Таяуда Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі еліміздегі бір топ журналиспен кездесу өткізді. Төтенше және өкілетті елші Чжан Ханьхуэй іргелес елдің экономикалық ахуалы, біздің елмен арадағы қарым-қатынасы туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Елшінің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-да орташа экономикалық өсім 6,5 пайызды құрапты. 2017 жылы бұл көрсеткіш тағы да 6,5 пайызды құрайды деген жоспар жасалған.
– Өткен жылы Қытайдың экономикалық өсім көлемі 6,5 пайызды құрады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бір жылда 13,140 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Қытай коммунистік партиясының басты мақсаты – 2021 жылға қарай елдегі кедейлікті біржола жою. Ол үшін жыл сайын кедейлік шегіндегі 10 миллионға жуық адамды жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайларын жақсарту жоспарланып отыр, – деді Чжан Ханьхуэй.
Бұл елде жыл сайын жоғары оқу орындарын тәмамдап, еңбек нарығын толтыратын түлектердің ғана саны 5 миллионнан асатынын ескерсек, жұмыспен қамту мәселесі аса өзекті екені түсінікті.
Халық саны 1 миллиард 300 миллионнан асып жығылатын елдің халқы электр энергиясымен толық қамтылыпты. Өткен жылдың соңында елдегі электрсіз отырған ең соңғы отбасына бұл игілік жеткізілген. Сол сияқты, мобильді байланыспен қамту ісі де толығымен шешілген. Халық қоныстанған мекендердің барлығына ұялы байланыс мұнаралары орнатылыпты.
Кездесуде Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы да сөз қозғалды. Халықаралық көрме кезінде Қазақстанға саяхаттап келетін қытайлық туристердің қарасы қалың болады деп болжауға негіз бар сыңайлы. Қытай елшісі туристердің саны туралы нақты дерек келтірмесе де, жерлестерінің біздің елге саяхаттауға ынталы екендігін жеткізді.
– ЭКСПО кезінде Қазақстанға келетін қытайлық туристердің саны туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, қазір туристік операторлар осы іске жұмылып жатыр. Қытайлық туристер Қазақстанға саяхаттауға психологиялық жағынан дайын. Бұрын олар Қазақстанның табиғаты, саяхаттайтын көрікті жерлері, тарихи орындары туралы онша біле қоймайтын. Қазір біршама хабардар. Астанаға үкімет өкілдері, бизнесмендер келеді, – деді Чжан Ханьхуэй.
Оның айтуынша, халықаралық шараға Қытай делегациясы үлкен топ болып келмек. Бір атап өтерлігі, халықаралық көрмедегі шет мемлекеттердің павильондарының арасында Қытай павильоны көлемі жағынан ең ауқымдысы болмақ. Көрмені тамашалап, Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, тарихи орындарымен танысуға ниетті жандар қазірдің өзінде елімізге қатысты түрлі мәліметтер сұрап жатқан көрінеді. Осы орайда, елші делегация мүшелерін, туристерді қонақ үймен қамтудың маңыздылығын да айтып өтті.
Чжан Ханьхуэй өзінің сөзінде бүгінгі таңда Қытайдың қуатты экономикасынан, ақпараттық технология, ғарыш және басқа да сан саладағы жетістіктерінен, демографиялық әлеуетінен, басқа да табыстарынан іш тартып отырғандардың бар екені де жасырын емес деген ыңғай танытты. Елшінің пайымдауына салсақ, «қытайлық қауіп» туралы айтылған қаусеттер шындыққа жанаспайды. Бұл елдің ешқашан басқыншылықпен аты шыққан емес.
– Қазір «Қытайлық қауіп» туралы сан түрлі ақпараттар айтылып жатқанынан хабардармын. Бірақ бұл – ешқандай негізсіз ақпарат. Қытай ешқашан басқыншылықпен айналысқан емес, алдағы уақытта да айналыспайды. Қазір ҚХР өндіріс саласы, ақпараттық технологиялар, ғарыш және басқа да салалар бойынша алға шықты. Біздің экономикамыз бәсекеге қабілетті. Ал біз өзімізді қорғай алатын деңгейге көтерілсек, алып елдер «қытайлық қауіп» туралы айтады, – деді ҚХР Төтенше және өкілетті елшісі.
Елші айтып өткендей, Қытай – әлемнің кез келген елімен бейбіт қатынас орнатуға, әріптестік байланысты дамытуға бейіл, әділ бәсекелестікке әзір мемлекет.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсіргенЕрлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»