Егер біз осы аталған бағдарламаны осыдан 6-7 жыл бұрын жүзеге асыруға кіріссек, ол заман талабын бүгін ғана емес, бұрынырақ түсініп, осыған байланысты керекті іс-шараларды жасап жатқанымызды көрсетеді. Және де ол шаралар нәтижесіз емес: үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны орындай отырып, біздегі өндірістің технологиялық деңгейі бо-
йынша тәуелсіздік жылдары әлемде 82-орыннан 56-орынға көтеріле білдік. Ал инновациялық әлеуетімізбен әлемде 101-орыннан 59-орынға ілгеріледік. Осы жылдары елімізде жаңадан 800-ден астам кәсіпорын бой көтерген екен. Олар Елбасы атап көрсеткендей, тек бір ғана 2016 жылы 2,2 триллион теңгеге тауар өндіріпті. Президент өз Жолда-
уында осындай тауарларды ілгеріде бұдан да қомақты өндіріп және шикізат емес тауарлар көлемін 2025 жылға дейін екі есе өсіруді ел Үкіметіне міндеттеп отыр.
2004 жылы, яғни осыдан 13 жыл бұрын Елбасы «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты кезекті Жолдауын жасап еді. Егер біз бәсекеге қабілеттілікті сол уақытта көтере білсек, бұл да қазақ елінің заман талабын қазір ғана емес, бұрынырақ сезгенінің айқын белгісі.
Осылайша, бәсекеге қабілеттілік назардан тыс қалған жоқ, осы бағытта біраз шаралар да жасалды және ілгерілеу де бар.
Дүниежүзілік экономикалық форум әр жылда әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігінің орнын, деңгейін анық-
тайды. Осы форумның жасаған рейтингі бойынша тәуелсіздік жылдары бәсекеге қабілеттілігіміз бойынша әлемде 78-орыннан 2016 жылы 53-орынға көтерілген екенбіз.
Сонымен, Президенттің соңғы Жолдауындағы көтерілген негізгі екі бағыт – технологиялық жаңғыру мен жаһандық бәсекеге қабілеттілік, бұлар – ешқашанда маңызын жойып, күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Заман, техника, технологиялар түрленген сайын, түсінігің, дайындығың өзгерген сайын олар жаңа сипат алып, әрбір өскелең ұрпақтың алдында өз заманының өктем талабы болып қайталанып тұрады.
Президент Жолдауындағы талаптардың бұрынғыдан сипаты бөлек, тереңірек һәм мазмұнды. Онда Үкімет «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын жасап, оны іске асыру тапсырылған. Цифрлы төңкеріс (цифровая революция) – жақында дүниеге келген ғылым мен технология жаңалығы. Ол алғаш рет шетелдерде қолданыла бастаған, өндірістің бет-пердесін, болмысын күрделі өзгертетін құбылыс. Бұрын қолданыста болған экономиканың кейбір салалары жұмысын тоқтатып, кәсіптің, кәсіпкерліктің жаңа, бұрынғыдан да тиімді салалары дүниеге келуі мүмкін. Бүгін ешқандай жүргізушісі (шофері) жоқ машиналар кейбір елдерде шығарылып, жүк тасуға кірісе бастады. оған мүмкіндік әлгі машиналарда өте тез есептейтін цифрлы технологияларды қолданудан туды.
«Финансы и развитие» журналының (№3, 2016 ж.) мәліметі бойынша 2000 жылы бүкіл әлемде 80 миллиардқа жуық фотография жасалған екен, ал 2015 жылы оның саны 1,5 триллионға дейін, яғни 20 есе өсіпті. Осыған қарамай әрбір фотографияның құны (пленка бағасын, фотография жасау шығынын қоса есептегенде) 50 центтен күрт төмендегені сондай, оларды тіпті шығын шығармай жасау мүмкіндігіне дейін жеттік. Әрине, бұл сандық технология жетістігі.
Цифрлы технология бухгалтерия, есеп, келісімшарт, басқа да осындай қызмет салаларының жұмысын түбегейлі жаңартып, осы сала қызметкерлерінің санын еселеп ықшамдауға әкеледі. Басқа көптеген салаға да аталған технологияның әсері осындай. Міне, осының бәрі қоғамда еңбек өнімділігін өсіруге, тез дамуға әкелетін ғылым жаңалығы. Күнделікті өмірде компьютерлі технологияны, смартфондарды кеңінен пайдалана бастаған Қазақстан үшін цифрлы технологияны игеру, шаруашылық жүйесіне енгізу өте маңызды екені ешбір күмән туғызбайды.
Жолдау ел азаматтарын, жастарды, кәсіпкерлерді жаңашылдыққа үндейді, инновациялық тәсілдерді кеңінен пайдаланып, еңбек өнімділігін қомақты түрде өсіруге шақырады. Президент Үкіметке ЭКСПО-2017 көрме құрамында халықаралық IT-стартап компаниясын жасақтап, іске қосуды тапсырды. Сол сияқты еліміздегі университеттерде де осындай стартап компаниялары, технологиялық парктер, инкубаторлар өмірге келуі тиіс. Жалпылай айтқанда, инновация-жаңашыл-
дық алдағы уақытта ел экономикасына, тіпті әрбір азаматтың өзіне серпін беретін заман құбылысы болғалы тұр.
