Қазақстанда балалар мен жас өспірімдерді тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартуға ерекше назар аударылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында биылғы жазғы кезеңге арналған бұқаралық спорттық іс-шаралардың республикалық тізбесі бекітілді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 30 мыңға жуық бала мен жасөспірім қатысады деп жоспарлануда, деп хабарлайды Egemen.kz
Жазғы маусымдағы ең ірі балалар жарыстарының қатарында ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары, кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық CHEMPIONDAR LIGALARY жарысы мен ұлдар мен қыздар арасында 5-6 және 7-8сынып оқушылары арасында футболдан «Былғары доп» республикалық турнирі, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына арналған «Балдаурен» футбол жарысы (1–4 сыныптар) өтпек. Ал күзгі маусымның басталысымен осы бастамалардың жалғасы ретінде 2013–2014 жылы туған оқушылар арасында шағын футболдан «Алтын күз» балалар футбол лигасы өтеді.
Аталған жарыстар балалардың дене белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстануына, командалық рухты қалыптастыруына және спорттық шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді. Соңғы жылдары елімізде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтар саны тұрақты өсіп келеді. Мәселен, 2023–2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 40,4 пайыздан (8,0 млн адам) 44,5 пайызға дейін (8,5 млн адам) ұлғайды.
Елімізде балалар спортына қандай қолдаулар қарастырылған?
Соның ішінде 4 пен 17 жас аралығындағы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысатын балалар мен жасөспірімдердің саны 1,8 миллион адамға жетіп, аталған жас санатындағы балалардың жалпы санының 34,6 пайызын құрады.
Балалар спортын дамытуға бағытталған мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге ықпал етеді.