• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Наурыз, 2017

«Айқынның» гроссмейстері анықталды

330 рет
көрсетілді

Еліміздегі іргелі басылымдардың бірі «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті өзінің 13 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы Оқушылар сарайында журналистер мен блогерлер арасында шахматтан турнир өткізді. Шара аясында Жансая Әбдімәліктің жаңа шахмат академиясының тұсауы кесілді.

Қоғамдағы талай-талай ойлы тақырыптарды қозғап жүрген айқындықтар басылымның мерейтойын жоғарғы деңгейде атап өтті. Aikyn media open деп аталған шахмат турниріне жалпы саны 30 адам қатысты. Қаламы қарымды тілшілер, айтулы блогерлер, журналистика саласының майталман ардагерлері де бүгінгі додадан тыс қалған жоқ. Ойын көпшілікке белгілі швейцар үлгісінде өтті. Барлық 7 турда жиналған ұпай сандары есеп­теліп, үздіктер анықталды. Осыған дейін БАҚ өкілдері арасында өткізілген бірнеше турнирде топ жарған «Ұйғыр авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Арслан Алахунов биік тұғырдан көрініп, Air Astana әуекомпаниясы арқылы Тегеранға бизнес-класқа екі ұшақ билетін ұтып алды. Осылайша, бас жүлде ретінде берілген қос билетпен жеңімпаз осы жылдың соңына дейін өзі қалаған күнінде Иран астанасына баруға мүмкіндік алды. Шахматтан I разряд иегері Қуа­ныш Сүлеймен екінші орынды еншілеп, «Кернеу Limited» компаниясының атынан тігілген планшетке ие болды. Тартысты додада үшінші орын иегерін анықтау сәл қиынға соқты. Жал­пы, жарыс қорытындысы бойын­ша ұпай саны тең түскен Құмар Бақдәулет, Асқат Байпейі­сов, Нұрбек Түсіпхан, Қанат Қаматаев сынды төрт бірдей журналиске үшінші орын бұйырды. Дегенмен басқалардан коэффициент бойынша дараланған Құмар Бақдәулетке қосымша сыйлық ретінде планшет табыс­талды.

– Газетіміз биыл бір мүшелге келіп отыр. Осы айтулы мерекені қалай өткізсек деп көп ойландық. Нәтижесінде, шахматтан турнир өткізуге бел байладық. Бұл арқылы журналистердің қолынан шахмат ойнау келетінін көрсетіп, мықтылар ойынын кеңірек насихаттағымыз келді. Елімізге белгілі жас шахматшы Жансая Әбдімәліктің шахмат академия­сы ашылды. Ұсынысымызды жерге тастамай, осы жерде өт­кізуімізге келісім берді. Осы шараның өтуіне атсалысқан барша жандарға алғыс білдіргіміз келеді.Турнирді алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұрамыз деген жоспарымыз бар, – дейді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.

«Шахмат» – ойындардың төресі. Өз тарапымнан айтар ұсы­нысым бар. «Айқын» газе­тінің ұжымы келер жылы тағы өткізетін болса турнирді Тәкен Әлімқұловтың құрметіне қойса екен. Өйткені қаламгер-журналистер арасында дәл Тәкен ағаға тең келер қарсылас болмаған. Өз арамызда кішігірім сайыстар жиі өтіп тұрады. Ардагер болсақ та, мүмкіндігінше қатысамыз. Игі бастама алдағы уақытта да жалғаса берсе игі», − дейді турнирге қатысқан ардагер-журналист Аян Нысаналин.

Сайыс соңында барлық қатысушылар мен қонақтарға Нұртөре Жүсіптің «Мың құ­мырсқа және БІЗ» кітабы мен Ермахан Шайхының «Қоңыр қажының күнделігі» кітабы үлестіріліп берілді.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар