Қойылымның басты кейіпкерлері Ақан Сері мен Ақтоқты рөлдерін театрдың жас актерлері Ернат Мұхаметханов пен Альмира Айтжанова сомдады. Театрдың Қанатбек Ниязбеков, Сайраш Қопабаева, Тұрсынбек Дүзбаев сынды сақа актерлері Хазірет, Дәмелі (Ақтоқтының шешесі), Қоңқай (Ақтоқтының әкесі) бейнелерін сәтімен алып шыға білді. Жалмұқан (Сырым Маратбек), Мәрзия (Мәдина Исина), Мылқау (Қамит Қалық), Сейіт (Жасұлан Серкетаев), Мұрат (Мирас Разханов), Сердәлі ақын (Қайрат Мұқышев), Балта (Дархан Садыбаев), Қарасақал (Арыстанбек Мұқият), Жылкелді (Ертай Хасенов) рөлдеріндегі өнерпаздардың өнерін де көпшілік жылы қабылдады.
− Театрымызда 2000 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылған еді. Содан бергі уақытта ешқандай классика қойылмады. «Ақан сері-Ақтоқты» сынды күрделі қойылымды не үшін қойып отырмыз? Біріншіден, бұл көрермендер үшін қажет. Екіншіден, актерлердің шеберлігін арттыру үшін керек. Ғабең секілді классик жазушылардың көркем сөздері театр актерлерінің таным көкжиегін кеңейте түсері анық. Бұл туынды қазір республикада сирек сахналанады. Қазір Алматыдағы М.Әуезов театры мен біздің театрда қойылып жатыр. Премьераны халық өте жақсы қабылдады. Ата-әжелеріміз де, орта буын өкілдері де, жастар да осындай классикалық дүниелердің керек екендігін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Жоспарымыз көп. Қазір әртүрлі жанрдағы қойылымдарды дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта көре жатарсыздар, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН