Кездесу барысында қазақстандық елші Ирак басшысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 10-11 қыркүйек күндері Астана қаласында өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне шақыру хатын табыс етті. А.Бердібай аталған саммит ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ғылым және инновация жөніндегі қатынастарды нығайтуға жаңа серпін беретінін, сондай-ақ, ислам әлеміндегі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, экономикалық даму мақсатында ғылым мен технологиялардың рөлін нығайтуға бағытталған жобаларды іске асыруға үлес қосатынын жеткізді.
Кездесу аясында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың даму көкжиектерін талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. А.Бердібай Ирак Президентін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі басымдықтарымен таныстырды.
Кездесудің қорытындысында Ф.Масум Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың саммитке шақыруына орай өз алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлес қосатындығын атап өтті. Сонымен бірге, ол Елбасының парасатты сыртқы саяси бастамаларына және қоғам институттарын дамыту мақсатында жүргізіп отырған реформаларына жоғары баға берді.