Елбасы өз Жолдауы арқылы алдағы бес жылда 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлердің басын біріктіріп, олардан ауылшаруашылық кооперативтерін құруды Үкіметке міндет артып отыр. Бұны орындау атүсті болмай, баянды жасалып, ауыл шаруашылығы жүйесін күрделі өзгеріске әкелуі керек. Ал мектеп, емхана, елді мекендерді абаттандыру, ауылдағы жол қатынастарын реттеу және басқа да мәселелер – тек мемлекет тарапынан қаржы бөлініп қана орындалуы мүмкін іс-шаралар. Мемлекет бағдарламаларында ауылдың осындай қажеттіліктері Үкімет тарапынан тиянақты түрде ескерілуі керек. Тағы бір кешеуілдетпей тиянақты түрде іске асыратын шаруа – кәсіпкерлікті, орта және шағын бизнесті қолдау. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы орта және шағын бизнес кәсіпкерлерінің саны азайып, олардың шығаратын өнімі де төмендеп кеткенін айтты. Ал тек соңғы екі-үш жылдың ішінде осы бизнесті барынша қолдау керек екенін Президенттің өзі ең кемі 5-6 рет айтып, басқарушы мекемелерге тиісті тапсырма беріп еді.
Орта және шағын бизнестің төмендеуі бұл жергілікті халықтың тұрмысының төмендеуі деген сөз. Сондықтан мұны тек алқалы жиындардағы әңгіменің арқауы ғана қылмай, әрбір басқарушы мекемелер онымен күнделікті айналысуы керек. Осы салада кездесетін кедергілерді жоюды жүйелі түрде қолға алған жөн. Осыны біз, өкінішке қарай, жасамаймыз.
Қазір халық тұрмысын жақсартудың бірден-бір жолы – жер-жерлерде осы орта, шағын бизнесті қолдау. Ол үшін оларға несиеге қомақты қаржы бөлу қажет. Ақша болса елдегі ағайындар өз кәсібін өздері табады. Бізде кәсіпкерлікке кеңес беретін ұжымдар да бар. Ал кәсіпкерлікке баулитын, үйрететін мектептер жоқтың қасы. Осыларды әрбір аудандарда ашып, жұмысқа қосудың жөні де, маңызы да бар. Орта және шағын бизнеске барынша қамқорлық жасау барлық іс басындағы азаматтардың жауапты да тікелей міндеті дер едім. Өйткені, халықтың күнкөріс, тұрмыс деңгейінің өсуі осы орта және шағын бизнестің қай жерде болса да бой көтеруімен тікелей байланысты. Елбасы өз Жолдауында әрбір осы саладағы кәсіпкерлердің әрқайсысына 16 млн теңгеден көмек беруді ұсынды. Дұрыс шешім, бұрынғыдан көлемдірек жәрдем. Дегенмен, бұл да аздық ететін сияқты. Өз басым 2016 жылғы бюджетте игерілмей қалған 32 млрд теңгені осы орта-шағын бизнесті қосымша қолдау ісіне жұмсауды ұсынар едім. Ауылдағы, қаладағы бизнесмендер осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана алатынына күмән жоқ. Несиенің аздығы бизнестің қолын байлап отырғанын көрмеуге болмайды. Ендеше, осы айтылғандарды жинақтасақ, істейтін шараларға көз жіберсек, алдағы кезең күрделі және ел болмысын түбегейлі өзгертуге әкелетін маңызды істер кезеңі болғалы тұр. Сондықтан да Президент атап көрсеткендей, бұл кезеңді Қазақстанның Үшінші жаңғыру кезеңі дейміз. Жаһандық бәсекеге қабілетті болу күресіне шықтық, әлем өркениетінің тағы бір көкжиегіне шығуды мақсат еттік. Әрбір қазақстандықтың адами сипатын, адами болмысын заман талабына сай сомдау керектігін зердемізге түйдік.
Көптен айтылып жүрген саяси реформалар да алғашқы қадамын жасай бастады. Осыдан кейін Үкімет өз ісін өзі бағдарлап, оны іске асыруға тікелей жауап бермек. Парламенттік билік кадр жасақтауда, бюджетті қарап, бекіту ісінде бұрын болмаған құзыретіне ие болады. Сөйтіп, еліміздің заман талабына сай дамуына олардың да жауапкершілігі еселеп артады. Олар осы жаңа жауапкершілікке дайын болуы керек. Мүмкін олар да өз қатарын жаңаша жасақтайтын болар.
Өткен 25 жылда талай қиындықты бастан кешірдік, оларды жеңе де білдік. Әлем дағдарысының әсерінен жүрісіміз баяулады, бірақ кейбір алыс-жақын елдердей кейін кеткеніміз жоқ. Тұрақты қалпымызды сақтадық.
Заман талабының зор екендігін ұғып отырмыз. алдағы іс-қимылдың жобасы бар, арнасы анық. Әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылуды көздеген «Қазақстан-2050» стратегиялық жоба бар. Президент ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да бар. Жолдауда атап көрсетілген Үшінші жаңғыру кезеңінің бес арнасы белгіленді. Міне, егемендігіміздің екінші ширек ғасырында жүретін жолымызды осылай анықтап, алатын асуларды алыста болса да осылай межелеп отырмыз. Сондықтан да осы жан-жақты дайындық еліміздің Үшінші жаңғыруына сәттілік әкелуі тиіс. Лайым солай болғай!
Кенжеғали САҒАДИЕВ,
академик