• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2017

Медициналық сақтандыруды министр түсіндірді

381 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облы­сын­дағы 36 аурухана мен емханада бірыңғай Call-орталығы жұмыс істейді. Бұған қоса әртүрлі үлгідегі медициналық ұйым­дардағы клиникалық және клиникалық емес про­цестерді авто­мат­тандыруға арналған медициналық ақпараттық жүйе (МАЖ) енгізіліп жатыр. Өңір­дегі осы және бас­қа да оң өзгерістерге облыс­қа жұмыс сапарымен кел­­ген Денсаулық сақ­тау ми­нистрі Елжан Бір­танов куә болды. Сапар ба­ры­сында министр облыс ор­та­лығындағы бірқатар меди­циналық нысанды ара­лап, денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан реформалар жайында сала мамандарымен бірнеше кездесу өткізді.

Кезек күткен министр

Министрдің Орал қаласын­да алдымен ат басын тіреген жері – №5 қалалық емхана. Ем­хана директоры Сәуле Бұл­қа­шеваның айтуынша, мұнда ауру­­лардың алдын алу, ерте анықтау және ауруларды бас­қару бағдарламасына (АББ) баса көңіл бөлі­неді. 2016-2019 жылдарға арналған жіті миокард инфарктісі және инсультке, онкологиялық қызмет және босандыру қызметі, балаларды басқару бойынша ден­саулық сақтаудың бірыңғай модельдерін енгізу үшін қанатқақты ай­мақ ретінде Батыс Қазақстан об­лы­сы таңдап алынған болатын. Өңірлік «Жол картасы» жүзеге асырылып жатқан қанатқақ­ты жоба нәтижесінде Орал өңі­рі қазір­дің өзінде өлім-жітім көр­сет­кіші мен асқынған ауру­лар саны жағынан оң өзгеріс көр­сетіп отыр.

Елімізде денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан жаңа­лықтың бірі – элект­рон­ды кезек. Министр осы құры­лым­ның жұмысын тексеріп көру мақсатында өзі де кезекке тұрды. Сөйтіп, электронды кезектің тиімділігін жоғары бағалады.

Кездесу кезінде «Жарқын бола­шақ» инновациялық орта­лығының директоры Александр Фомин министрге емхана пациенттерінің бірыңғай элект­ронды мәліметтер базасын та­ныс­т­ырып, іс жүзінде қалай қол­данылатынын көрсетіп берді. Бұл жүйенің тиімділігі сол – саладағы қағаз құжат айналымы бірте-бірте азайып, дәрігерлер электронды медициналық кар­та­мен жұмыс жасайтын болады.

– Әр пациенттің ауру тарихы немесе медициналық картасы сақталған ортақ мәлімет­тер базасы жасақталады, – дей­ді А.Фомин. – Біріншіден, қа­ғаз­бас­тылықтан арылсақ, екін­ші­ден, науқасты емдеуде жүйе­лі­лік пайда болады, үшіншіден, бола­шақта пациент нақты бір медицина мекемесіне де, нақ­ты бір дәрігерге де байланып қалмай, таңдау құқығын алуы мүмкін.

Электронды базаның тағы бір тиім­ділігі – науқастың ауру тарихын жоғал­тып алу жо­йы­лады. Бұл жүйе мем­лекет үшін де ыңғайлы: сан түрлі ауру­­дың статис­тикасы оңай көрі­ніп тұра­ды. «Қазақстан Рес­пуб­ли­касында электрон­ды ден­сау­лық са­қ­тауды дамытудың 2013-2020 жылдарға арнал­ған тұжырым­дамасы» бойынша емдеу меке­­мелерінде науқас­тарға электрон­ды меди­циналық карта толтыру ісі басталып кетті.

Реформа жауапкершілікті арттырады

2017 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде мемлекеттің, жұ­мыс берушілердің және аза­мат­тардың ортақ жауапкершілігіне негіз­делген міндетті медици­на­лық сақ­тандыру енгізіле бас­тайды. Ал 2018 жыл­дың ал­ғаш­қы күнінен бастап Қазақ­стан азаматтары және сақ­­тан­дырылған тұлғалар үшін МӘМС шеңберінде медициналық қызмет қолжетімді болады. Осы орайда көпбейінді қалалық ауру­ханада болып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының активімен кездескен Е.Біртанов бұл ре­фор­маны егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Медициналық сақтандыру жүйесі аясында тұрғындарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылады.

Бірінші – профилактикалық егулер, жедел жәрдем, сани­тар­лық авиация, шұғыл меди­ци­на­лық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларға стационарлық және ста­ционарды алмастыратын ме­ди­­циналық көмек, сондай-ақ, айна­ласындағыларға қауіп төнді­ретін ауруларға көрсеті­летін те­гін медициналық көмек­тің ба­за­­лық пакеті. Бұл еліміздің бар­­лық азаматы үшін қолжетімді болмақ.

Сонымен қатар, 2020 жылға, яғни жал­пыға бірдей деклара­циялау енгізіл­генге дейін МӘМС жүйесінде медици­на­лық көмекке құқығы жоқ адамдарға дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз етілетін амбу­латорлық-емханалық көмек көр­сетілетін болады.

Ал, екіншісі, МӘМС қатысу­шысы болып табылатын тұлға кез келген уақытта міндетті сақ­­­тан­дыру жарналары мен ауда­рым­­дары есебінен қаржы­лан­­­ды­­ры­ла­тын медици­налық кө­мек­ке ие бола алады. Бұл қыз­меттерге амбулаторлық-емха­налық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медицина­лық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейір­бике күтімі кіреді, деген ми­нистр, міндетті медициналық сақ­тандыруды ен­гізуге қатысты жарналар мен төлем мөл­шерлеріне де қысқаша тоқталып өтті.

«Кейбір заңнамалық актілер­ге денсау­лық сақтау және әлеу­меттік-еңбек саласы мәселе­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» Заң­ға сәйкес, МӘМС-ті енгізу­ге қа­тыс­ты төмендегі жарна мен тө­лем мөл­шерлемесі қарасты­рылды:

– жұмыс берушілердің жарналары: 2017 жылдың шілдесінен бастап мөлшерлеме – 1%; 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2%, 2022 жылы – 3%;

– жеке кәсіпкерлер, нотариустар, азаматтық-құқықтық негіз­дегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар – кірістен, 2017 жылғы шілдеден бастап 2 ЕТЖ-дан 5%-дан кем емес;

– жұмыс күші тобына кір­мейтін (өзін-өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар) азаматтар жарнасы – 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 ЕТЖ-дан 5%;

– халықтың әлеуметтік қор­ғал­­ма­ған тобы үшін мемлекет төлейтін жарна 2018 жыл­­дың қаңтарынан – 3,75%, 2019 жылдан бастап – 4%, 2022 жылдан бастап  4-5% болады.

Министр Елбасының Қазақ­стан халқына биылғы Жол­дауын­да айтылған тапсырмаға сәйкес елімізде мемлекеттің, жұ­мыс берушілердің және аза­мат­тар­дың ортақ жауап­кер­шілігіне негіз­делген міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру (МӘМС) енгізіле бастайтынын жет­­кізді. Бұдан кейін Астанадан ар­найы келген «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова меди­ци­налық сақтандыру жүйе­сіне көшу заман талабы екенін және оның маңыздылығын халыққа ке­ңі­нен түсіндіру керектігін айтты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ

Соңғы жаңалықтар