Қолдан келер дәрмен жоқ, айтып келген ажалға қарсы тұруға болмайды дейтін уақыт емес, медицинаның күннен-күнге жетілуімен бір кездердегі беті қайтпас түрлі дерттердің емдеуге көнген заманында өмір сүрудеміз. Әлде бір механизмнің сынған бөлшегін жаңасына айырбастағандай ауыратынын алып тастап, донорлық орган салып, жазылып шыққанды көру пәлендей жаңалық болмай қалды. Адам ғұмырын осылайша ұзартатын медицинадағы трансплантология саласы дамып келеді дегенмен, осы тұста үлкен бір проблема оның жолын кескестеп тұрғандай. Ол – донор жетіспеушілігі.
Жамбыл облысы, Талас ауданының тұрғыны 1980 жылғы Тәкен Жаманқұловтың кішкентай күнінен бүйрегі ауырады. Ақыры не керек, 12 жасында бүйрегі алынып тасталып, сыңарынан айырылған бір бүйрекпен жүргенінде ол да істемей қалады. Жасанды бүйрек аппаратымен 2 ай гемодиализге отырғанға дейін Тәкен орган алмастыру операцияларының елімізде жасалуынан мүлде бейхабар екен. Жандәрмен ақпарат іздегенде егер донор табыла қойса, отандық дәрігерлер-ақ ота жасайтынын білгенде жақындары тегіс қуанған.
А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығындағы дәрігерлер бүйрегін беруге келіскен әкесі мен қарындасының және туған нағашысының анализдерін сараптағанда нағашысы Берікжан Қоқанбаевтың донор болуға сәйкестігі анықталады. 5 сағатқа созылған операцияда Жаманқұловтар әулетінің үзіле жаздаған үміті қайта жалғанды, Тәкен қазір, құдайға шүкір, туған нағашы ағасы берген бүйрегімен тіршілігін кешуде. Донор сыйлаған ғұмыр осы да!
ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында трансплантология хирургияның ең бір озық жетістіктерін өзіне тоғыстырып, анестезиология, иммунология, фармакология және өзге де бірқатар медицина, биология ғылымдарының адамға қызмет етуінің көжиегін кеңейте түскен. Алайда, трансплантологияда түрлі технологияларды қолданудың медициналық және этикалық, құқықтық мәселелерінде шешімін таппаған көп түйткілдердің бар екені анық.
Мәселен, дәрігерлердің пайымында медициналық тұрғыда донорды анықтауда біраз қиындықтар бар. Алдымен, донор денсаулығының дұрыс болуын тексеруден өткізу, оған залал келтірмеу, органның көптеген параметрлер бойынша сәйкес келуімен қатар, реципиентке орган алмасқанға дейін және одан кейін жүргізілетін иммунносупрессивті терапияда мән берілетін тұстар көп. Донор болғысы келген туыс, дені сау адамның өзінің ағзасы анатомиялық тұрғыдан сәйкес келмеуі әбден мүмкін. Себебі, анасына баласының бауырының бөлшегі трансплантацияланған күнде, қанша туыс дегенмен, ол адамның генетикалық ақпаратының жартысы анасынан, ал жартысы әкесінікі, яғни өзге ағзаның дерегі бар тін. Екі ақпараттың арасындағы қайшылықты тұншықтыру үшін операцияның алдында да, соңынан да, тіпті өмір бойына кері итеру үдерісін жүргізбейтін дәрі – иммунды депрессанттар қабылдап отырады, осылайша пациенттің иммунитетін тежеп отырамыз. Әйтпесе, орнатылған ағзаны кері тебу, қабылдамау үдерісі жүреді. Егер донор реципиент үшін монозиготадан, яғни бір ғана ұрықтың бөлінуінен жаратылған бір-бірінен генетикалық тұрғыда айнымайтын егізінің сыңары болса ғана иммунносупрессивті терапия жүргізілмейді, себебі, олардың ағзасының айырмасы жоқ. Донордан алынған органды бөтенсу мүлде болмайды. Ал өзге жағдайда донор берген органды ағзаның кері итеруі, бөтенсуі жүреді. Донорлық органдар да туыстан және мүрдеден алынған деп бөлінеді, дейді әңгімеге тартқан оташы дәрігер Бауыржан.
− Қазір еліміздегі донор жетіспеушілік мәселесі өте өткір күйінде тұр. Бүгінгі күні алмастырылған органның 90 пайызы тірі донорлардан алынады. Егер бұлай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүйректі ұлт атану қаупі барлығын жасыруға болмайды. Одан шығудың жолы қандай? Ол – мәйіттен алынған органдарды салу. Бұл жерде халықтың, әсіресе, оның ішінде қазақтардың оны беруге деген ынтасының аздығынан қаншама пациент күткен күніне жете алмай, сағағынан ерте үзілген гүлдей, орган жетімсіздігінен ерте солып жатыр. Күту парағына қанша сарыла қарағанмен, донор жоқ. Мәселен, Еуропада алмастырылатын органдардың 70-80 пайызы мәйіттен алынады. Әрине, дәл бұрынғыдай емес, біздің елімізде де шамалы қозғалу бар, бірақ ол тым мардымсыз. Жылына 15-16 мәйіттен орган алынады. Ал қазір 3 мың адам бүйрек ауыстырудың кезегінде, 1,5 мың пациент бауыр беретін донор табылса деп отыр. Бұл екі органды тірі донордан алуға келсе, ал жүрек, өкпе үшін тек мәйіт керек, дейді Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы ағза трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғани Құттымұратов.
Қазір әр облыс орталығында донор мәселесімен айналысатын үйлестіру орталықтары бар. Олар күнбе-күн жансақтау бөлімдеріне түскен пациенттің миы өлді деген диагноз қойылған жағдайда туысқандарымен сөйлеседі. Қайталап айтамын, тек миы өлген жағдайда ғана. Бірақ жақындар тарапынан, мына жалғанмен қоштасқалы жатқан жанның, дәл кетерінде де Аллаға жағар іс атқарып, біреуге өмір сыйлап кетуін қолдаушылар табыла бермейді. Мысалы, Иранда донорлық органдар 90 пайыз мәйіттен алынады. Кәдімгі мұсылмандық жолды ұстанған мемлекетте. Өйткені, Аятолла Хомейни көзі тірісінде мен өлген соң органдарым өзгенің өмірін жалғасын деп өсиет қалдырған. Испанияда, Еуропаның бірқатар елдерінде ғибадат, құлшылық жасар орындарға «Органдарыңды жерде қалдыр, көкте оның саған қажеті жоқ» деген жазбалар ілініп қойылған, деген Ғани Мұратұлына миы өлген деген диагноз қойылды дейік, ал донордың сәйкес, сәйкес еместігі қалай анықталады, деп сұрақ қойдым.
– Бұл жерде де үлкен бірнеше проблема бар. Мидың өлімі дегенде ми қабығының өлімі және тұтас мидың өлуі бар. Алдымен дәрігер үшін осы тұтас ми өлді деген диагноз қою оңай емес. Бұл үлкен біліктілікті қажет етеді. Ми өлімі деген биологиялық тұрғыда өмір сүрудің тоқтауы, қарапайым тілмен айтсақ, ажалдың жеткені. Миы өлген адам ең ұзағанда 5-6 күн аппаратпен жатуы мүмкін, бірақ бәрібір бірте-бірте ағзада жүріп жатқан өшу үдерісі науқасты қайт-
пас сапарға аттандырады. Дәрігерлік консилиум жасалып, науқастың миы өлген, бірақ аппарат арқылы жүрегі соғып тұр, өкпесі демалып тұр, бүйрегі зәр өткізіп тұр деген қорытындыға келсе ғана, пациент донор ретінде қарастырылып, жақындарымен әңгіме жүреді. Ал жүрегі тоқтап қалса, онда органдары донорлыққа жарамайды. Осы жерде алдымен дигноз қоюда дәрігерлердің біліктілігі қажет болса, әрі қарай тұтас ағзадағы барлық органдар қызметінің өліміне әкелетін үдерістен алынатын органды сапалы қалпында ұстап тұруда біліктіліктің өте бір жоғары деңгейі керек. Анализдер алып, органдардың қай пациентке сәйкес келуін анықтау бірнеше сағаттарға, тәулікке созылуы мүмкін. Сол кезеңде дәрілермен алынатын органдарды сақтамаса, қажет болса қан құйып, дәрілер жібермесе, мысалы, бүйректе зәр жүрмей қалса ол бүйрек алуға жарамай қалады. Сондықтан да сапалы күйінде ұстап тұру үлкен біліктілікті қажет етеді. Бұл орайда проблемалар бар, қарапайым дәрігерлерге оны анықтау оңай емес. Сондықтан консилиум шақырылады, – дейді Ғ.Құттымұратов.
