Журналдың тұсаукесер рәсіміне Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, БҰҰ балалар қорының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз алған министр Д.Абаев журнал ұжымына табыс тіледі. «Мен жаңа жобаға шын жүректен табыс тілеймін. Министрлік тарапынан қажетті көмектер көрсетіледі. Бұл жоба біз үшін, оқырмандар үшін маңызды. Бұл – балалардың бастамасы, біз балаларды әрқашан қолдаймыз», деді министр.
«GENERATIONNEXT» журналын Әлиля мен Әмина Нәрікбаевалар бастаған мектеп оқушылары шығарады. «Қазір таралып жатқан ақпараттардың көптігі сондай, біз кей жағдайда қажетті әрі пайдалы дүниелерді анықтай алмаймыз. Біздің журнал оқырманды алға жетелейтін, сенімімізді арттыратын ақпараттарды жариялайды. Қазіргі таңда елімізде жастығына қарамастан керемет мүмкіндіктерге қол жеткізген өнерлі, білімді, табысты құрбы-құрдастарымыз аз емес, бірақ жастар олардың көпшілігін біле бермеуі мүмкін. Енді олар туралы қызықты ақпараттарды біздің журналымыздан оқуға болады», дейді апалы-сіңлілі Нәрікбаевалар.
Журналдың бас редакторы Әсем Беріктің айтуынша, журнал оқырмандарға қызықты ақпарат беріп қана қоймай, өз болашақтарын айқындауға, кәсіби тұрғыда жетілуге мүмкіндік береді. «Біздің журналымыз 10-19 жас аралығындағы жастарға журналист болып қалыптасуға, маңызды әрі қызықты ақпараттармен бөлісуге, түрлі кәсіп иелерімен, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтармен сұхбаттасуға мүмкіндік береді», дейді Әсем Берік.
5 мың дана тарылымы бар, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде шығатын журналды мобильдік қосымшалардан да оқуға болады. Басылымның алғашқы нөміріне жас ғалым Дәмел Мектепбаева мен танымал әнші Динара Сұлтан және Назарбаев Университеттің президенті Шигео Катсумен сұхбаттар жарияланған.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА