Баянауыл-Павлодар бағытындағы тас жол қазір тасқын судың астында қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Павлодар мен Баянауыл арасындағы жол уақытша жабылды. Бірлік ауылы маңындағы жолдың астындағы құбырлар жарылып кеткен. Бұл тасқын суға өзіміз жол бердік деген сөз ғой. Жол жоқ. Облыс орталығынан арнайы техника жеткізіліп, Бірлік ауылының жолына су өткізгіш құбыр орнатылып жатыр деп хабарлайды. Құдай-ау, жаз бойы өзі не қарадық?! Тасқын судың беті қайтар түрі көрінбейді дейді ауылдықтар. Су қоймаларындағы су мөлшерінің артуы кезінде не болмақ?.. Ертең-ақ Қарағанды облысындағы Қаратоқа бөгеті аумағынан ағатын қар суы Баянауылдың Теңдік, ал Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан келетін су Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылдарына қауіп төндіреді. Бірде-бір ауылдың су өтінде қалуына жол бермеуіміз керек дегенмен де, тасқын судан қорғану шараларын ертерек қолға алу керек емес пе еді?!.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы