А.Гриннің «Алқызыл желкен» повесін заманға лайықтап, жаңашыл кейіпкерлер әлемімен тоғыстырған драматург – Павел Морозов. Бүгінде пьеса шешен, балқар, қазақ, украин тілдеріне аударылған.
«Ассоль» – жүрегін қолына ұстап жүгіріп жүрген арманшыл бойжеткен туралы бір үзік сыр. Ассоль жүрген жерде дала ән салады, жал-жал теңіз толқындары қанатын сермей билей жөнеледі, айнала шуаққа бөленеді. Өзгелерге ұқсамайтындығы үшін-ақ жазықты болған жас қызды теңіз жағасындағы Каперн ауылындағылар жындыға балап, шетқақпайлап, қит етсе «бақыт сенің не теңің» деп күлетін еді. Күндердің бір күнінде теңіздің арғы бетінен алқызыл желкені желбіреп жеткен капитан Грэй сыпсың сөз жайлаған ауылдағы сол бір аруды іздеп келгенде, тұрғындардың көзі тас төбесіне шықты. Бақытсыздар ентелеген қоғамда бақытты болу мүмкін бе? Сүйіспеншіліктен жұрдай отбасында сүйкімді бала өсе ме? Спектакль міне осындай сұрақтарға жауап іздейді. Қойылым – романтикалық, лирикалық сипатымен және кейіпкерлер арасындағы қарама-қайшылыққа толы көріністермен ерекшеленеді.
Спектакль декорациясы бастан-аяқ өзгеріссіз қалып, оқиға өтетін орын ауысарда аз-маз бутафориялық детальдармен толықтырылады. Көрермен назарына ұсынылған лирикалық диалогтар мен музыкалық трактовкасы қойылымнан алатын эстетикалық жағымды әсерді еселей түскендей. Ұтымды мизансценалар кеш бойы үш-ақ орындық пен жарық құралдарының көмегі арқылы әсерлі әрі көрнекі жасалған.
«Мұндай тәжірибелік спектакль Қазақстанда алғаш рет болып отыр. Театр ұжымымен бірлесіп жұмыс істеу қиынға соққан жоқ. Бұған дейін мұндай тәжірибелік қойылымдарды Ресейде 3-4 күнде жасап шыққанбыз», дейді режиссер С. Потапов.
Бас партия Ассольді Мария Бандышева сомдаса, Ассольдің әкесі Лонгрен рөлін талантты актер Денис Анников алып шықты. Сиқыршы Эгль рөлінде Иван Анопченко, жас капитан Грейдің рөлінде Данила Хомко ойнады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»