Жуырда облыстық ауруханада инсульттан қайтыс болған 45 жастағы әйелдің қос бүйрегі екі науқасқа салынды. Бұған өмірден өткен әйелдің туысқандары келісім берген. Содан соң осы мәселеге қатысты жасалған сараптамалар шұғыл Алматы мен Астана қалаларына жіберілді. Соның нәтижесінде сараптамалары сәйкес келген екі адамға өз келісімдеріне сәйкес ота жасау ұйғарылған.
– Оның біріншісі 36 жастағы әйел, ал екіншісі 58 жастағы ер адам. Екі бүйрегі де істемейтін бұл науқастар екі-үш жылдан бері гемодиализ орталығында күн сайын ем алып жүрген-ді. Барлық медициналық қорытындылар қолымызға тигеннен кейін бірден іске кірістік. Ота сәтті өтті. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты деуге болады. Әйтсе де дәрігерлік бақылаулар одан әрі жалғаса береді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