Оған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қатысып, экономикалық өсімнің жаңа моделі, бизнесті дамыту үшін қабылданатын шаралар, сауда қызметі мен тарифтік саясаттағы жаңалықтар туралы айтып берді.
Кездесуде министр биыл елімізде кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасының басталатынын, соның арқасында Қазақстан азаматтарына ауылда немесе қалада өз бизнесі үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие берілетінін айтты. Сондай-ақ, ол алдағы онжылдықта жаңа индустрияландыру мен дамудың жаңа моделін қалыптастыру үшін елдің жаңа технологиялық құрылысқа көшуінің бірыңғай стратегиясы әзірленетінін, осы мақсатта «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» Қазақстан-2025 Стратегиялық жоспары жасалатынын атап өтті.
Одан кейін ол еліміздегі мемлекет-жекеменшік әріптестігінің дамуы туралы әңгімеледі.
– Қабылданған заңдар мен жүйелі шаралардың арқасында мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыру бойынша өңірлердің белсенділігі артты. Бүгінде 40 жоба бойынша келісім жасалды, оның ішінде республикалық маңыздағы 48,9 млрд теңгенің 3 МЖӘ жобасы бар, – деді Т.Сүлейменов.
Оның айтуынша, тағы да 312 жобаның тұжырымдамасы әзірленуде. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын жоспарлау ресімдері де жеңілдетіледі.
Ал Қазақстанның сауда саясаты мен интеграциялық үдерістер туралы министр осы мақсатта Ұлттық экспорттық стратегия әзірленіп жатқанын айтты.
Ол Қазақстанның Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа қатысуы әріптес елдермен сауда-саттық кезіндегі кедергілерді жоюға, отандық өнім шығару нарығын кеңейтуге және шетелдік инвестиция тартуға қажетті жағдай туғызатынын атап көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі кезде Иранмен болашақта еркін сауда аймағын құруға әкелетін уақытша келісім жасау туралы келіссөздер аясында ЕурАзЭҚ бойынша әріптестермен бірлескен ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Дастан Кенжалин,
«Егемен Қазақстан»