Қазақстандық жастардың өкілі ретінде біздердің жан-жақты білім алып, өз мүмкіндігімізді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін еліміздің басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінде жастардың алдағы уақытта қоғамды жаңғырту, сондай-ақ, мемлекеттік құрылымдарды жетілдіруден бастап, ақпараттық технологиялар саласында жаңа бағыттарды дамытуға дейінгі жұмыстарға өз үлестерін қосуға жол ашылып отыр. Бұл мәселелерде өзге мемлекеттердің табысты тәжірибелерін назарда ұстаған ешқашан артықтық етпейді.
Бүгінде өзім білім алып жүрген Финляндияны алатын болсақ, ондағы Суомиде цифрлы технология өте жақсы дамыған. Скандинавиялық мемлекет осы цифрлы технологияны ел экономикасын дамытудағы басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Өйткені, оларда цифрлы бизнес қазірдің өзінде жаңа сала болып қалыптасуда. Мысалы, соңғы жылдары Суомиде ойын индустриясы рыногы белсенді дамып келеді. Рынок көшбасшысы ретінде танылған «Суперселл» компаниясы жастардың «кумиріне» айналып үлгерді. Бұл компания небәрі алты жылдың ішінде шағын ғана фирмадан әлемдік ойын индустриясы рыногындағы ірі ойыншының біріне айналды.
Цифрлы технология өзін өзі тез ақтайтын және экономиканы қарқынды дамытудың сенімді құралы болып табылады. Сондықтан да Елбасы Жолдауында цифрлы технологияны дамытуға ерекше мән берілген. Міне, бұл Президентіміздің ел болашағына байланысты мәселелерді күні бұрын зерделеп, нақты шешім қабылдайтын көрегенді саясаткер екенін дәлелдеп тұр.
Қазақстан өндіріс салаларына жаңа технологияларды батыл енгізу арқылы әлемдік деңгейге көтерілетініне біздер – жастар сенімдіміз, оған өз үлесімізді қосуға әрқашан дайынбыз.
Анар БАЗАРХАНОВА,
Финляндиядағы Аалто университетінің докторанты