• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Наурыз, 2017

Тасқынға қарсы дайындық жайы айтылды

142 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төр­ағасы Ислам Әбішевтің қаты­суымен арнайы брифинг өтті. Онда елдегі гидротехникалық құрылыстардың және су қой­маларының тасқын суға дайын­дығы туралы сөз болды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында И.Әбішев бүгінгі күні Су ресурстары комитетінің бассейндік инспекциялары әкімдіктермен және ТЖ аумақтық органдарымен бірлесіп 859 гидротехникалық құрылыстарға тексеріс жүргізгеніне тоқталды. Оның айтуынша, гидротехникалық құры­­лыстарды тексеру жұмыстарын коми­теттің инспекциялары одан әрі жалғастыруда. Сондай-ақ, гидро­тех­­никалық құрылыстардың меншік иелеріне тасқын суды қауіпсіз өткізу бой­ынша шараларды қамтамасыз ету қа­жет­тілігі туралы хат жолданған.

Брифингте белгілі болғандай, рес­публикалық меншіктегі барлық су шаруашылығы нысандарында құры­лыстар арқылы тасқын суды апатсыз өткізу бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, көтергіш механизмдер мен электромеханикалық қондырғыларды тек­серу және сынамалау өткізілген. Бұ­­ған қоса, 2017 жылғы 10 ақпаннан бас­тап тәулік бойғы кезекшілік ұйым­­дастырылған, тұрақты байланыс қам­­тамасыз етілген.

Тасқын су құбырларына байланысты тө­тенше жағдайда «Қазсушар» РМК-де инерт­тік материалдардың, ЖЖМ (жанар-жа­ғармай материалдары) апат­ты қоры құрылған, арнайы техника дайындалған және су шаруашылығы объектілеріндегі электр желілерінің апаты болған жағдайда дизельді электр стансалары дайындалған.

«Жалпы, бүгінгі күні республикадағы су қоймаларында су шаруашылығы жай-күйі тұрақты және үнемі бақылауға алынған», – деп атап өтті И.Әбішев. Со­нымен қатар, И. Әбішев Оңтүстік Қазақстан облысын ауыз сумен қамта­ма­­сыз ету жөнінде айтты. Оның сө­зі­не қарағанда, үстіміздегі жылы Ауыл ша­руашылығы министрлігінің Су­ ресурстары комитеті мен «WIND POWER­ GmbH» Германия фирмасының ара­сында екіжақты меморандумға қол қойылған. Құжатта электр энергиясын өндіру арқылы қуаттылықты арттырып, Оңтүстік Қазақстан облысы халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету­ге бар күшті біріктіру, сондай-ақ, жаңа ге­нерациялық қуатты құру мүмкін­ші­лі­гімен жаңа су қоймаларын салу және қол­да­ныс­тағыларды қайта жаңар­туға қатысу көз­делген.

Бұл келісім, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Шардара аудандарының ел­ді ме­кендерін және Шымкент қала­сын ауыз сумен қамтуда үлкен бастама болып та­былады.

Соңғы жаңалықтар