Жолдауда сөз болған отандық агроөнеркәсіп саласының келешегі зор. Жалпы, қазіргі кезеңде бірқатар қарқынды дамушы мемлекеттер үшін агроөнеркәсіп кешені экономиканың драйверіне айналғандығы шындық. Сондай мемлекеттердің қатарына өзім білім алып жатқан, бүгінде Еуропалық одақ аймағының қарқынды дамушы экономикаларының біріне айналған Польша мемлекетін жатқызуға болады. Польшаның жылдам дамуына серпін беруші бағыттардың бірі – елдің дәстүрлі ауыл шаруашылығы.
Поляктар ғасырлар бойы жерден несібесін терген, мал шаруашылығынан пайда көре білген халық екендігі белгілі. Бірақ соңғы онжылдықта Польша агроөнеркәсіпте «дәстүрлі сапа» мен «технологиялық жаңашылдық» ұғымдарын өзара үйлестіре білді. Аграрлық сала технологияның соңғы жетістіктерімен жарақтандырылып, сала өнімдерін экспортқа шығару бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, Польша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласындағы көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды.
Мұндай жетістікке поляк кәсіпкерлері саланы технологиялық тұрғыдан жаңғырту, сыртқы нарықтарды, олардың талаптары мен сұраныстарын жіті зерттеу, зерделеу, тұтынушылардың талап-тілектерін ескеру арқылы қол жеткізді. Польшаның аграрлық сала мамандары елдің ғылыми орталықтарымен өнімнің сапасын арттыру, шығынын азайту және т.б. бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді. Нәтижесі де жаман емес, бүгінде поляк алмалары, ет және сүт өнімдері тек Еуропа ғана емес, одан тысқары аумақтарда да кеңінен танымал.
Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық сапалы, экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуға ниетті. Отандық кәсіпкерлер бұл трендті пайдалана білулері тиіс. Жолдауда айтылған субсидиялар беру, өнімді сақтандыру, тауарларды сақтау мен өткізу, саладағы әртараптандыру қолға алынып, ғылыми орталар мен сала кәсіпкерлерінің бірлескен жұмыстары өзара пайдалы бағытта жүргізілсе, отандық агроөнеркәсіп кешені дамитын болады.
Ал мемлекетіміз бүгінгі күні құрылысына қыруар қаражат бөліп, қалыптастырып жатқан көлік-логистикалық кешен сала өнімін сыртқы нарықтарға шығаруға қызмет көрсететін болады. Аталған логистикалық инфрақұрылымды дамыту – биылғы Жолдауда көтерілген басты тақырыптардың бірі.
Халықаралық сауда ағынында Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Еуропа аймақтарының рөлі аса жоғары. Еуразия құрлығындағы тасымал бағыттары негізінен аталған аймақтар арасында жүретін болады. Қазақстан сынды теңізге тікелей шығатын жолы жоқ, негізінен құрлықтық сипаттағы мемлекет үшін қуатты көлік-логистикалық кешенді қалыптастыру стратегиялық маңызды қадам саналады. Бұл ретте Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігіміз оң ықпалын тигізетін болады.
Халықаралық деңгейдегі жолдардың салынуы ел қазынасына түсетін табыспен қатар, жолдың өн бойындағы көлік инфрақұрылымының, қызмет көрсету саласының дамуына сеп болмақ. Ол дегеніңіз, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Ал ішкі жолдардың салынуы өңірлер арасындағы барыс-келістің көлемін ұлғайтып, ішкі дамуға мультипликативтік әсерін тигізбек.
Халқымызда «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген мақал бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша отандастарымызды Елбасының биылғы бастамаларын жаппай қолдауға, Жолдауда көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруда жұмыла еңбектенуге шақырамын.
Жандос ҚАРЫНБАЕВ,
Варшава университеті саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің докторанты