Өскемен қаласында орналасқан «Қазцинк» зауытында болған жарылыс пен өрттің салдарынан зардап шеккендердің тағы бірі ауруханада көз жұмды. Ол 12 мамырға қараған түні қайтыс болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі қаза тапқан қызметкердің отбасына және барлық жұмысшыларға қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
«Компания қаза тапқан қызметкердің жақындарына және барлық қызметкерлерге қажетті қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта апаттың салдарын жою және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Өскемен металлургиялық кешені цинк және қорғасын зауыттарында өндірістік қуатты уақытша төмендету режимінде жұмыс істейді», делінген хабарламада.
Еске салайық, 5 мамыр күні зауыт аумағында шаң жинағыш құрылғы жарылып, ғимараттың бір бөлігі құлап, өрт шыққан. Оқиға кезінде екі адам қаза тауып, бес жұмысшы ауруханаға жеткізілген, олардың бірі ауыр күйік алған.
Үкімет басшысы жағдайды жеке бақылауға алып, ТЖМ, Экология министрлігі және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған. Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Нұрболат АМАНБЕК