арасындағы терең тамырлы қарым-қатынастың бүгінгі көрінісі ретінде өткен бұл фестиваль баянды достықтың, мәдени дәстүрлер ортақтастығының белгісіндей.
Фестиваль аясында ашылған көрмеде Иранның дәстүрлі мәдениетімен және өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік беретін, бүгінде сирек кездесетін көне бұйымдар, мәселен, кемпірқосақша құбылып, түрлі амал-тәсілде жасалған миниатюра, шағын мүсін, көркемсурет, бедерлі металл, құты, құмыра, табақ, қобдиша, тұғыр сынды бояма қыш туындылары байырғы қолөнерші, суретші, каллиграфистердің биік талғамы мен шеберлік деңгейін аңғартқандай.
Фирдоуси, Хайям, Саади және Хафиз туып-өскен, әлемдегі ең көне өркениеттің бірі саналатын Иран елі десе, көз алдымызға парсы елінің салтанатты сәулет өнері, мешіттердің күн түстес күмбездері, көздің жауын алар оюлары мен нақыштары, әсем ыдыс-аяғы мен үй жарағы, көне сарайлары мен сурет өнері, алуан түрлі қолөнері келетіні рас. Расымен де, бұл көрмеде Иран қолөнерінің талантты өнерпаздарының, суретшілерінің, мүсіншілерінің, көркем жазу және ағаш өнері шеберлерінің озық туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеген Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдік басшысы Сейд Джавад Джалали Киясари мырза «Хафт син» – Наурыз мейрамында ирандықтар безендіретін адалдық пен ақиқаттың дастарқаны. «Хафт син» дастарқаны толық өмірдің нышаны. «Хафт син» дастарқаны парсы тілінде «син» әрпінен басталатын жеті нышанды білдіреді. «Хафт син» дастарқаны наурыздан кейін 13 күн жайылып, соңғы күнінде (наурыз айының 13 күні) суға жіберіледі», деп парсылық ұлттық дастарқан жайынан мағлұмат беріп өтті.
Қазақстандық мәдениеттанушы ғалымдар, өнертанушылар, ұстаздар мен студенттер қатысқан фестиваль барысында, сондай-ақ, балаларға арналған «Армысың, Әз-Наурыз!», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы», «Ертегі әлеміне саяхат» тақырыбында интерактивті сабақтар, музейдің экспозиция залдары бойынша экскурсия өткізілді, қалалық баспалардан шыққан түрлі әдебиеттер көрмесі, Алматы сән және дизайн колледжі мен «Сымбат» сән академиясының технология және дизайн колледжі студенттері дайындаған қазақ ұлттық киімінің дефиле-көрсетілімі ұсынылды, республика халық әртістерінің, этнографиялық ансамбльдің, музыкалық ұжымдардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Бір айта кетерлігі, музей қызметкерлері де Оқушылар сарайы, Республикалық спорт колледжі, «Халықтық және ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру клубы» ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп асық иіру, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, арқан тарту сияқты дәстүрлі ұлттық спорт ойындарынан шеберлік-сыныптар өткізді.
Фестиваль барысында дәстүрлі қазақ мәдениетіне сай, мерекенің ең кішкентай қонақтары – тәй-тәй басқан балақайлардың алғашқы қадамы сәтті, ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын деген ниетпен «Тұсаукесер», «Бесікке салу» жоралғылары атқарылды. «Тұсаукесер» жоралғысын Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өткізді.
Қазақ шеберлерінің ғасырлар бойы шыңдап, көзінің қарашығындай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген дәстүрлі қолөнері де фестиваль аясынан сырт қалған жоқ. Музейдің ғылыми қызметкерлері қазақ кестесі, зергерлік өнер техникасы жайлы, ал шебер Мұса Әділ домбыра жасау технологиясы бойынша шеберлік-сынып өткізді. Музейдің қор коллекциясынан алынған «Дәстүрдің жарқын жалғасы» тақырыбындағы көрме Е.Даубаев, И.Жалмұқанова, И.Брякина, Е.Христова, А.Абдулдаева, А.Мұқажанова, М.Әлімбаева, В.Шершнева сынды зергерлердің әшекей бұйымдары мен Қазақкөркемөнер кәсіпорны шығарған көркемдік өнімдерін ұсынды.
Мемлекеттік қуыршақ театрының «Наурыз-Думан» және Мұзафар Әлімбаевтың шығармасы желісімен С.Бегалин атындағы Орталық мемлекеттік балалар кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Мен дала баласымын» атты театрландырылған қойылымдары да көрерменді қуанышқа бөледі.
Қазақ халқының ұлы шайыры саналған Тұрмағамбет Ізтілеуұлының парсы ақыны Фирдоуси «Шахнамасының» желісімен жырланған 900 беттік тарихи дастанының 4-ші рет жарыққа шыққан кітабын кітаптың жауапты шығарушысы болған танымал шығыстанушы Ислам Жеменей көрмеге келген кітапқұмар жұртшылыққа тегін таратқанын айта кеткен жөн.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