• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2017

Таластықтар Тараз жерінде

256 рет
көрсетілді

Тараз қаласындағы «Достық» алаңында Қырғыз Республикасы Талас облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтті.

Жамбыл жеріне қырғыз делегациясын Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев өзі бастап келді. Құрметті қонақтарды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қарсы алып, бұл жәрмеңке екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыра түсетіндігін айтып өтті. Өз кезегінде Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев те Тараз қаласындағы жәрмеңке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді. 

Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу аудандары және Тараз қаласы мен Қырғыз Республикасының Талас облысы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен өткізілген жәрмеңкеде 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы тауары саудаланды. Атап айтқанда, Қырғызстаннан 100 тоннаға жуық алма, картоп, фасоль, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдері, сонымен қатар жеміс-жидек көшеттері жеткізілді. Ал, Жамбыл облысынан ет, сүт, кондитерлік және макарон өнімдері, балық тағы да басқа ауыл шаруашылығы тауарлары өткерілді.

 Жалпы, жәрмеңкеге ұсынылған тауар құны 65 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, жәрмеңкеде өнімдер базар нарқынан 10-17 пайызға арзан бағаға саудаланды. Жәрмеңке барысында орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген өнерпаздары Жамбыл жұртшылығына өз өнерлерін паш етті. 

Бүгінде Жамбыл облысы мен Талас облысының өзара ынтымақтастығы артып келеді. Жыл басында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев  бастаған жамбылдық делегация Талас облысында арнайы болып, екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру бойынша бірқатар меморандумдарға  қол қойған еді. Сондай-ақ, сауда-саттық саласындағы маңызды мәселелерді шешу, азық-түлік тауарларын ешбір кедергісіз Жамбыл облысының сауда нүктелеріне жеткізу және Әулиеата өңірінде  Қырғыз елінің кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкелерін өткізу жайы да талқыланған болатын. Нәтижесінде Қырғыз Республикасы Тараз жеріне келіп, жәрмеңке өткізіп қайтты.

Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар