Атасының күнделікті тіршілігін терең саралай отырып, басынан тастамайтын тақиясын тиімді пайдалану жолын ойлап тапқан. Сөйтіп, робототеxникаға қызығып жүрген Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Сәттіғали Жолдасбай атасының тақиясына арнайы құрылғылар орнату қажет деп шешеді. «Ақылды тақия» атты ғылыми жобасын бастайды.Тақияның өзіне шағын сенсорлық құрылғылар орнатады. Адамның алдында бір кедергілер болса, вибро-моторға белгі келеді екен. Сол кезде вибрация басталады. Көзі көрмейтін адам оны сезеді де, алдында кедергі бар екенін біліп тоқтайды немесе жүрген бағытын өзгертеді. Атасына көмектің осындай жолын тапқан Сәттіғали аталған жобаны әлеуметтік бастама ретінде жалғастыруға болады деп есептейді. Яғни, осы іспетті «ақылды тақияларды» көзі нашар көретін азаматтарға жасап беруге болады.
Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының түрлі сала бойынша ұсынып отырғаны ғылыми жобалары өте көп. Оның ішінде арнайы зерттеулер мен сынақтардан өтіп, өндіріске енгізілгендері, сатылымға шығарылғандары да баршылық. Бір ғана зияткерлік мектептер емес, өз идеяларын ғылыми жобаға негіздеп жария етуге, ұсынуға еліміздегі барлық білім ошақтарының мүмкіндігі бар. Осы орайда, яғни идеяларды таратуда Наурыз кездесулерінің алар орны ерекше. Биыл дәстүрлі Наурыз кездесулері ЭКСПО-2017 көрмесіне арналып отыр. Ал Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен кездесуге арқау болған басты тақырып – «Ғылымның шексіз сырлары». Іс-шараның ашылуы алдында өңірлерден келген еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінің өкілдері өздерінің ғылыми жобаларымен оңтүстік оқушыларын таныстырды. Мысалы, астаналық 8-сынып оқушысы Қазыбек Тоқтаров экотуризмді жақсартуға арналған «ақылды киіз үй» жобасы туралы жан-жақты әңгімелесе, семейлік 10-сынып оқушысы А.Ерғалиев «бұлттардан электр энергияны және суды алу, оны қолданысқа енгізу» ғылыми жобасы туралы айтып берді.
VII Наурыз кездесуінің ашылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев бұл кездесулердің өңір жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Айта кетелік, осыған дейін Астана, Қарағанды, Талдықорған сынды еліміздің бірқатар облыс орталықтарында өткен Наурыз кездесулері биыл ғылымға құштар жастардың басын жетінші рет қосып отыр. Ал таңдаудың биыл оңтүстікке түсу себебін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова өңірдің қаймағы бұзылмаған қазақтың ортасы екенімен және демографиялық өсімі жоғары, мектептердің саны көптігімен байланыстырады.
− Наурыз кездесулеріндегі негізгі мақсаттарымыздың бірі – балаларды ғылыммен таныстыру. Назарбаев зияткерлік мектептерінде «ақылды бейсенбі» жобасы шеңберінде түрлі сала бойынша шақырылған ғалымдар балаларға дәріс беретін. Осыдан 7 жыл бұрын Наурыз кездесулерін бастадық. Оған тек біздің мектептердің оқушылары ғана емес, жалпы білім беретін мектеп оқушыларын шақырамыз. Оларға қандай мектепте оқыса да ғалым бола алатынын айтамыз. Бірақ оған еңбек, ынта, зейін және өзінің қалауы қажет екенін де жеткіземіз. Бүгінгі іс-шара барысында медицина, физика, инженерия, география, математика және өзге де ғылым салаларындағы инновациялық технологиялар бойынша панельдік сессиялар мен сегіз лекторий өткізіледі. Негізінен Назарбаев Университеттің ғалымдары мен «Korea STEAM» (Оңтүстік Корея) Білім беру үлгілерін зерттеу тобының жетекшісі Чой Джангхун, STEAM-білім беру (Венгрия) технологиясының сарапшысы, инженер-технолог Акош Векчей дәріс оқитын болады. Оңтүстікке келуіміздің тағы бір себебі – балаларды қазақ тілінде википедияға мақалалар жазуда белсенділікке үндеу. Тарихи-мәдени мұралар мен қазіргі Қазақстанның табыстары туралы ой-толғамдарын қазақ тілінде жазатындардың көп болғаны еліміз үшін маңызды. Сондай-ақ, TEDх – «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясының алар орны ерекше. Қазақта «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деген сөз бар. Оқушылар қысқа да нұсқа сөйлеп үйренуі, өз ісін көрсете білуі қажет. Бұл орайда, олардың бойында ғылыми-зерттеу, әріптестік қатынастар, шешендік өнерді дамытуда «Зияткерлік мектептің TEDx» клубы жұмыс істейді. Өзін еркін көрсете алмайтын бала, өзі жасағанын ұсына алмайтын бала ертең еңбек нарығында жұмыссыз қалады. Осыған байланысты балаға тек білім ғана беріп қоймай, оның мінезін, жауапкершілігін, еркін сөйлей алуын дамытуымыз қажет. Ортада өзінің ойын еркін жеткізе алуға, жасаған дүниесін ұсына алуға үйрететін болсақ нұр үстіне нұр. Жалпы, Наурыз кездесулері – отандық ғылымның болашақ жұлдыздарының басын қосатын заманауи жасампаз алаң, − дейді Күләш Шәмшидинова.
Наурыз кездесулері барысында STEAM инновациялық идеялары, оның ішінде баламалы қуат көздері бойынша жоба жұмыстарын қорғауға және TEDx форматында баяндамалар жасалды. Сондай-ақ, болашақ ғалымдар «Химфарм» акционерлік қоғамында болып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»