Алдымен С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебеп кітапханада швед ақыны Гуннар Экелефтің «Мельнская элегия» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Оны елшінің әйелі Надежда Волнова орыс тіліне тәржімалап, оқырман қауымға ұсыныпты. Елші мәдени ошаққа ХVІІІ ғасырда жарық көрген жәдігерлерді сыйға тартты.
Көркемөнер мұражайында белгілі суретшінің құрметіне ұйымдастырылған экспозиция «Түзелмейтін қателік: алғашқы жарылыс» деп аталады. Акварель бояуларымен және қара сиямен салынған туындылар Абай жерінде атом бомбасынан зардап шеккен бейбіт тұрғындардың ауыр халі мен тіршілігі жайлы баяндайды. Тубе Крабо ажал ошағына айналған сынақ алаңы туралы жан-жақты мағлұмат жинағаннан кейін Қазақстанға сапарлаған.Техногендік зілзала орын алған жерлер оның қиялына қанат бітіріп, ғажайып дүниелер туған. «Шаған көлі» деп аталатын картина табиғаттың мамыражай тыныштығын көзге елестеткенмен, астарында ядролық жарылыстардың сұмдық салдары жатқанын аңғару қиын емес.
– Көрмедегі суреттердің қай-қайсысы болсын Қазақстанға тікелей қатысы бар. Былтыр Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына орай осындай игі шаралар Астана мен Семейде ұйымдастырылып, екіжақты ынтымақтастықтың арқасында Қызылжар жерінде жолымыз түйісті, – дей келіп, елші Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғанын ерекше атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы