Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы
Геннадий Головкиннің (37-0, 33 КО) өкілі Жанар Өтешева WBO белбеуінің иегері Билли Джо Сондерспен (24-0, 12 КО) өтуі мүмкін жекпе-жек жайлы пікір білдірді. Бұл туралы sports.kz хабарлады.
«Астанада тарихи бокс кеші өтуі мүмкін. Себебі, он жылдың ішінде алғаш рет абсолютті әлем чемпионы атағы сарапқа салынбақ. Геннадий Головкиннің арманының орындалуына бір-ақ қадам қалды. GGG бұл жекпе-жекті өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында өткізгісі келетінін жасырмады. Абсолютті әлем чемпионы атану үшін боксшымыз үлкен сынақтардан өтті», – деді Жанар Өтешева.
«Әрине, айтулы шара болғандықтан түрлі сыбыстар айтылады. Кездесудің өтетін күні, орны белгісіз. Головкиннің командасы мүмкіндіктің бәрін жасады. Көп нәрсе ұйымдастырушыларға байланысты болғандықтан әзірге ешнәрсе шешілмей тұр», – деді ол.