Алғаш болып шаршы алаңға 52 кило салмақта «арландардың» капитаны Олжас Сәттібаев пен ресейлік Вячеслав Ташкараев шықты. Жекпе-жек бастала сала қарсыласын соққының астына алған жерлесіміз екі раундтың көрсеткіші бойынша алда болды. Алайда, кезекті бір сәтте Ташкараевтың қабағы жарылып, дәрігерлер кездесуді әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік бермеді. Осылайша, Сәттібаев ұпай санымен жеңіске жетті.
Келесі 60 килода жерлесіміз Зәкір Сафиуллин мен Артур Сұбханқұлов жұдырықтасты. Жеңісті жолды жалғастыру үшін Сафиуллин барын салды. Ресейліктің адымын аштырмады, бет-ауызын қан-жоса қылды. Сұбханқұлов ара-тұра шабуылдамақ болған, бірақ онысынан түк шықпады. Нәтижесінде, Закир Сафиуллин басым түсті.
Үшінші болып рингке 69 кило салмақта Асланбек Шымбергенов пен ресейлік Шахабас Махмұдов шықты. Бастапқыда Махмұдовтың соққыларынан абдырап қалғанмен, Асланбек көп ұзамай бар өнерін ортаға салды. Шаршы алаңда толығымен үстемдік құрған ол жекпе-жек нәтижесін 3:0-ге жеткізді.
81 килода сынға түскен Арман Рысбек үшін жекпе-жек оңай болмады. Себебі, отандасымыз әлем чемпионатының жүлдегері Павел Силягинмен қолғап түйістірген еді. Тәжірибесі мол ресейлік боксшы қарсыласын нокаутқа түсіруді ойлағанымен, онысынан түк шықпады. Қайта жанкүйерлерінен рухтанған Арманның мысы басты. Кезекті сәттердің бірінде Павел Силягин тіпті нокдаун да алып қалды. Бес раундтың қорытындысы бойынша Арман Рысбек жеңіске жетті.
Соңғы болып аса ауыр салмақтағы боксшылар шықты. «Арландардың» дебютанты Олжас Боқаев тәжірибелі Магомед Омаровпен жұдырықтасты. Олжас та жеңіске жету үшін аянып қалмады. Шабуылға өзі шығып, қарсыласын қыспаққа алумен болды. Дегенмен, бұл сында Омаровтың мерейі үстем болып, «Patriot boxing team» командасының алғашқы жеңісін еншіледі. Қорытынды есеп – 4:1.
Осылайша, «Astana Arlans» командасы 12 ұпаймен турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды. 1 сәуір күні олар Өзбекстанның «Uzbek Tigers» ұжымымен сынға түседі.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»