Ал заң жүзінде елімізде донорлыққа кедергі жоқ көрінеді. Егер Қазақстан азаматы ирандықтар тәрізді өзінен кейін адамдарға өмір сыйлаймын десе, бұл шынымен ана дүниеде құдайдың алдында сауап емес пе? Бұл жайында мүфтияттың пәтуасы бар. Дегенмен, халықтың бұл тұрғыда ақпараттары мардымсыз. Мәселен, мешіттерде халық көп жиналған уақыттағы уағызда осы айтылса екен. Сосын біздегі заңда донорлықта презумция келісімі деген пайым бар. Ол не? Ол – егер адам өзінің көзі тірісінде мен әлдеқандай жағдайда органымды донор ретінде алуға қарсымын деп үйлестіру орталығына жазбаша өтініш қалдырмаса, ол келісімін берген болып есептеледі. Мысалы, көлік апатынан, оқыс бір жағдайдан жансақтау бөлімінде адамның миы өлді деген дигноз қойылса, жоғарыдағы базадан қаралады. Қарсымын деген жазбасы тіркелсе, еш әңгіме жоқ. Ал егер жазбаған, тіркелмеген болса, ол ықтимал донор болып есептеліп, туысқандарынан келісім сұралады. Отбасындағы 10 адамның 9-ы келісіп, 1-уі келіспеген жағдайда орган алынбайды. Ал заң бо-
йынша алуға еш тыйым жоқ екен.
– Біз, дәрігерлер оған бармаймыз, тіпті соттасып жатса, жеңіп шығар едік, бірақ ол қаншама жүйке кететін, жұмыстан алаңдататын, кедергі болатын іс. Сондықтан жақындарының келісімсіз орган алынбайды. Жалпы, қазіргі донорлардың дені – туысқандар. Және бір айта кетерлігі, біздің елімізде донор тек тікелей генетикалық туыс болу қажет деген қатып қалған заң жоқ. Мысалы, әйелінің туыстары да донор бола алады, бірақ бұл жерде орган сату деген мәселе бар. Біз, дәрігерлер орган саудаланбайтынын білеміз, сол себептен нотариуспен бекітілген тегін, туысқан ретінде органымды беремін деген құжаттың сыртында донормен әңгіме міндетті түрде өткізіледі. Бір жағынан, туыстан алынған орган сапалы, бірақ ол сау адамның қос бүйрегінің біреуін алып, туысына салудың өзі амалсыздың ісі ғой, − дейді Ғани Мұратұлы.
Біз балаларға қатысты орган ауыстыру мәселесін де сұрадық. Жалпы, елімізде заң бойынша 18 жасқа толмаған жан донор бола алмайды. «Балаларға үлкен адамның бүйрегін, бауырын салуға болады, ал ересек адамның жүрегі балаға келмейді, көлемі үлкен. Сондықтан, кішкентай балаларға дертті жүректі алмастыру мүмкін емес. Шет елдерде жаңа туып, шетінеп кететін балалардың да органдары алынады, оларда бұл заңмен реттелген. Періште сәбилер жүректің айықпас дертіне шалдықса, еш көмектесе алмаймыз, бұл да бір үлкен проблема. Мәселен, о дүниелік бір адамның 4-5 адамға жүрек, бүйрек, бауыр, өкпесін тастап кетуіне болады. Қаншама адамға қуаныш сыйланып, бақиға аттанған жан сауап арқалап кетер еді», дейді дәрігер.
Донор сыйға тартқан өмір ерекше қадірлі тәрізді. Себебі, бір ғана адамның емес, екі бірдей пенденің ағзасында қызмет етіп, бірінің таусылған тұз-дәмін екіншісіне жалғаудың сыртында қаншалықты жүректің кеңдігі, пейілдің дархандығы жатыр десеңізші?!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»