• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент 28 Наурыз, 2017

ҰҚШҰ – жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің негізгі буындарының бірі

201 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы ТМД мен ҰҚШҰ парламентаралық құрылымдарының жұ­мысына қатысу үшін Санкт-Петербургке барған бо­латын, деп хабарлады Пар­ламент Сенатының баспасөз қызметі.

26 наурызда Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымы Пар­ламенттік Ассамблеясы Кеңе­сінің отырысы болды. Оның күн тәртібі Ұжымдық қауіпсіздік тура­лы шартқа қол қойылуының 25 жыл­дығына, ҰҚШҰ құры­луы­ның 15 жылдығына және ҰҚШҰ Пар­­­­ламенттік Ассамблеясы құ­ры­­луы­ның 10 жылдығына арналды. 

Қ.Тоқаев өз сөзінде ҰҚШҰ-ны Еуразиядағы әскери-саяси тұрақтылықтың маңызды факторы болып отырған беделді халық­аралық құрылым ретінде сипат­тады. «ҰҚШҰ әлеуетін және біздің Ұйым аясындағы әріптес­тікті нығайту Қазақстан Респуб­ликасының мүдделеріне толық­тай сай келеді, сондықтан, оның қызметін үдетуге бағытталған бір­қатар нақты ұсыныстар енгізген Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұдайы назарында болып отыр», – деп атап өтті Төраға.

Қ.Тоқаев жаһандық және ай­мақ­тық қауіпсіздіктің негізгі буын­дарының бірі ретінде ҰҚШҰ өз рөлін нығайтуы тиіс деп санайды. «Белсенді ынты­мақ­тасу мен өзара іс-қимылсыз халық­аралық терроризмге қарсы бірлесе қарсы тұру, Ауғанстанды тұрақ­тандыруға жәрдемдесу, ұзаққа созылған текетірестерді реттеу және жалпы алғанда, қауіп­сіздік, қарусыздану және сенім шара­лары мәселелері бойынша ауқымды диалог мүмкін емес», – деді Қазақстан делегациясының басшысы.

Қ.Тоқаев ұжымдық қауіп­сіздік жүйесін құқықтық тұр­ғы­да қамтамасыз етуге, біз­дің мемлекетіміздің заңнама­сын жақын­дастыру мен үйлес­ті­руге бағытталған ҰҚШҰ Парла­мент­тік Ассамблеясының қызметіне жоғары баға берді. Ол Қазақ­стан Парламенті ҰҚШҰ аясын­да қол қойылған барлық келісім­д­ерді уақытында ратифиция­ла­ғанын атап өтті. Сенат Төр­ағасы Қа­зақ­стан делегациясы пар­ламент­тік дипломатияны ны­ғайтуға ба­ғыт­талған жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысында Ұйым қызметінің қоры­тын­дылары мен келешегі, оның ішінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық тұрғыда қамта­масыз ету мәселелері талқы­ланды. ҰҚШҰ-ға мүше мемле­кеттер делегацияларының халық­аралық парламенттік құры­лым­дардағы қызметін одан әрі үйлестіру мәселелері қаралды.

27-28 наурызда Қазақ­стан делегациясы ТМД Парла­мент­­аралық Ассамблеясы мен Халық­­аралық терроризммен күрес жө­ніндегі парламенттік конферен­ция құрылымдарының жұмы­сына қатысады.

Соңғы жаңалықтар