• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес 28 Наурыз, 2017

Кәсіпкерлік – ел экономикасын ілгерілетуші күш

260 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінде Үкімет сағаты өтіп, онда Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің кәсіпкерлік пен іскерлік белсенділікті жаппай арттыруға бағытталған шаралар туралы баяндамасы талқыланды.

Жиынға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко жетекшілік етті.

Бизнестің алдында биік талаптар тұр

Баяндамада елдегі эконо­ми­калық белсенді тұрғындар саны 8,9 млн адамды құрай­тын­дығы айтылып, өткен жылғы қорытындылар бойынша Қазақстанда жұмыс істейтін ШОБ (шағын және орта бизнес) субъектілерінің саны 1,1 млн-ға жеткендігі мәлімделді. Сонымен қатар, Үкімет тарапынан қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан сан түрлі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жұмыспен қамту мәселесі мен мамандар білік­ті­лігін арттыру арқылы халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға бағыт­талған шаруалар оң шеші­мін тауып келе жатқаны баяндалды.

Жиынды ашқан вице-спикер өзінің сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында ша­ғын және орта кәсіпкерліктің алды­на 2050 жылға қарай ШОБ еліміз­дегі ішкі жалпы өнімнің 50 пайы­зын өндіруі керек екені туралы биік талап қойылғанына тоқталды.

«Бүгінде мемлекеттік деңгей­де іске асырылып жатқан жұ­мыс­тар аз емес. Кәсіпкер­лікке қатысты 4 жылда 14 заң қабылданған. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агрокәсіп­керлік-2017-2020», «Нұрлы жер», «Нұр­лы жол» бағдарламалары қабыл­данып, орындалуда. Соны­мен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен 5 инсти­туттық реформаның да игілігін ел көре бастады. Аталған бағдарламалардың бәрінде де шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударылған», – деген Төрағаның орынбасары отырысқа Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Инвестициялар және даму, Ақ­парат және коммуникациялар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылары, квазимемлекеттік секторлар акционерлік қоғамының жетекшілері, Алматы, Қара­ғанды, Солтүстік Қазақстан, Шы­ғыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы әкімдерінің орын­басарлары және басқа да мүд­делі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қаты­сып отырғанын хабарлады.

Кәсіпкерге қолдау көңілдегідей ме? 

Бұдан кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­ме­нов негізгі баяндаманы жасады. «Бүгінде ел халқының жалпы санының 3 млн-нан астамы ша­ғын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,1 млн бірлікті құрады, ал олар 9 ай ішінде 11,2 трлн теңгенің өнімін шығарған. Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы ауылды жер мен моноқалаларда кәсіпкерлік әлеуетті дамыту, жеке іс ашу және жүргізу үшін жағдай жасауда», – деді министр.

Жалпы, елімізде кәсіпкерлік қызметті микрокредиттеуге жыл сайын қалалық жерде 10 млрд, ал ауылдық жерлерде 27 млрд теңге бөлу қарастырылыпты. Соның ішінде қалалық жерлерде 1,2 млрд теңге микрокредиттік кепілдік беру жоспарланған болса, 2,8 млрд теңгені ауылдық жерлерге беру көзделеді. Сон­дай-ақ, жұмысын жаңа бас­таған ауыл кәсіпкерлері үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнесті жүргізу негі­з­деріне дайындаудың бейім­делген курс­тарынан өту мүмкін­дігі бар. Оқытудың бұл түрін ұйым­дас­тыру Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелген.

«Биылғы жылдың 10 нау­ры­зындағы жағдай бо­йынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен елімізде

9 060 кәсіпкер өз жобаларын қаржыландыру жағдайларын жақсарта алды. Атап айтқанда, арзандатылған кредиттер сомасы 1,7 трлн теңгені құрады. Ал берілген субсидиялардың жалпы көлемі 146 млрд теңге болды. 2 642 кәсіпкер 93 млрд теңге сомаға кредиттер бойынша кепілдіктерге қол жеткізді. Сөйтіп, кепілдіктердің жалпы көлемі 40 млрд теңгені құрады. 103 млрд теңгеге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 774 жобасына жетіспейтін инфрақұрылым тартылды», – деген Т.Сүлейменов жаңа бизнес бастамаларын іске асыру үшін 2,8 млрд теңгенің 1 132 мемлекеттік гранты берілгенін де айтып өтті. Әсіресе, моноқалаларда жеке іс ашу және оны кеңейту үшін 4,7 млрд теңгенің 1 284 микрокредиті берілген екен.

