• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Наурыз, 2017

Алаш арыстарының бірі Елдес Омаровты еске алу кеші өтті

322 рет
көрсетілді

Алаш арыстарының бірі Елдес Омаровтың туғанына биыл 125 жыл толды. Осыған орай Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапхана мен Қостанай гуманитарлық колледжінің ұйым­дастыруымен тағылымдық-та­ным­дық кеш өтті.

Алаш ары­сының 100 жылдығы сонау 1992 жылы кіндік қаны тамған Таран ауданының Белинский ауылын­да облыстық деңгейде аталып өткен еді. Сол шарадан бес жыл өткеннен кейін ауылдағы орта мектепке Елдес Омаровтың есі­мі беріледі. Тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстың есі­мін ұлықтаған шаралар мұ­нан кейін сап тыйылғандай бол­ған. Расын айтқанда, туған жерін­де Елдес Омаровтың есімі көңіл­дегідей атала бермейді. Кеш қонақ­тарының бірі, белгілі ақын Ақыл­бек Шаяхметтің айтуынша, осы­дан бес жыл бұрын Қостанай қала­сындағы көшелердің біріне Ел­дес Омаровтың есімін беру тура­лы ұсыныс та аяқсыз қалған. Ең бас­­тысы, Елдестің атын кейін­гі ұр­­паққа насихаттау жағы кемшін.

Елдес Омаровтың туысы болып келетін Ақылбек Шаяхмет кешке қатысушыларға Елдес Омаров туралы тағылымды әңгі­ме айтып берді.

− Бізде Абайды «қазақтың Пушкині», Мұқағалиді «қазақ­тың Есенині» деп салыстырып айтып жатады. Мен осындай салыстыруға қарсымын, әркімнің өз орны бар. Дегенмен, Елдес Омаровты да уақытында замандастары «қазақтың Ломоносовы» деп атаған. Өйткені, ол жан-жақты білімдар адам, ғалым адам болған. Математика, физика ғылымдары, геометрия, тригонометрия туралы жазғандары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Жаратылыстану пәндеріндегі тер­миндерді алғаш қазақша сөйлет­кен Елдес болатын, – деді Ақылбек Қожаұлы.

Ақылбек Шаяхмет 30 жылдан бері Елдес Омаровтың өмірі мен шығармаларын зерттеп келеді. Ол туралы «Тайбағар» атты деректі хикая да жазды. Сонымен қатар, техника ғылымдарының докторы Марат Шуақаевпен бірі­­гіп, «Елім деп өткен Ел­дес» атты кітапша шығарды. Өткен жылы А.Байтұрсынов атын­дағы Қос­танай мемлекеттік унив­ер­ситетінің баспаханасынан осы екі автордың құрастыруымен «Ел­­дес Омаровтың шығар­ма­ла­ры» атты қазақ және орыс тіл­­дерінде шағын кітап жарық көрді.

− Әрине, бұл кітаптың таралымы өте аз. Биыл Білім және ғылым министрлігіне Елдес Ома­ров шығармаларын басып шығару туралы ұсыныс жаса­ғанбыз, егер өндірістік жоспарға кірсе, жарық көріп қалады. Елдес Омаров ұсталғанда оның 72 қолжазбасы тәркіленген екен. Олардың барлығын тауып, құрас­­тыру, оқырманға ұсыну үл­кен еңбек болар еді. Негізі Елдес ту­ра­лы осы уақытқа дейін жазылған толымды еңбектер жоқтың қасы, – дейді Ақылбек Қожаұлы.

Еліміз тәуелсіздігіне, халқы­мыздың рухани дүниесіне қызмет еткен тұлғалардың қайсысын болса да насихаттап, айтып отырмаса, жас ұрпақ одан хабарсыз қалары сөзсіз. Қостанай гуманитарлық колледжінде Елдес Омаровқа арналған кештен жастар көп мағлұмат алды, тұщымды әңгіме тыңдады. Елдес атамызға арналған кешке Алаш арысының жиені Қарапа Жәкенова апай да қатысып, атасы туралы көзкөргендерден естігенін, жадына түйгенін ор­таға салды. Студенттер Елдес Ома­ровқа арналған кешті ән мен жырға бөледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар