• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2017

Қытайдың №1 мұрағатында Қазақ еліне қатысты 3000 құжат сақталған

381 рет
көрсетілді

Бейжіңдегі Ұлттар университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлымен сұхбат

– Дүйсенәлі мырза, жа­қында газетімізде құнды ең­бек­теріңіз жөнінде қысқаша мақала жарияланды, «Қытай мұра­ғатында қазаққа қатысты 3 мың құжат сақталған» деген мәлімет жұртшылықты елең ет­­кізді. Тарихи құнды кітап­та­рыңызды тіпті өз қаржы­ңыз­бен шығарыпсыз?

– Алдымен жалпақ жұртқа жария қылып жатқан журналист Нұрболат Абайұлына және газет басшылығына алғысымды айтамын. Кітаптарымның Қазақ­станда жарық көруіне Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлі­мінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Оры­най Жұбаева себепкер болды. Ол кісіге көп рахмет. Әрине, жеке қар­жыммен шыққан соң таралым санының шектеулі болуы түсі­нікті жағдай.

– Әңгімені басынан баста­сақ, қалың оқырманға алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз?

– Мен 1974 жылы Шың­жаңның Іле аймағына қарасты Күнес ауданының Нарат ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем жаз жайлау, қыс қыстауға көше жүріп он баласын бағып-қағып тәрбиелеген қарапайым малшы. Мен үйдің бесіншісімін. Мектепті ауылда, ауданда оқы­дым. 1993 жылы бағым жанып Бейжіңдегі Орталық ұлт­тар университетіне оқуға қабыл­дандым. 1995 жылы Білім минис­трлігінің «Мемлекеттік гума­нитарлық ғылымдар бойынша негіздік пәндерден дарындыларды жетілдіру және ғылыми зерттеу базасын құру» жөніндегі қаулысына сай, университеттің бекітуімен «Тіл ғылымы» фа­куль­тетінде алғаш ашылған арнайы топқа ауыстым. 1998 жы­лы магистратураға емтихансыз түстім. 2002 жылдан бастап уни­верситетке оқытушы болып қызметке қабылдандым.

– Ғылымдағы жолыңызды алғаш қай тақырыптан баста­дыңыз?

– Сонау мектепте оқып жүрген кезден бастап жағырапия, тарих пәндеріне қатты қызығатынмын. Кейін университетке түскенде тіл бағытына бөліндік. Магис­тратурада тіл тарихы бағытында оқыдым. Кейін диссертация тақырыбын «XVIII-XIX ғасыр­лардағы ресми іс қағаздар тілінің лексикалық ерекшелігі» деп бекі­тіп, осы тақырыпта диссер­тациямды жаза бастадым. Әрине, пайдаланған мәтіндердің дені бұрынғы Кеңес Одағы тұсында жазылған еңбектерден алынды. Бір қызығы, қазақ хан, сұлтандарының хат-қағаз­дарын оқу барысында оның тілдік ерекшелігімен бірге ондағы мол тарихи мәліметтер жадымда жатталып қалды. Менің тарихи деректану, тарихты зерттеу бағытына қарай бейімделуімнің негізгі себептерінің бірі осы. Дерек­тануда тіл білімі аса маңызды рөл атқарады. Осы орайда алғашқы ғылыми жетекшім, бүгінде әрі ұстазым әрі қызметтесім Еркін Ауғалиұлына ерекше алғысымды айтамын.

– Естуімізше, сіз кейін өз қар­жыңызбен мұхит асып Жапонияға білім іздеп барыпсыз. Не үшін? Осы тақырып­тарыңызға ол елден қандай қа­жет­тілік болды?

– Қазақ хандығы тарихын зерт­тегенде көрші елдердің сол дәуірдегі тарихымен міндетті түрде ұштастыра зерттеу керек. Қазақ хандығы төрт ғасырдан астам уақыт дәурендегенмен, атажұртта сақталған тарихи дерек­көздер жоқтың қасы. Қайта көрші елдердегі мұрағат қорларында сақталған. Мысалы, Қазақ хандығының Чиң пат­шалығымен болған қарым-қатынасын Қытай мұрағат қор­ларындағы дереккөзінсіз зерттеу бос әңгіме. Осыдан барып Чиң патшалығын тану деген ұғым туындайды. Чиң патшалығын зерттеуде Қытайдан басқа біршама мол табыстарға қол жеткізу жа­ғынан Батыс елдерін айтуға болады. Ал Шығыста Жапо­ния­ны ауыз толтырып айта аламыз. Олардың ғасырлық зерттеу тәжірибесі бар, зерттеу жетістіктерімен қоса зерттеу әдістері өз алдына бір төбе, манжутану, моң­ғолтану мектептері әлде­қашан қалыптасқан. Сондықтан, Жапо­нияға барып білім алу менің арманым болды. Әйтеуір қат-қабат қиыншылықтарды жеңе жүріп Жапонияға оқуға келдім.

– Жапонияда докторлық диссертацияны қандай тақы­рыпта қорғадыңыз? Қай тілде жаздыңыз? Ғылыми жетек­шіңіз кім болды?

ـــ 2005 жылы алдымен На Гоя университеті халықаралық тілдер мен мәдениеттану институтына оқуға түстім. Алайда білі­мімді онан ары ұштап, зерттеу саласының ғылыми теориялық негіздерін бекемдей түсу үшін 2006 жылы сәуірде Киото университетіне оқу ауыстырып, тарих-мәдениеттану мамандығы бойынша докторантурада жал­ғастырдым. Бұл арада әйгілі шығыстанушы ғалымдармен танысып, еңбектерін оқы­дым. Шағатай, парсы тілі сабақ­­тарынан қалмауға тырыс­тым, манжу тілін үйрендім. Халық­аралық конференцияларға бел­сенді қатысып, өзім де баяндама жасадым. 2009 жылы жазда жапондық ғалымдардан құралған археологиялық экспедициямен бірге Қазақстан, Қырғызстан елдерін аралап қайттық. 2010 жылы наурызда әйгілі тарихшы, шағатайтанушы Хамада Масами мырзаның ғылыми жетек­шілігінде «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақша мұрағат құжаттары туралы тарихи дерек­намалық зерттеу» атты док­торлық диссертациямды үздік қорғап, Киото университетінен докторлық ғылыми атағын алдым. Диссертациям, әрине, жапон тілінде жазылды.

– Сіздіңше Қазақ хандығы тұсында қатталған қазақша дерек­көздердің зерттелу жай-күйі қалай?

– Тарихи деректану ғылы­мының тікелей зерттеу объек­тісі әлмисақтан тарихи құнға ие барлық нақты жазба деректер болмақ. Осы тарихи дерек­тердің сүбелісінің бірі – мұрағат құжаттары. Қазаққа қатысты мұрағат құжаттары саны жағынан қомақты болмаса да әр дәуірде, әр өңірде, түрлі жазба тілде жазылып, сақталған. Бұлардың ішінде ескі қазақ жазба тілімен қатталған тарихи құжаттардың дені XVIII ғасырдың алғашқы жартысынан бастау алады. Онда негізінен Кіші жүз хан, сұлтандары және олардың ұрпақтарының Ресей империясына жазған түрлі мақсаттағы ресми іс қағаздары басым орынды иеленеді. Алайда, Қазақ хандығының Чиң патшалығымен болған қарым-қатынас мәселелері нақты дереккөз, мәліметтер табылмағандықтан, ұзақ уақыт жұмбақ болып келді. Ал кейінгі кездері осы жұмбақ шешімін тауып, қуанарлығы, жапониялық, қазақстандық мамандар да бұл салаға ден қоя бастады.

– Сіздің пікіріңізше, бұл сала әр елде қолға алынып зерттеле бастаған көрінеді. Алдыңғы қатарда қай ғалымдарды айтар едіңіз?

– Бұл арада мен тек жапондық ғалымдарға тоқтала кетейін. Жапонияда аға буын ғалымдардан алдымен Сагучи Торуды айтуға болады. Ол кісі 2006 жылы 90-ға қараған шағында қайтыс болды. Мен ол кезде Жапонияда болатынмын. Тарихшы ғалым Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасына байланысты өшпес зерттеу мұраларын жазып қалдырып кетті. Қазір қазақ тарихын зерттеп жүргендерден Уяма Томохико, Нода Джин, Онума Такахиро, Акасака Цунеаки қатарлы әріптес ғалым­дарды айтуға болады. Уяма Томо­хиконың жазған «Қазақ тарихы: тарихи пайымдаудағы сақталған мәселелер негізінде» атты мақаласы (1999 жыл) бар. Меніңше, бейтараптық тұрғыдан тамаша жазылған еңбек. Ал соңғы екі ғалым болса Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасына байланысты зерттеу­лермен тікелей айналасып жүр. Екеуі бірлесіп ағылшын тілінде жазған «Қазақ сұлтандарының Чиң патшалығына жазған хаттары» атты еңбегі 2010 жылы баспадан шықты. Оған 13 дана қазақша құжат енгізілген. 2011 жылы Нода Джиннің «Ресей-Чиң империясы және Қазақ хандығы» атты жеке монографиялық еңбегі жарық көрді. Өткен жылы осы кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы да оқырман қауыммен жүздесті. Ал Онума Такахироның «Чиң патшалығы және Орталық Азия сахарасы: көшпелілер әлемінен империя іргесіне қарай» атты монографиялық еңбе­гі жарық көрді (2014 жы­лы). Ғылыми мақалаларынан 2006 жылы жарияланған «Чиң патшалығы мен қазақ билеу­шілерінің саяси қарым-қатынасы хақында – Орталық Азия Ежен-Албатұ қатынасының дамуы» атты мақаласын айтар едім. Бұл мақалада қазақша, тот-моң­ғұл тіліндегі құжаттар негіз етіліп, қазақтар мен Чиң пат­шалығы арасындағы қарым-қатынас жөнінде жаңа ғылыми көзқарастар ортаға қойылған.

Абылай, Әбілпейіздердің Боғда Ежен ханға жазған тұң­ғыш хатына байланысты сөз болғанда, зерттеушілер көп жағ­дайда оның қытай тіліндегі аудар­масына жүгінетін. Оның түпнұсқасына барабар тот-моңғол тілінде жазылған нұсқасы бар екенін кейін білдік. Мұрағат қорынан көзімізбен де көрдік. Дәл осы нұсқасын тұңғыш рет 2006 жылы ғылыми айналымға түсіріп, жарыққа шығарған осы Онума Такахиро. Ғалым мақаласында алғаш құжаттың факсимилесі, транскрипциясы және жапон тіліндегі аудармаларын бере отырып зерттеген. Ал Акасака Цунеакидің «Жошы ұрпақтарының саяси билік тарихы» атты еңбегі 2005 жылы жарық көрген. Жоғарыдағы айтылған кітаптар мен мақалаларды біздегі оқырмандарды айтпағанда, зерт­теушілеріміздің де білуі екіталай. Шынтуайтқа келгенде, олар әлдеқашан талай нәрсеге ғылыми тұжырымдар жасап қойған. Осы саламен айналысатын ғалымдар осы жағын ескерсе екен дегім келеді.

– Қытайдың №1 тарихи мұ­рағатында сақталған қазаққа қатысты құжаттарды зерттеп жүрген ғалым ретінде онда сақ­талған қазақ хан, сұлтан­дары­ның хаттары туралы не айтар едіңіз?

– Осы мұрағат қорында сақталған қазақша құжаттардың жалпы санына байланысты берілген цифрлар біркелкі емес. Мен осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында, 2008 жылы 15 қазаннан 2009 жылы 16 қаңтарға дейін Қытайдың №1 тарихи мұрағатында арнайы зерттеу жүргізіп, ондағы микрофильмге түсірілген «Әскери басқармада сақталған манжуша мәлімдемелердің көшірме нұсқаларын» бастан-аяқ тү­гел көзден кешіріп, ондағы қазақ­ша құжаттардың бірде-біреуін қалдырмай тексеріп шықтым. Осылайша, жергілікті әкімшіліктегілердің манжуша мәлімдемелерімен бірге патшаға жолданған қазақша хаттар мен тот-моңғұл жазуындағы хат­тардың нақты жағдайынан біршама толық мағлұмат алдым. Жан-жақты зерттеу барысында, манжуша мәлімдемелермен бірге жолданған қазақша, тот-моңғол жазуындағы құжаттардың жалпы саны 173 дана, соның ішінде тек ескі қазақ жазба тілінде жазылғандары 156 дана екенін алғаш анықтадым. Міне, бұл қазірге дейін жорамалданып келген қазақша құжаттардың сандық мәліметтерінен әлдеқайда көп. Осы құжаттардың ішінен 5 дана патшаның жарлық хатын шығарып тастағанда, қалғандары түгел қазақ билеушілері – Абылай, Болат, Әбілпейіз, Хан­қожа, Жошы, Бопы, Көгедай, Уәли, Әділ қатарлы хан, сұл­тандардың патша ордасына немесе оның жергілікті әкім­шіліктеріне жолдаған ресми іс қағаздары екені белгілі болды.

Бұл арада оқырман қауым­ға мынаны алдын ала ескерт­кім келеді: қазір мұрағат құжат­тарының тек микрофильмге тартылған нұсқасын ғана көруге болады. Сондықтан микрофильм­ге тартылмай қалғаны болса, онда біздің жинақтаған сандық мәліметке кірмей қалуы мүмкін.

– Сол хаттардың маз­мұ­нынан біреуін айтып бері­ңізші...

– Аталған құжаттарда Чиң пат­шалығы мен қазақтар ара­сындағы саяси-экономикалық байланыстар ғана қамтылып қалмастан, оның үстіне қазақ-қырғыз, қазақ-ойрат қарым-қатынастары туралы да құнды тарихи мәліметтер бар екендігін байқай аламыз. Мысалы, 1775 жылы 28 маусымда Әбілпейіз сұлтан Іле генералына: «Жылан жылы атам Әбілмәмбет ханға жолыққалы барғанмын, одан жылқы жылы күз үйіме қай­тып келдім. ...Мен кеткенде қыр­ғыздар ел шетінен жылқы барымталады, оған Ханқожа төре, Барақ батыр 4 мың қол бас­тап барған екен, қырғыздар ел болайық деп қазақтарды 17 күн қондырып, соңынан бұлап алыпты да қайта келіп Шапырашты елін шауып кетіпті. Онан Абылай ханмен бірге 20 мың қол бастап барып, қырғыздардың 4 мың кісісін алдық...», – деп хат жазады. Міне, бұл өте қызықты тарихи оқиға, мұнда Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан, Барақ батыр бастаған әскер саны сынды мәліметтер тайға таңба басқандай анық қатталған.

– Өткен жылы жарық көр­ген «Қытайдың №1 тарихи мұ­рағатында сақталған қазақ­ша құжаттар» атты еңбегіңіз жоға­рыдағы зерттеулердің жемісі болды ғой?

– Иә, солай. Сол зерттеулердің маңызды бір бөлігі әрі 2011 жылдан бері Білім министрлігі қаржыландырып келе жатқан «Қытайдың №1 тарихи мұра­ғатында сақталған Чиң пат­шалығы дәуі­ріндегі қазақша құ­жаттар» ат­ты ауқымды ғылыми жоба­ның жемісі деп те айтуға болады. Қытайдың №1 тарихи мұра­ғатында сақталған қазақша құжа­ттардың жай-күйі алғаш кеңі­нен баяндалған кітап былтыр Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» жарық көрді. Құжаттарды атауда «қазақша құжаттар» деген ұғымды алдым. Кітапқа 67 дана хат енгізілді, мұның арасында бірнешеуі бұрын басқа ғалымдар жағынан істелген, алайда кейбір тұстарын қайталай толықтырдым. Сондай-ақ, 30 дана құжаттың факсимилесі берілді. Хаттағы мәліметтерге қарай отырып, хат иесі, олардың жіберген елшілері, еріп барған қосшылары және сыйға тартқан арғымақтары сынды мазмұндарға жіктеп көрсеттім. Бұл хатнамалар қазақ тарихы мен мәдениеті үшін аса құнды тарихи деректемелер екендігі даусыз.

– Естуімізше, «Ескі қазақ жазба тілі» атты тағы бір ең­бегіңіз тұңғыш рет жазылып отыр екен. Бұл тақырыпқа не түрткі болды?

– Иә, бұл еңбек 2015 жылы Бейжің қаласындағы «Ұлттар баспасынан» алғаш жарық көр­ді. Мұндағы негізгі мақсат – нақ­ты деректерге сүйене отырып Қазақ хандығы тұсындағы жаз­ба тілдің туын көтеріп, оны ғылыми айналымға салу. Бұл жазба тілдің уақыт кезеңі ретінде Қазақ хандығы құрылғаннан бас­тап XX ғасырдың бас шеніне дейінгі аралықты айтуға болады. Бұл арада оны ауызша әдеби тілімен шатастырмауы­мыз керек. Бізде осы жазба дәстүрді көп жағдайда «Шағатай тілі» деп атап келеді, қазіргі ғалымдарымыз да үнемі осылай қолданады. Әрине, бұлай атаудың да өзіндік негізі бар, Қазақ хандығы тұсында қолданылған жазба тіл де осы шағатайлық дәстүрмен сабақтасып жатады, оларды бөліп тастауға келмейді. Деген­мен Орталық Еуразия даласында төрт ғасырдан астам уақыт аты затына сай хандық құрып, билік жүргізген бір ұлыстың өз ойын хатқа түсіретін мәлім бір фор­мадағы жазба тілі болмады деу шындыққа жанаспайды. Ал болған жағдайда оның қазіргі қа­зақ тілімен қатысы жоқ деп айту мүлде ақылға қонымсыз пікір.

Біздің «Ескі қазақ жазба тілін» жазуымызға осындай ой тікелей мұрындық болды. Шынын айту керек, бұл тақырыпты жазу тым қиынға соқты. Өйткені, қазірге дейін осы кезеңге жататын жазба деректердің тілін ескі қазақ тілі ретінде бейімдеп жазған ел іші-сыртында кәдеге жарайтын оқу құралы немесе ғылыми еңбек жоқ. Сондықтан бәрін бастан бейімдеп жазуға тура келді. Келтірілген мысалдар нақты дереккөздерден алынды. «Көш жүре түзеледі» деген, кейінгі басылымдарда жалғасты түзетулер мен толықтырулар жасасам деймін.

– Сіз қазір, Жапонияда қандай шаруалармен айналысып жатырсыз?

– Қазір Токиодамын. Білім министрлігінің шетелге шығу қорының қаржыландыруымен Токио шетел тілдер университеті «Азия-Африка тіл-мәдениет зерт­теу институтына» бір жылға оқуға келдім. Осындағы ғалым­дармен селбесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарымды ары қарай жалғастырудамын. Бұл арада білімімді нығайтуыма қолдау көрсеткен факультет бастығы Жаң Диңжиң мырзаға көп алғыс айтамын.

– Алдағы зерттеу жоспар­ла­рыңыз жөнінде айта отыр­саңыз?

– Әу басында Қытайдың №1 тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттарды толықтай зерделеуді жобалаған болатынмын. Мұның алғашқы жемісін де көріп отырмыз, былтырғы шыққан «Қытайдың №1 тарихи мұрағатында сақталған қазақша құжаттар» атты еңбек осының айғағы. Қалған құжаттарды тағы бір кітапқа топтастырып шығармақпын. Одан кейін дәл осы қазақша құжаттардың манжу тіліндегі аудармалары және жергілікті әкімшіліктегілердің осыған қатысты патшаға жол­даған мәлімдемелері бар, осыларды салғастыра отырып қазақ тіліне аударып, зерттеу жасау ниетіндемін. Арасында, әрине, тот-моңғол тілінде жазылған хаттарды зерделегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

АСТАНА

Суретте: 1788 жылы 22 мау­­сымда Іле генералы мәлімде­ме­сімен бірге жолданған Хан­қожа сұлтанның хаты

Соңғы жаңалықтар