«Буревестник-Алматы» волейбол командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңген алтайлықтар уақытынан бұрын біріншіліктің чемпионы атағына қол жеткізді. Осылайша, «Алтай» екі мәрте ел чемпионы атанып, жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді. Павлодар облысының «Павлодары» екінші орынды иеленсе, «ТНК «Казхром» командасы чемпионаттың қола жүлдесін қанағат тұтты. Марапаттау рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, жүлдегерлерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бұл біздің облыстың ғана емес, барлық волейбол сүйер қауымның жеңісі деп білемін. Аймағымызда осы спорт түрінің дамуына атсалысып, клубты қолдап отырған облыс басшылығына алғысымды білдіремін, – деді «Алтай» волейбол клубының бас бапкері Игорь Никольченко.
Реті келгенде айта кетейік, өткен маусымда тарихта бірінші рет «Алтай» волейбол клубы ел біріншілігін жеңіп алған-ды. Ол кезде де чемпионат аяқталмай жатып жеңіске жеткен еді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН