ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағындағы төбесіне күн батареялары орнатылған шар іспеттес ғимаратпен қатар, қонақ үй, сауда орталығы, банк, ресторан және көпшілікке қызмет көрсететін өзге де орындар бейнеленген модель Holiday World көрмесіне қатысушылар мен туристердің назарын өзіне аудара білді.
«ЭКСПО-2017 көрмесінің моделін көрген кезде мен оны ай стансасының жобасы немесе болашақтың қаласының эскизі деп ойлап қалдым. Сосын, бұл ауқымды жоба Дубай немесе Токиода жасалған деп болжадым. Алайда, кейін мұның Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған жоба екенін біліп, таңғалдым», дейді Holiday World көрмесіне қатысушы шетелдік азамат.
Holiday World шарасы аясында ЭКСПО-2017 көрмесінің жобасы жөніндегі жылы лебіз Чехияның Өнеркәсіп және сауда министрі Ян Младектің де аузынан естілді. Я.Младек өткен жылдың қараша айында Қазақстанға ресми сапармен келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылыс жұмыстарымен арнайы танысқан болатын.
Аталған жиында Қазақстанның Чехиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Сержан Әбдікәрімов көпшілікті ЭКСПО-2017 көрмесінің дайындық жұмыстары, еліміздің жаңа визасыз режім саясаты, туризм бағытында атқарылып шатқан шаралар, сондай-ақ, Қазақстанның қонақжайлылығы тұрғысында ақпараттандырды.
Шара барысында Қазақстан өкілдеріне чехиялықтар мен шетелдіктер Астанаға қандай әуе жолымен баруға болатыны, Қазақстанға бару үшін виза алу ісі қалай шешілетіні тұрғысында сұрақтар қоюмен болды. Әсіресе, Чехия мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің азаматтары биылғы қаңтардан бастап өздері үшін Қазақстанда 30 күнге визасыз режім енгізілгеніне разы болды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Чехия – жасыл технология саласында жинаған тәжірибесі мол елдер қатарында. Бұл ел бүгінде ЭКСПО-2017 көрмесіндегі өз павильонын жабдықтау үстінде. Holiday World көрмесінде атап өтілгендей, ЭКСПО-2017 көрмесінде чехиялық экспозиция өзінің бірегейлігімен ерекшеленбек. Астанада өтетін көрменің ашылу салтанатына Чехия Президенті Милош Земан келеді деп күтілуде.
Ал Holiday World халықаралық көрмесі – әлемнің жетекші туристік компанияларының қатысуымен жыл сайын Прагада өтетін ауқымды шара. Ол Чехияның Аймақтық даму министрлігі мен осы елдің туризмді дамыту жөніндегі CzechTourizm агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Биыл Holiday World халықаралық көрмесіне 50 елдің делегациясы қатысты.