Құжаттандыру ісі жүйелі емес 

Жиын барысында аталған тақырыпқа қосымша баяндаманы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жасады. «Елімізде кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау мен олардың құқықтарын қорғау шаралары бекітілген Кәсіпкерлік кодексі қолданылып келеді. Бизнесті жүргізу шарттарын түбегейлі жақсартуға және рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға қатысты бірқатар заңдар қабылданды. Мәселен, соңғы бес жыл ішінде рұқсат беру құжаттарының саны 3 есеге қысқартылды. Бұдан басқа, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге 28 мыңнан астам талап қойылады. Тексерушілер арасында салық органдары көш бастап келеді. Өткен жылы рұқсат беруге арналған 85 мың өтініш белгі­ленген мерзімдері бұзыла отырып қаралған. Тұтастай алғанда, тексеру нәтижесінде он мемле­кет­тік орган кәсіпкерлік субъек­тілерінің құқықтарын бұзудың 1,5 мыңнан астам фактісіне жол берген», – деді депутат.

Н.Сабильяновтың сөзіне қара­­­ғанда, мұндай көзқарас жал­­ғаса берген жағдайда шағын жә­не орта бизнесті мемле­кет­тік қол­­дау мақсатына қол жеткі­зіл­­мейді. Сондықтан елімізде кә­сіп­керлікті дамытуға кедергі кел­тіретін барлық проблемалар заң­намалық деңгейде шешілуі тиіс.

Салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру маңызды

«Ұлттық экономика министр­лігінің лауазымды тұлғаларының және өңірлердегі үйлестірушілер жауапкершілігінің болмауы салдарынан бюджет қаражаты мен Ұлттық қордың қаражатын нақты қажеттіліктерді ескермей «Даму» қорына аударуға жол берілген. Бұл 2010 жылдан бас­тап «Даму» қорында тұрақты қалдықтардың қалыптасуына әкелген. Ол қаражат 2016 жылғы 1 қаңтарда 16 млрд теңгеден астам болып, оған 1 млрд теңгеден астам банктік сыйақы алынған. Сондықтан, субсидияланған әрбір кәсіпкерлік субъектісі бойынша және құрылған әрбір инфрақұрылым объектісі бо­йынша бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін айқындау қажеттігінің уақыты келгені айдан анық. Осыған байланысты, комитет жосықсыз кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетпеуді, алынған қарыздар бойынша олардың банктік сыйақы мөлшерлемелерін субсидияламауды ұсынады. Оның орнына отандық тауар өндірушілер үшін жеңілдікпен кредит беру жүйесін құру қажет».

Өзінің баяндамасында осылай деген депутат Н.Сабильянов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында қолданыстағы салықтық жеңіл­діктерді оңтайландыру маңызды екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктер жа­ңа жұмыс орындары ашылып жатқан, ішкі нарықты толтыру әрі елдің экспорттық әлеуетін ұл­ғайту үшін бәсекеге қабілетті өнім шығаратын салаларға бері­луі тиістігі де назардан тыс қал­мады.

Ұсыныс-пікірлер Үкіметке жолданады

Үкімет сағатының өтуіне ұйытқы болған Мәжілістің Эко­но­микалық реформа және өңір­лік даму комитетінің төрағасы осы жиынға дайындық барысында барлық 16 өңірге хат жіберіп, олардан кепілді қамтамасыз ету мәселелерін шешу, кәсіпкерлерді оқытуды жетілдіру, бағдарламаға қатысушылар санатын кеңейту, түсіндіру жұмысын күшейту, инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру, бағдарламаны қаржыландыру көлемін ұлғайту бойынша нақты ұсыныстар алғанын айтты. Сәйкесінше, ұйым­дастырушылар тарапы қабыл­данған ұсыныс, пікірлерді жаз­баша түрде Үкіметке жолдай­тындығын білдірді.

Айта кетейік, «Үкімет сағаты» шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде көрме ұйымдастырылды және талқылау қорытындысы бойын­ша тиісті ұсынымдар қабыл­данды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар