Әйтпесе, бір кездері өңірдің атағын шартарапқа танытқан Ерік Асқаровтай ақтангер айтыскердің ізбасарлары жоқ дегенге сену қиын. Тіпті 15 жыл бойы жөні дұрыс не аймақтық, не республикалық сөз сайысы ұйымдастырылмай «өз қазанында бүлкілдеп қайнап» келгеніне біреу сенер, біреу сенбес. Енді кештеу болса да осы олқылықтың орны толтырылып, тамыры солған кәрі ағаштай көзден де, көңілден де тасада қалған көнеден келе жатқан кенен өнердің тамырына биыл қан жүгірді. Облыстық әкімдік қолдау білдіріп еді, қаржы да, демеуші де табылып, мәдениет басқармасы ұйымдастыру жұмыстарына білек сыбана кірісті. Еліміздің әр қиырына «сауын» айтылып, республикалық аламан айтыс өткізілетін болып шешілді. Қара өлеңнің жілігін шағып, майын ішіп жүрген, атақтарынан ат үркетін кіл жүйріктердің келетінін естіген жұртшылық Жастар сарайына қарай ағылып, зәулім залға сыймай кетті.
Аламан айтыс басталар алдында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жиналғандарға құттықтау сөз арнады.
− Күн мен түннің теңеліп, Жер-Анамыз бусанар шақта асыға, тағатсыздана тосқан ақжарылқап күн өз нұрын, шапағатын ала келді. Елімізде Наурыз мейрамын тойлау дәстүрге айналған. Биылғы мереке ерекшеліктерге толы. Ұлы сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 115 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Республикалық жыр додасының, бір жағынан, жерлесіміздің құрметіне ұйымдастырылуы сондықтан, дей келіп, айтыскерлерге шалқар шабыт тіледі.
Дәулеткерей Кәпұлы, Ринат Зайытов секілді белгілі айтыс ақындарының қазылық етуі айтыс ажарын аша түсті.
Сахна төріне бірінші болып қарағандылық Мақсат Ақанов пен тараздық ару Аруна Керімбек көтерілді. Дүбірлі додаға алғаш шыққанына қарамастан Аруна қарсыласынан тосылмады. Шымшыма әзілдермен жауап қайырып отырды. Көрермендер жезде мен балдыздың жарасты сөз қақтығысына куә болды. Десек те, тәжірибелі, әбден ысылған Мақсат оза шапты. Алғашқы жұпты 40 минут бойы қыбыр етпестен тыңдаған көрермен қауым екінші жұп астаналық Дәулет Ерлан мен қызылжарлық Жұмабек Рахимовтың бабы келіспегенін бірден байқап, бас шайқаумен болды.
Үшінші жұп жұртшылықтың делебесін қайта қоздырды. «Жүрсіннің жүйріктерінің» ішінде әйгілісі, 2015 жылғы «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, халықаралық додаларда олжа салып жүрген павлодарлық Аспанбек Шұғатаевтың есімі аталғанда зал ішін ду қол шапалақ кернеп кетті. Ескінің көзі Бұқар жырау бабамыздың кесек-кесек сөздерінен, бейнелі кестелерінен нәр алып, өзі де сондай бір образға кіріп, дүбірлетті-ау! Оның қарсыласы− семейлік Нұржан Өмірбаев та оңай шағылатын жаңғақ болмай шықты. Десек те, Аспанбек Нұржанның осал тұстарын дөп басты.
«Уылдырықтың дәмі тәтті ме еді,
Уыз ішкен жеріңді ұмыттырған?! – деген тапқыр шумақтар аз кездескен жоқ. Әдетте, кез келген айтыскердің алымдылығы мен шалымдылығы ә дегеннен қапысыз аңғарылады. Кейбіреулерінің амандасулары бір-біріне ұқсап, жаттандылықтан, қарадүрсінділіктен аспай жатса, Аспанбек әрқилы мәнерде, мақамда келісті келтіре білді.
Ассалаумағалейкум, ақсақалдар,
Бәкісін мәсісіне қайрайтұғын.
Армысың, айқаракөз апаларым,
Жаулығы жайнамаздай жайнайтұғын.
Аман ба, менің дархан Қызылжарым,
Тоқсан күн той көрсе де тоймайтұғын, – деп сөз мәйегін суша сапырды. Солтүстікқазақстандық Мұхаммед Қоңқаев бұл жолы еркін көсілді. Оңтүстік Қазақстан облысының намысын арқалап келген Дәурен Ысқақ Қызылжар жұртшылығының қонақжайлылығын, меймандостығын шабыттана жырлады. Мұхаммедтің күнгейден Мағжан еліне алғаш рет ат басын тіреген Дәуреннің иығына шапан жауып, өз жолын, кәдесыйын жасауы өте жарасымды болды. Жүріс-тұрысынан да, киім киісінен де сырбаз серілік желдей есетін көкшетаулық Қуаныш Оспанов пен республикалық айтыстардың бірнеше мәрте бас жүлдегері атанған қызылордалық Мөлдір Айтбайдың тартысы доданың көрігін одан әрі қыздырды.
Мөлдірде:
Бірақ та мұның бәрі өңіңде емес,
Түсіңде бола ма деп қауіптенем, – деген ұтымды қайырымдар көп ұшырасты. Қостанайлық Тоба Өтепбаев пен қарағандылық Дидар Қамиевтің айтысында соңғысының айқын басымдығы айқын сезілді.
Аламан айтыстың бас жүлдесі мен 600 мың теңге Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Мақсат Ақанов бірінші орынға (400 мың теңге), Мөлдір Айтбай мен Мұхаммед Қоңқаев екінші орынға (300 мың теңге) ие болды.М.Жұмабаев ауданының әкімдігі тіккен Ерік Асқаров атындағы жүлде Нұржан Өмірбаевқа тапсырылды.
Өзге ақындарға да сый-сияпат көрсетілді.
Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан»,
Нұргүл ОҚАШЕВА,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