Дүйім елде кеңінен талқыланып жатқан Ата заңның жаңа жобасы мемлекетіміздің дамудың даңғыл жолына түскенін, саяси жүйенің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін айқын көрсетеді. Бұл конституциялық реформа – саяси институттарды жаңғыртуға, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді одан әрі нығайтуға бағытталған кешенді өзгерістердің логикалық жалғасы.
Жаңа редакциядағы преамбула адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару тетіктерін заман талабына сай қайта қарауды көздеп отыр. Сонымен қатар ол билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік қағидаттарын нақтылай отырып, мемлекеттік басқарудың неғұрлым ашық әрі тиімді моделін қалыптастыруға негіз қалайды.
Осы тұрғыдан алғанда, бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу бастамасы басқару жүйесін айқынырақ әрі ықшам етуге, артық деңгейлерді қысқартып, институционалдық өзара іс-қимылды жеңілдетуге бағытталған. Заң шығару жауапкершілігі бірыңғай орталыққа шоғырланған жағдайда шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы артып, саяси жауапкершілік те нақтыланады. Мұндай жағдайда Президент Әкімшілігі, Парламент пен Үкімет арасындағы өзара әрекеттесу әлдеқайда жедел әрі нәтижелі болмақ. Әрине, бұл – белгілі бір тәуекелдерді қамтитын қадам. Алайда ол уақыт талабына сай, кәсіби әрі жауапты парламенттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды бетбұрыс.
Жаңа қызмет – Вице-президент лауазымының енгізілуі де биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін тетік. Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, ол өкілдік және үйлестіруші функцияларды атқарады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жүктемесін азайтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне сүйенсек, елдегі жаңа лауазым осыған сай келеді.
Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың орнықты тетіктерін қалыптастыруда «Қазақстан Халық кеңесін» құру туралы ұсыныс – қоғамдық диалогтің тұрақты форматын институционалдық деңгейде бекітуге бағытталған өзекті қадам. Жаңа институттың басты ерекшелігі – оған заң шығару бастамасы құқығының берілуі. Бұл Кеңес аясында әзірленген ұсыныстардың тек консультативтік деңгейде қалып қоймай, заңнамалық кеңістікте нақты қаралуына жол ашады. Нәтижесінде, қоғамдық және өңірлік сұраныстардың мемлекеттік шешімдерде тікелей, кеңінен көрініс табуына мүмкіндік туады.
Жалпы алғанда, бұлардың бәрі – өзекті өзгерістер. Осылайша біз қоғамдық диалогтің дамуына, мемлекетіміздің үздіксіз алға басуына жол ашамыз. Конституциялық комиссия мүшелері Ата заңның жаңа жобасына енгізілетін өзгерістерді жан-жақты саралап, сарапшылар мен қоғам тарапынан түскен ұсыныс-өтініштерді мұқият қарады. Бұл үдеріс әр азаматтың пікірін ескеруге негізделген ашық талқылаумен ерекшеленді. Сондықтан қоғам мен мемлекеттің өзара сеніміне сүйенген, әділетті әрі тұрақты даму жолын айқындайтын реформаларға бейжай қарамай, оларды саналы түрде қолдау – елдің болашағына жауапкершілікпен қарау деген сөз.
Геннадий ШИПОВСКИХ,
Сенат депутаты