• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Сәуір, 2017

Тарихи танымды талантымен түгендеген

157 рет
көрсетілді

Мемлекет тарихының, ел ше­жіресінің жазылуында архивтің, мұраға қал­­ған жазба деректердің ор­ны ерекше. Бұған дей­ін бірнеше буын ал­мас­­­қан әдебиеттегі әр­түрлі кезеңдерде а­р­хив деректеріне сүйе­не отырып та­ри­хи көркем шығар­ма­ла­рын жазған қазақ қа­лам­­герлерінің бір шо­­­ғы­ры қалып­тасып та үл­гер­ді. Солардың бірі де бірегейі – қазақ хал­қы­­ның кеңестік дәу­ірде бастан кешкен нәубеттерін, ашар­шы­лық, ста­лин­­дік қуғын-сүр­гін жылдарын қам­тыған «Ақ боз үй», «Мі­нәжат», «Жал­ған дү­ние» романдарының ав­торы, белгілі жазушы Смағұл Елубай.

Қазақстан Республикасы Президенті Архиві өз мекемесінде тарихи материалдармен жұмыс істеудің майталмандарымен сыр-сұхбат өткізіп оты­ратын байырғы дәстүріне сәйкес, «Мәң­гілік Ел» қайраткерлері: «Жазушы жә­не архив» тақырыбында С.Елу­баймен шығар­ма­шылық кездесу ұйымдастырды. Кез­десу тақы­рыбының кіріспесі ретінде ал­ды­­мен отызыншы жылдардың ашар­­шылығы туралы бірінші бо­лып қа­лам тербеп, көркем дү­ние туғызған С.Елубай шығар­маларының идеясымен өзектес деректі фильм көрсетіліп, жан­­­түр­шігерлік жылдардың ақиқаты ар­­­­хив­те сақталған тарихи құнды бей­не­­­­материалдар негізінде ширатылды.

Жазушының «Ақ боз үй» тарихи романы туралы арнайы баяндама жа­са­ған архив қыз­меткері Айнаш Сей­сен­­ба­е­ва шы­ғарма мазмұнындағы ру­хани дү­­ние­таным, ұлттық салт-сана, өт­кен дәу­ір­лер­дің тұрмыстық-мо­раль­дық нормала­рын танытатын құн­дылығы туралы әңгімеледі.

Қазақстан Жазушылар одағы төр­аға­сының орынбасары, ақын Ғалым Жай­лы­бай жазушының қазақ прозасында өзіндік із қал­дырған, тақырыбы тың, ойы өзекті «Ақ боз үй» трилогиясын аума­лы-төкпелі дәу­ір шындығы, ашаршылық туралы өз қа­ламынан туған «Тамакөшкен» атты поэмасымен қатар шендестіре отырып, екі шығарманың өзегіндегі ақиқаттың тарихын баяндап, трилогия туралы жан-жақты пайымын білдірді.

Ал, Смағұл Елубайдың өзі шерлі жылдардың шежіресін ақ­та­руға уақыттың өзі түрткі бол­­ғанын, адам санағы кезінде айырықша артта қалғаны білінетін демо­графиялық көрсеткіштегі әді­­лет­сіздіктің қасіретті жыл­дардың тарихын зерттеуге жете­легенін айтып, ұлттың танымы мен мә­де­ниетіне, тілі мен дініне салған қа­ра таңбасының әлі күнге жойылмай келе жатқанына өкініш білдірді. Зұлмат құрбандарына арналған мемориалдық кешен құ­рылысының кешеуілдеп жат­қанына да кейістік танытып, бұл тұр­ғыда өткен тарихын ұлықтауда өнеге көрсетіп отырған өркениетті ел­дердің тәжірибесіне үңілуге ша­қырды.

Президент Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров: «Смағұл Елубай – қазақтың ХХ ғасыр­дағы ең қасіретті оқиға­ларын әдебиет әлемінде әдемі айшық­таған дара шығармашылық иесі», деді. Халықтың тарихи танымын талантымен түгендеп жүрген қаламгерге Президент Архиві тарапынан құрмет білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар