Ғаламның рухы мықты жұрттары түрлі өркениеттердің сүзгісінен өтіп, тарихи трансформацияға түскенімен түбінде өзінің ұлттық болмысы түзілген кезеңге қайтып оралады. Біз кітапқа енген шежірелер арқылы халықтар мен қауымдардың басынан кешкен сол тағдырлы сәттеріне куәміз. Мысал іздегенге жебірей қауымының ұлт ретінде қалыптасуын Иерусалимнің мыңжылдықтар ширегінде қан мен терге малшынған топырағынан іздеуін немесе шотландтардың өз күретамырын ағылшындардың аяғы тигенге дейін асқақтап көрінген, бергі ғасырларда тарихпен бірге шөккен тауларынан табуға тырысатындығын айтсақ жеткілікті бола ма? Оның жанында біздің іргеміз ауылдан ажыраған жоқ қой...
Жалпы, ауыл дегенде ең алдымен ойымызға не келеді өзі?
Алдымен, қаймағы бұзылмаған қазақы орта! Демек, біз үшін қазақ ауылы дәстүрлі құндылықтардың қайнар көзі. Кез келген халықтың, оның ішінде қазақ сияқты дамушы ұлттың тарихында дәстүрлі құндылықтардың алатын орны ерекше. Ауыл – халқымыздың генефондын сақтаушы ғана емес, ұлттық мәдениеттің, тілдің, діннің, тәрбиенің өзегі!
Біздің тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан енді асты. Ширек ғасырлық тарихымыз Қазақ ұлтына өркениетті әлемнің толыққанды мүшесі болу құқығын береді. Бірақ, біз бұл белеске шығу үшін бұралаңы басымдау жолдарды жүріп өттік. Нарық қатынастарына өту кезеңі мен еңсе түзеуге кеткен сындарлы жылдарда ауыл ұғымы екінші орынға түсіп кеткені белгілі. Демек, біз мемлекеттіліктің бастауында таңдаған басты бағыттарымызды жүзеге асыра бастаған кезеңде ауылға қамқор болуды естен шығарып ала жаздадық. Әсіресе, ауыл адамдарының рухани сұранысын қанағаттандыру ісінде олқы тұстарымыз баршылық.
Жасырып-жабатын түгі жоқ, бізді қазақ ұлтының білімге, кітап оқуға ынтасының төмендігі қатты алаңдатады. Деректерге жүгінсек, әлемде кітап оқу жөнінен бірінші орында – ағылшындар, екінші орында – немістер, үшінші орында – америкалықтар, төртінші орында жапондар тұр екен. Өкініштісі, біз, қазақтар кітапты ең аз оқитын халықтар санатында екенбіз. Ежелден рухани азық болып келген әдеби кітаптың өзін қолына алмайтын қазақтардың үлесі 43 пайызға жеткен.
Бұған не себеп? Құштарлық төмендеді ме, әлде техногендік прогресс ұлттық мінезді жеңіп үлгерді ме? Әлде, жағдай жоқ па? Мүмкін, жүзеге асып жатқан жұмыстардың негізгі салмағы тек қана экономикалық секторға, анығында өнім өндіруге қажетті жағдай жасауға ауып, мәдени-рухани дамуымызға көңіл бөлінбей отырған болар?
Елге, әсіресе, ауылдық өңірге шағын зауыттар, қызмет көрсетудің басқа да нысандары көптеп керек, бірақ, мәдениет ошақтары, оның ішінде кітапхана сияқты руханият ордалары екібастан қажет емес пе?..
Ауадай қажет! Өйткені, Қазақстандағы 7190 ауылдың тең жарымында, дәлірегінде 3106 елді мекенде кітапхана атымен жоқ екен...
Өкінішке қарай, қазіргі қазақ ауылдарындағы проблеманың негізгісі бұл емес. Ауылдың рухани өсуіне әлеуметтік сипаттағы факторлар да әсер ететіні анық. Ал еліміздегі ауылдық жерлерге тән бірегей мәселелердің басты мысалы ретінде ауыз сумен қамту және қатынас жолдарының жайын айтсақ та жеткілікті. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердің 74 пайызы ғана ауыз сумен қамтылғаны жайлы қышқылдау деректер бар. Ал жергілікті жердегі 23 пайыз көлік жолы күрделі жөндеуді қажет етеді екен...
Ал бұл ащы мысалдарды неге айттық?
Біздің билікке ауылдық аймақтардың мүддесін көздейтін жаңа аграрлық саясатты ту етіп көтеретін уақыт жетті деп ойлаймыз. Осы бастама аясында ауылдардың, ауыл адамдарының мәдени-рухани тұрғыдан дамуына жол ашатын мемлекеттік бағдарламаларды да көптеп қабылдаудың кезеңі келді.
Әлде өткізіп алдық па?..
Қалмаханбет Мұқаметқали,
«Егемен Қазақстан»