– Елші мырза, Тәуелсіз Қазақстанда ең бірінші елшілігін ашқан ел – АҚШ. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жылдан асты. Осы жылдар ішіндегі саяси-экономикалық қарым-қатынастардың даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Өзіңіз айтып өткендей, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп уақыт өтпей Америка Құрама Штаттары дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, Алматыда елшілігін ашқан алғашқы елдердің бірі болды. Сол кезден бері Құрама Штаттар Қазақстанның стратегиялық серіктесі және адал достары қатарында. Осы уақыт ішінде Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы экономиканың түрлі бағыттары бойынша байланыс орнатып, сауда-саттық көлемін арттыру және халықаралық қоғамдастықпен қоян-қолтықтаса отырып, жаһандық және аймақтық ең өзекті мәселелерді шешуде бірлесіп жұмыс жасап келеді. Ал бірлескен іс-қимылдар қатарында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, жаппай қырып-жою қарулары таралуының алдын алу, жасыл технологияларды дамыту мен адамның ғылым мен технологиядағы білімін көтеру секілді басымдықтар бар.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы мен Сирия жөніндегі жиналыстарды ұйымдастыруы Астананың халықаралық аренада өсіп келе жатқан көшбасшылық рөлі мен беделін айғақтайды. Сондай-ақ, АҚШ-тың дипломатиялық миссиясы Қазақстан тарапымен бірлесіп, білім беру бағдарламалары мен мәдени көрмелер ұйымдастыруды жүзеге асырып келеді. Ондай бағдарламалық іс-шаралар АҚШ өнерпаздары мен Қазақстанды таныстыратын спикерлердің қатысуымен өтіп жүр. Білім алмасу бағдарламалары арқылы Қазақстанның көптеген мамандары мен студенттері АҚШ-та оқып, кәсіби біліктіліктерін шыңдау мүмкіндіктеріне ие болуда.
– Екі елдің байланыстарында қай саланың табыстары мол, керісінше, қай бағыттар кенже қалып тұр деп ойлайсыз? Сіз өз жұмысыңызда қай бағыттарға басымдық бергенді жөн санайсыз?
– Бастапқыда біздің елдеріміздің ынтымақтастығы ядролық қаруды таратпау және энергия салаларынан басталған еді, ал қазір ынтымақтастығымыз жоғары технология, білім беру, қауіпсіздік және құқық қорғау салаларын да қамтиды.
Осы кездері біз қазақстандық серіктестерімізбен бірге ЖИТС/АИТВ-пен күрес, кәсіпкерлікті қолдау және аймақтық сауданың көлемін ұлғайтуды қоса алғанда, біраз елең еткізер жобалар бойынша жұмыстарда қарым-қатынас жасаймыз. Ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарымыздың нығаюының арқасында қазір біз Қазақстанға бидайдың өнімділігін арттыруға орай кеңес беріп отырамыз. Қазақстан көптеген бағытта бәсекелік артықшылықтарға ие бола алады, оның ішінде: тамақ өнеркәсібі, мұнай химиясы, металлургия және ауылшаруашылық саласы.
Америкалық инвестициялардың шамамен 70%-ы мұнай барлау мен өндіру сияқты кен игеру өнеркәсібіне, сонымен қатар, коммерциялық қызметтер, қонақ үй және темір жол материалдарын жасау салаларына тартылып отыр.
– Президент Дональд Трамптың билік басына келуімен АҚШ-тың Орталық Азияға және Қазақстанға қатысты ұстанымында өзгерістер болуы мүмкін бе?
– Мен біздің Президентіміздің Орталық Азияға, оның ішінде, әсіресе, Қазақстанға келуі айтарлықтай маңызы бар оқиға болар еді деп ойлаймын. АҚШ Президентінің сапары Қазақстанның және осы аймақтың Құрама Штаттар үшін маңыздылығын білдіріп қана қоймай, соңғы 25 жылдағы серіктестіктің мызғымастығының кепілі де болып табылар еді. Өзінің уақыты мен сапарлар кестесінің тығыздығына қарамастан, АҚШ Президенті өзі басшылық ететін мерзімде Орталық Азия секілді маңызды аймаққа келу жолын қарастырады ғой деп үміттенемін.
– Сіз елші болғандықтан, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі барлық іс-қимылдар мен жаңалықтарды саралап отырасыз. Осы орайда, өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформалардың жаңа легін ұсынып, ол ел халқы тарапынан қолдау тапты. АҚШ-тағы саяси орта бұл реформаларды қалай қабылдап жатыр? Өзіңіздің де пікіріңізді айта кетсеңіз. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауында сіз назар аударған маңызды мәселелер болды ма?
– Америка Құрама Штаттары соңғы 200 жылда өзінің Конституциясына 27 рет өзгеріс енгізген болатын. Сондықтан америкалықтар жаңа сынақтар мен сын-тегеуріндер жағдайында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу қажеттілігін, мұның заман талабынан туындап отырғанын түсінеді.
Ал сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларын трансформацияға жеткізетін кешенді реформаларды атап айтты. Осы реформалар толықтай жүзеге асқан жағдайда олардың нәтижесі Қазақстан экономикасы өсуінің жеделдеуіне, инфрақұрылымдардың жаңғыруына, сауда-саттықтың артуына және жоспарланғанындай, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуына жол ашатыны анық. Сыбайлас жемқорлықпен күрес реформаларды жүзеге асырудың негізгі тетігі болып табылады, себебі, қай елді алып қарасақ та сыбайлас жемқорлықтың дамуға кедергі келтіріп, қоғам мен инвесторлардың сеніміне селкеу түсіретіні күмәнсіз.
– Сіздің қазақша үйреніп жүргеніңізді білеміз және мұны халқымызға деген құрметіңіз деп бағалаймыз. Тіл білу – шынайы ақпарат алудың мүмкіндігі. Сіз Қазақстанның тыныс-тіршілігі туралы ақпаратты қандай ресурстардан аласыз? Елшілік қазақ газеттерін жаздырып ала ма?
– Мен қазақ тілін үйренуге мүмкіндігінше қолымнан келгеннің бәрін жасап жүрмін. Жалпы, елшілер өздері қызмет атқарып жүрген елінің тілімен, тарихымен және мәдениетімен таныс болуы тиіс деп ойлаймын. Осы себепті мен Қазақстанға келген алғашқы күндерімде-ақ қазақтың дәстүрлі киіз үйін резиденциямның ауласына орнатуды жөн көрдім және өзім оны мақтан тұтамын, себебі, іс-шаралар кезінде қонақтарды күтуге киіз үй өте жайлы әрі қолайлы және келушілерге де ұнайды.
Бұған қосарым, мен қазақ тағамдарын да жақсы білемін, оның ішінде өзіме ерекше ұнайтыны – шұбат.
Қазақ тіліндегі басылымдардан мен 5-6 газетке жазылғанмын. Арасында, әрине, сіздердің «Егемен Қазақстан» да бар. Қазақ басылымдарын оқу, сөз жоқ, менің қазақша үйренсем деген ұмтылысыма оң септігін тигізіп отырғаны анық.
– Әңгімеңізге рахмет, елші мырза.
Әңгімелескен Арнұр Асқар, «Егемен Қазақстан»