Бүгінде қоршаған ортаны қорғау қадамдары адамзаттың табиғатпен үйлесімді өмір сүруі тұрғысынан қарала бастады. Осы орайда, конгресс аясында өткен көрмеде экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отандық өнімдер таныстырылды.
Мәселен, астаналық «Биопакет» кәсіпорны шығаратын экопакеттер картоп және жүгері крахмалы мен қант құрағынан жасалады. Бұл пакеттердің полиэтиленнен ерекшелігі – пайдаланып болғаннан кейін үш ай мен бір жыл аралығында шіріп кететіндігінде. Яғни, қоршаған ортаға қауіпсіз. Компания өкілі Уәлихан Жұмановтың айтуынша, қазіргі кезде алғашқы биопакеттер елордалық сауда дүкендеріне түсе бастады. Кәсіпорын келешекте осы іспетті тез ыдырайтын биоыдыс жасауды жоспарлап отыр. Ал «Нұр Қайнар» инновациялық кластері» ЖШС табиғи шикізатты қайта өңдеу технологиясы арқылы қылқан концентраты өндірісін жолға қойған. Бұл адамға күш-қуат беріп, иммундық жүйесін нығайтатын және көптеген ауруларға шипа болатын концентрат саналады. Сондай-ақ, қаланы қар мен мұздан тазартып қана қоймай, оны су күйіне айналдырып, арнайы қоймада техникалық су ретінде сақтайтын жоба да еліміздің қар көп түсетін өңірлерін қызықтыруы тиіс.
Басқосуда көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, «Байтақ болашақ» халықаралық альянсының құрметті президенті Олжас Сүлейменов біз өмір сүріп отырған химия мен уран заманында ең өзекті тақырыптың бірі экология екенін, табиғатты қорғау болашақты, өмірді қорғау болып табылатынын, бүгінде қазақстандықтар мұны кеңінен түсіне бастағанын атап өтті.
– Бұл тақырып неге біздің жанымызға жақын? Қай елде атом сынағы қырық жыл тоқтамай жүргізілді? Қай елде осыншама темір, мұнай, көмір жер қойнауынан алынды? Қазір жерімізде 24 миллиард тонна өндірістік, 100 миллион тонна тұрмыстық қалдық бар. Бұл қалдықтар жерді, суды және ауаны улап жатыр. Соның барлығы денсаулыққа кері әсер етеді. Қазақстан халқының көбеюіне де тежеу салып отырған осы құбылыс. Мәселен, көршіміз Өзбекстанмен салыстыра қарайық. ХХ ғасыр екі бауырлас ұлт үшін қалай өтті? 1926 жылы жүргізілген санақ бойынша қазақтың саны 6 миллион 200 мың адамды құрады. Сондай-ақ, барлық құжаттарда қазақтар ірі түркі халықтарының бірі ретінде жазылып жүрді. Ал сол жылдары өзбектің саны 4 миллион еді. Арада 90 жыл өткенде олар 31 миллионға жетті. Яғни, қазақ халқынан үш есе алға озып кетті. Бұл отызыншы жылдары өте сауатсыз әрі қылмыспен жүргізілген ұжымдастыру науқанының нәтижесі ғана емес, бұл біздің экологиялық проблемаларымыздың да нәтижесі. Біздің жастарымыздың бір бөлігі балалы бола алмай жүр. Бұл – нағыз апаттық ахуал, – деді Олжас Сүлейменов.
Ол осы ретте елді өндірістік және тұрмыстық қалдықтардан тазалап, экологиялық мәселені Үкімет мүшелерінің мойнына ғана артып қоймай, қоғам болып шешуге жұмылудың уақыты әлдеқашан жеткенін атап өтті.
Қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Азаматхан Әміртайдың айтуынша, қазіргі кезде экологиялық сана қалыптастыру мақсатында аталған альянстың қолдауымен «Таза ел» атты қоғамдық газет шыға бастады. Сонымен қатар, байтақ болашақтықтар биылғы көктемде қазақстандық әр азаматтың жас өскін егіп, 18 миллион отандасымыздың 18 миллион тал егуге қатысуын ұйымдастыруды қолға алып отыр.
– Қоршаған орта – адамзаттың алтын бесігі. Біздің мақсатымыз – эколог ғалымдармен біріге отырып, өзекті проблемалардың шешу жолдарын табу. Өйткені, елімізде өндіріс көлемі аса ұлғаймаса да экология мәселесі өзекті күйінде қалуда. Түрлі себептермен суда да, жерде де жануарлар дүниесінің қырылуы белең алуда. Адам ауруы арта түсуде. Бұл экологтарды ғана емес, қарапайым азаматтарды да ойландырады. Әлемде ең алғаш ядролық полигонды жапқан, Арал теңізі тартылуының зардабын тартқан, киіктей киелі аңның азайып кетуіне жауапкер халық ретінде біз осы қозғалысты бастадық, − деді Азаматхан Әміртаев.
Табиғат пен адамның үйлесімін дамыту, жасыл экономика мен орнықты экоорта құру мәселелеріне тоқталған конгресс барысында Оңтүстік Кореядан келген Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінің үлгісінде толығымен баламалы қуат көздерінің есебінен өмір сүретін қала құру жөнінде ұсыныс білдірді. АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов экологиялық саясатты тиімді жүргізуде төртінші индустриялық төңкерістің маңызды орын алатынын жеткізді. Америкалық профессор заманауи технологияның соңғы үлгілері арқылы қоршаған ортаны қорғау мүмкіндіктерін саралады. Мәселен, әлеуметтік инновация тұжырымдамасы арқылы қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру, жастардың экологиялық саясатқа қатысуын түрлі платформалар негізінде нығайту жөніндегі ойларымен бөлісті. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттары Ирина Унжакова, Айгүл Соловьева, Марат Бопазов экологиялық талаптарды қатаң сақтаудағы заңнаманың рөлін күшейту шаралары туралы әңгімелесе, Амангелді Айталы, Тоқтар Әубәкіров, Мэлс Елеусізов және тағы басқа көптеген елімізге белгілі тұлғалар өздерінің ой-ұсыныстарымен бөлісті.
Енді аталған конгресс жыл сайын өтіп тұрмақ. Алғашқы конгресс қарарында Қазақстанда 2018 жылды экологияға арнау туралы ұсыныс жасалды. Биыл көрші Ресейде аталып өтіп жатқан экология жылы келесі жылы елімізде жалғасса, одан әрі көрші елдерде қолдау тапса, аймақтың экологиялық ахуалында жүйелі ілгерілеушілік болар еді, дейді қатысушылар. Сондай-ақ, Үкіметке балабақшадан жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесінде экологиялық мәдениетті оқыту жөнінде де ұсыныс жолданатын болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»