• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2017

Балаға тіл үйрету тағылымы

1973 рет
көрсетілді

Тіл мәселесі қай кезде де маңызды мә­селелердің бірі болған. Балалардың қа­лай сөйлейтінінен бастап, ойлау, тіл мәдениеті, жаңа тілдерді үйрену мен үйрету мәселесі де назар­дан тыс қа­л­маған. Бірақ онымен тікелей ай­на­лысушылардан басқалар тіл үй­ре­ту мәселесіне келгенде көбінесе өз тә­­жірибесінен немесе біреудің айт­қа­ны­нан әрі аса алмайды.

Жоғарыда қой­ылған сұраққа жауап іздеп кө­ру үшін  мамандардың пікіріне жү­гі­ней­ік. Пікірлерді әзірше екі сұ­рақ­тың тө­ңі­ре­гіне топтастырсақ.

1. Баланың тілі қалай шығады?

2. Барлық баланың тіл үйренуге қабілеті бар ма?

Мектепте кейбіріміздің «Сенің шет тілін үйренуге қабілетің жоқ» деген сөзді естіп, миымызда жаңғырып кел­гені өтірік емес. Бірақ уақыт өте түр­лі зерттеулерді, кітаптарды және өз тәжірибемді саралай келе барлық адам­ның кез келген тілді үйренуге қа­білеті бар деген қорытындыға келдім. Осындай ойды ғалым А.Леоньтев те айтып, дәйектерін келтірген. Ғалымның пі­кірінше, тілге деген қабілет бірнеше бө­ліктерден құралады және көбіне адамның жүйке жүйесінің жалпы ти­пі­не, темпераментіне, мінезіне, пси­хи­ка­лық процестердің жеке адамға тән ерек­шеліктеріне (ес, жады, ойлау, қа­был­дау, ұғыну, түсіну, қимылдау) бай­ланысты. Адамда есту қабілеті дыбыс­тарды, сөздерді ажыратумен ғана байла­нысты емес, бұл жерде адамның тіл ерек­шеліктерін айыра білу қабілеті де ма­ңызды рөл атқарады.

Масару Ибуканың «3 жастан кейін кеш қалдыңыз» кітабында жақсы мысал келтіріледі. Бір отбасының тұңғышы олар жас, сонымен бірге үйлері тар болған кезде дүниеге келеді. Сондықтан кішкентай баласы туғаннан бастап қастарында болады, ата-анасы онымен үнемі сөйлесіп отырады. Айналада болып жатқан барлық дыбыстарды, әң­гімені естіп үйренген бала өсе келе сөз­шең, ашық, ойын жақсы жеткізе ала­тын болады. Ал бірнеше жылдан кей­ін дүниеге келген қарындасына ата-анасы бөлек бөлме дайындап, ты­ныш, түрлі дыбыстан аулақ жерде өсіреді. Өсе келе ол мінезі тұйық, көп сөйлемейтін балаға айналады. Яғ­ни, бұл баланың дүниеге келген күн­нен бастап (тіпті ананың құрсағында жат­қан кезеңнен бастап) түрлі дыбыс­тар­ды естіп, адамдардың дауысын, сөй­леген сө­з­дерін, әңгімесін естіп өсуі ке­рек­ті­­гін дәлелдейді. Алғашқы жылдары ба­ла тек қана есту арқылы айналаны қ­а­­былдап, сөйлемесе де өзінің түсініп жат­­қанын ым-ишарамен білдіреді. Сон­дық­тан кішкентай кезінен тілді және тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дами бастайды.

Америкалық ғалым Ноам Чомский («Табиғат пен тіл туралы», «Тіл мен ойлау» еңбектерінің авторы) бастаған шетел лингвистері тілдік дағдылар адамға туа берілетінін және барлық адамға тән еке­нін айтады. Бала дүниеге келмей жа­тып оның миына бүкіл тілдерге тән не­гізгі грамматикалық ережелер жи­на­қ­­т­алады екен. Болашақта баланың ай­­наласы қай тілде сөйлесе сол тілдің ере­­желері алға шығып, қалғандары «ұй­қы­ға» кетеді.

Ағылшын тілінде «Imprinting» деген сөз бар, термин ретіндегі мағынасы – «қас-қағым сәтте үйрену, бір қарағаннан үйрену». Мысалы, қаздың балапаны жұмыртқаны жарып шыға салғанда жыл­жып бара жатқан объектіге деген жақ­сы көруі мен құштарлығы қоса пай­да болады. Табиғи ортада бұл объект – балапандардың анасы, яғни қаз. Сон­дықтан балапандар қайда барса да ана­сының артынан қалмай еріп жүреді. Ал қаздың орнында басқа нәрсе болса, балапандар соның соңынан еріп жүретін еді. «Импринтинг» сыни кезеңдер деп аталатын өмірдің нақты бір кезеңдерінде ғана қалыптасады. Алдыңғы мысалда бұл сыни кезең балапандардың дүниеге келгеннен кейінгі сағаттары. Баланың дамуында да тілінің шығуымен байланысты сыни сәттер бар. Мысалы, баланың тілі 5 жасқа дейін шығады. Сондықтан үйде ана тілінде сөйлесу керек. Ал ата-аналары түрлі тілде сөйлейтін отбасыларда ше? Бұл жерде жағдай әртүрлі: екі ата-ана да өз ана тілін үйретуге тырысады. Сондықтан баланы шатастырмау үшін әкесі ылғи бір тілде, ал анасы екінші тілде сөйлесе, бала кімге қай тілде сөйлеу керектігін біледі. Тағы бір жағдай, әртүрлі тілде сөйлейтін ата-ана ортақ тіл таңдауы мүмкін. Бұрынғы кеңестік кезеңде ортақ тіл орыс тілі болып, отбасындағы балалар не әкесінің, не шешесінің тілін меңгермей шыққан кездер көп болды. Барлық баланың тіл үйренуге қабілеті бар екенін дәлелдеудің қажеті жоқ, тек жолын тауып қызықтыра білу керек. Сонымен бірге, нәтижесін күтуде шыдамды болсаңыз, бала құлшынысының азаймауына бар күшіңізді салсаңыз, алған білім босқа кетпейді. Түйеріміз, баланың таңдауы жоқ. Ата-ана қа­лау­ының, амбициясының, қоғам сұ­ра­нысының, басқа да процестердің тұт­қыны болатын баланың айтылған дү­ниені істеуден басқа амалы қалмайды. Де­ге­нмен, ата-ананың махаббаты мен шек­сіз сенімі һәм мұғалім еңбегінің нә­ти­жесінде адамгершілігі жоғары жаңа ұр­пақ тәрбиеленіп шығатынына сенеміз.

Бақытгүл Салыхова,

педагогика ғылымдарының 

кандидаты