Ақтық сапарға аттандырып салудың әдеттегі қаралы жиыны десе де, жиылған көпшіліктен тобырлық мәдениет белгісінің жұқанасы да білінбеді. Мінбеге көтерілгендердің көбі мансап иелері мен бастарына бақ-дәулет қонғандардың қасында төменшіктей қоймайтын жұртшылыққа танымал зиялы қауым өкілдері. Құбылаға қарата жатқызылған сүйек алдында сөйлегендер адамгершілігі мен ғалымдығын әспеттеп, еңбегі мен ерлігін бұлдай алмас икемсіз жаратылысын тұспалды емеурін арқылы жеткізгісі келген сарында күңіреніс те жоқ емес еді.
Әрі сыныптас, әрі немерелес туысы Бақыт Балайұлы ұзын тұрқына бола балалар Рафатқа «жираф» деген жанама ат қойған еді. Жасөспірім шағында жазған фантастикалық әңгімесін өзіне оңашада оқығанын, мазмұнын қысқаша баяндай бастағанда – «үш-төрт көгенкөз біз де бір емес пе едік» деп сол арада дауыстап үн қата жаздадық. Бақыт сөзі жиылған көпшіліктің бірқатарын тәуір әсерге бөлегендей. Мұрат Әуезов, Дияр Қонаев, Айгүл Ісмақова, Жанарбек Әшімжан қанша жүрекжарды сөйлесе де, қонақасы үстінде Марат Әдібаев Рафат сыныптасының тебіренісіне айрықша тоқталып өтті. Әуезов мұражайы үшін Рафат өлімі орны толмас қаза екенін тегеурінді екпінімен өкіне жеткізген кезде: «Бар-жоғы мұражай ма?» деп аясын тарсынып, қоңылтақсулы халде қабылдағанымыз да рас.
Келтелік дегенің бәрібір сыр бермей қоймайды. Мұхтар Әуезов мұражайы әйтпесе жай атаудан гөрі мәртебесі жоғары киелі орын емес пе. «Абай жолы» эпопеясын әр саққа әуектетіп әкететін әдетке үн қатпастан түксиіп отыратын Рафат: «Жинаған материалдарды көрсең, тағы төрт кітапқа жетерлік. Соларды іріктеп, көркемдік шындыққа айналдырудың азабын айтпайсыңдар ма. Қазақ арасында ғана өйтті, бүйтті деген әңгіме толастамайды. Ұлылардың аты ұлы, солардың көбінен Әуезов артықшылығы – әмбебап», – деп қысқа тұжыра кесіп тастайтын.
Мұраға деген көзқарасының тұрақтылығы жөнінен Рафат тақуалық ғұрыпты ұстанғанға ұқсайды. Ленинград университетінің студенті Әуезовтің Чехов драмалары мен Жетісу алабындағы албан ақындары туралы орысша жазған зерттеуін табу Рафат маңдайына жазылғаннан бөлек – оның осы жұмысқа тұруын ұзақ күтіп жатқандай көрінеді. Соны алғаш кезіктіріп, оқығандағы қуанышы мен жарыққа шығарудағы ұмтылысы күні бүгінге дейін есімізде. Сом алтынның буына елтіп, мол олжаға кенелген нұрлы өзгерістің төтендігін дер уағында аңғарып, қуанышын үстемелей түсудің орнына салғырттау тыңдап, салқын райда қоштағаннан сау емес шығармыз. Әдебиет институында жұмыс істеп жүрген шағында қат-қатымен жиналған папкілердің арасынан Сарыбас пен Жамбыл айтысының жаңа нұсқасын кезіктіргенін қайта-қайта айтып, «Жұлдыз» журналына бастырғаннан кейін барып арыны басылған сияқтанды. Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағына 150 комментарий жазғанын тікелей жұмысы санағаннан болар шет жағалатып қана айтатын. Томдарды өткізу бағдарына кіріскен кезде комиссия тарапынан ешқандай ескерту естімегенін мақтан қып емес, ризалық шырайда баяндайтын.
Мінеки, енді есік пен төрдей аралықта кесе-көлденеңнен жатқан алып азаматпен бұл дүниедегі соңғы рет қоштасу барысындағы налаңды қанша жұлқынып шығарсаң да, құла дүз кеңістікке маңған үнің көгілдір толқындарға сіңіп, ширатыла есілген сағым арасынан Рафаттың еңсегей бейнесі көлең қаға көрінетін сияқтанады. Байтаққа аты мәлім ғалым, ақын-жазушылар, лек-легімен ағылып келген көпшілік – көңілдерін риясыз білдірген соң ба: «Апыр-ау, Рафат мықты екен ғой» – десті сыныптастар бір-біріне үнсіз қараған қалыпта. Адам танудың алаңсыз қамсыздығы ма, кештетіп болса да мойындады-ау, әйтеуір! Мұның бәрі жазушы, ғалым, қоғам қайраткері деген өнебойғы жарнамаға академик дегенді қосақтайтын тұстастарының қылығы саналарына тұлға болып қонақтағанның кесірі шығар, бәлкім.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жүргізілген анкета бойынша жазушы Қуаныш Жиенбаевтың берген жауабы Рафаттың жастықтың қоламтасына жатқан шоғын үрлеп, тұтатқандай көрінді. Алдыңғылар мен кейінгілердің тура ортасындағы тұтас бір буыннан көп ешкімнің назарына ілікпей, қақастау қалғанын меңзеген еді. Соның арқасында Несіпбек Дәутайұлы, Серік Асылбекұлы, Әлібек Асқаров, Қуаныш Жиенбаев, Қуандық Түменбаев шығармаларының байыбына байсалды барып, жан-жақты талдаған сериялы мақалаларды бірінен соң бірін үзбей жазып жариялаған еді. Мұндағы басты нысана осы қаламгерлердің кескіндеген бейнелерінің ерекшелігін негізгі ұстаным ғып алған бағыт біраз жұртқа ескі сарын, жүріп өткен соқпақтың бұрынғыдан қалған сүрлеуіндей көрінді. Әдебиетші інішектің бірі мұндайда сын керек деген емеуріні сол ойды меңзегендей. Осы мақалалардың өн бойында асыра мақтап асығыстыққа бармайтын, кемшіліктің өзін әдеп-ибамен жұмсақ жеткізетін ұстанымының арқасында ешкім шамданбады да, талдаудың қисынына еш қарсылық білдірмеді де.
Қырық я одан да ұлғайыңқы тартқан шағымыз ба, ықыласты әңгіменің әйтеуір өрістеген сәтінің үстінде баяғы бала кезде жазған фантастикалық дүниесінің жай-жапсарын сұрап неміз бар еді. Дереу жиылып ала қойды да, түйіле суық қадалған мезет әлгінде ғана жадыраңқы шырайы ойсоқты кейіпке көшіп үлгерді. «Оп-оңай жазылатын жаттанды нәрсе болған соң тастай салғам», – деді жақтырмаған ыңғайда. Мұншалықты үзілді-кесілді тұжыруды күтпеген пақыр басымыз жаттандылықты шиырлаумен есіл уақытты зая қылғандай қуыстану халіне тап болғаныңды өзің де сезбей қалады екенсің. Ауырып, жаны әлекке түскен шақта да, осалдыққа барып мұңын шақпаған Рафат ата жолынан мүлт кетпеген қариядан аумай бара жатты. Тумысынан бейәдеп сөйлемей, кемсітіп, басынуға жаны қас ол жігіттердің әйел мінезіне салынып, жасып егілгенін алда-жалда ұшырата қалса – осынау әлсіздікті құдды өзі жасап тұрғандай, өрт шалғандай күреңіткен бет-жүзін тыжырына бұрып әкететін.
Классикалық әдебиетпен тікелей тәрбиеленіп, қалыптасқан эстетика – құндылық атаулыға құрметті суытпастан жан дүние алымын кеңіте түсе ме дейсің? Дүние жүзі әдебиетінен кез келген персонаждан мысал келтіріп, әңгімесін жалғаған кезде сөз желісіне сұранып тұрғандай қапысыз құйылыс табатын. Өзіне жамандық жасағандардың пендешіліктерін соншалықты жирене баяндаса да, солардың өрен-жарандарының мінезіндегі іріліктерді көре білуге еркі еркін жететін.
Дерт терең дендеп, еттен ари бастаған ақырғы күндері Рафат перзенттік борышын аяғына дейін атқарып кетуге тырысқанына қанша түсіністікпен қарасаң да, о баста-ақ неге қолға алмады екен деген пенделік ой қылаң қағатыны бар. Үлкендер тарапынан жабылған жаланы әкесіне жеткізе алмай қиналған оқушы баланың жағдайын баяндаған осы жолдар иесі повесінің прототипі – Рафат пен әкесі еді. Соғысқа қатысты құжаттарды жинастырып жүріп, өмірден алынған сәттерін талдап, көркемдік уәжге тоқталған соңғы мақаласы «Ана тілі» газетіне жарияланған бетте бір аптаға жетпей өзі дүниеден озды. Оқыған дүниелеріндегі образдарды талдау машығы қатар өмір сүріп жатқан адамдарға ұқсатып айтқанда – кітаптағылардың демін тура қасыңнан сезілетіндей күй кешетінің бар. Сол соңғы мақаланың бір түйіні әрі таңырқатып, әрі опындыратын халге тап қылғаны несі екен. Екі кейіпкер де адал, капитан шенінде соғысқа қатысып, батальон басқара жүріп ерлік жасаса да әкесі өмір бойы елеусіз. Білімді де білікті бола тұрса да туған ұлы өзін көрсете алмайтын жігерсіз пақыр еді. Бұлайша қатал үкім шығарса да Рафатпен қызу пікірталасқа барып, мың-сан мәрте ой бөліскен шақтар қайтып оралмайтыны өкінішті-ақ. Ақырғы күндері жүріс-тұрысы мен ұстамының әсері ауыр тисе де байыппен сөйлеп қана қоймай, құрыштан құйылғандай болмысының арқасында орасан дерттің салмағын қайыспай көтеріп, сыр бермей өткен екен-ау, сабазың.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ
АЛМАТЫ